КӨПБАЛАЛЫ АНА ЖЫЛЫЖАЙ АШТЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1601
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көпбалалы ана Сарқан ауданының Бірлік ауылында жылыжай ашты. Ол «Бастау» жобасы бойынша оқудан өтіп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Жас кәсіпкер Ділдана Бөкей ашқан заманауи жылыжайдың аумағы – 500 шаршы метр. Бұл аудандағы ең ірі кәсіпкерлік нысанның бірі саналады. Аталған кешенде жыл бойы қызанақ, қияр сияқты көкөніс түрлері өсіріледі.

– Жылыжай құрылысын қыс айында бастадық. Жылу мен тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Мұнда көкөністердің ерте пісетін сұрыптары егілді. Алғашқы өнімді сәуір айының соңына қарай аламыз деп күтіп отырмыз. Отбамысыз үлкен. Жұбайыммен бес бала тәрбиелеудеміз. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 2,9 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, істі бастадық, – дейді Ділдана Бөкей.

Іскер әйел жылыжай салуды бұрыннан ойлапты. Бизнес-жобаны іске асыру мақсатында «Бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша сабаққа жазылып, қыр-сырын үйренген. Жылыжайда жылына үш мыңға жуық көкөніс өсіріп, аудан нарығына шығару жоспарда бар. Айта кетейік, өткен жылы «Бастау» жобасы барлық ауданда өтіп, 3361 азамат оқуға қатысты. Оның ішінде 916 бизнес-жоба 2,5 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сарқан ауданы