ТӨРТ ТҮЛІК – КӘСІП КӨЗІ

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1157
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде заманауи технология негізінде мол өнім өндіруге бағытталған шағын шаруа қожалықтары жұмыс істеуде. Солардың қатарында Жаңа Шамалған ауылдық округіндегі «Рахимов» шаруа қожалығын атауға болады.

Өз кәсібін шағын кәсіпкерліктен бастаған Айдар Рахимов атакәсіппен айналысқанға дейін түрлі салада бағын сынаған. Тіпті ауылдағы теміржол түкпірін (тупик) алып, көмірмен қамтамасыз етуге ден қойған. Ойлы-қыратты 36 гектар алқапты жекешелендіріп, жұмысын бастаған. Бұл жөнінде шаруашылық иесі: «Жердің барлығы төбе-төбе шағылдар болды. Төбелерді тегістеп, құрылысты сол жерде жүргіздік. Адамның өзінде ниет болса, атқарылмайтын жұмыс жоқ. Бүгіндері қожалығымызда түйеден басқа түліктердің бәрін өсірудеміз»,– дейді. 
Қораның жел жағы мен төбесі сапалы материалдармен жабылған. Бұл Түркия мемлекетінің тәжірибесіне негізделіп салынған. Асты кебу әрі таза табиғат аясында тұрған мал төзімді болады. Сапалы мал азығының арқасында қыстан қоңды шыққан саулықтардың төлі  өлім-жітімге бой бермейді. Қозылардың бірен-сараңы болмаса түгелімен қатарға қосылуда.
Қожалық иесі әуелі «меринос» тұқымды қойын өсіріп көрген.  Жүні бағалы болғанымен көп күтімді қажет ететіндіктен бас тартып, толық қазақы қойға басымдық берілген. Күз айларында екі мыңға жуық қойды қасаптаған олар қазір мың бас саулықты төлдетуде. Сондай-ақ, олар ірі қараның «Әулиекөл» етті тұқымын өсірумен айналысады. Қожалықта 250 бас ірі қара бағылуда. Ал 50 бас жылқы өз қажеттіліктері үшін өсіріледі. Осы түліктердің бәрін жемшөппен қамтамасыз ету үшін 60 гектар жерге арпа сеуіп, 170 гектар алқапқа жоңышқа өсірілуде.
Айдар ата қожалық жерінен ағып жатқан шағын бұлаққа тоспа жасап, балық өсіруді жолға қойған. Әзірге сатылымға шығаруға келе қоймаса да өздері тұтынуға жетіп жатыр. Көктем шыға Шамалғандағы инкубатордан 3-5 мыңға жуық балапан сатып алып, күзге қарай Алматының дүкендеріне үйрек етін тапсыру да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Алты гектар алқапқа тігілген алма бағы алғашқы өнімдерін бере бастапты. 
Үш «Беларус» тракторы, екі комбайн, ауыр жүктерді тасымалдайтын «МАН», «КамАЗ», «ГАЗ-53», «Урал» автокөліктері малды жайлауға шығару кезінде және шаруаларды атқаруға септігін тигізуде. 
Шаруа қожайыны сөзін:
– Айналамда бос жатқан жер жетерлік. Бәрінің иелері болғанымен игерілмей жатыр. Жерімді кеңейтуге мүмкіндік туып жатса, түлік түрін де, мал басын да еселеп арттыруды жоспарлаудамын, – деп түйді. 
Он екі адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықта бақташылардың айлығы 65-70 мың болса, меңгерушінің еңбекақысы 120 мың теңгені құрайды. Жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Жұмыстан бос уақыттарында теледидар көріп, тынығуға мүмкіндіктері бар. Сондықтан болар, мұнда мамандар тапшылығы мүлде сезілмейді. Керісінше, жұмысқа орналасқысы келетіндер көп.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы