ЖҰМЫСШЫЛАРЫНА ҮЙ БЕРЕТІН ҚОЖАЛЫҚ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1223
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көктем шығысымен барлық аймақта қызу жұмыс басталып, шаруа қожалықтары егіс науқанына кірісті. Солардың қатарында 24 адамды жұмыспен қамтып отырған «Абдрахимова» шаруа қожалығы бар. Қожалық негізін Мират пен Рафаэль Абдрахимовтар 1994 жылы қалаған.

Биылғы жоспарға сәйкес 1530 гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар егіліп, алынған өнім елімізден бөлек шетелге де экспортталады. Қожалық тек егінжаймен ғана емес, атакәсіпті де нәсіп еткен. Бұл жөнінде Фархат Миратұлы: 
– 124 бастың 32-сі етті бағыттағы ангус ірі қара мал тұқымынан. Уақыт өте келе барлығын осы тұқымға алмастыру жоспарда бар. Бұдан бөлек, 600 гектар жайылымға арналған жеріміз бар, – деді. 
Үш жылдан бері жұмыс істеп жүрген Ержан Жүнісов есімді малшымен тілдескенімізде шаруа қожалығынан көп көмек алып жатқанын айтты. Ол: 
– Ұдайы азық-түлік беріп тұрады,  қысты күні көмір-отынмен қамтамасыз етеді. Айлығымды уақытылы аламын. Жыл сайын соғым береді. Осы жұмысым өзіме ұнайды, – деп ризашылығын білдірді. 
Шаруашылық жаңа техникаға мемлекет тарапынан субсидия алған. Жалпы соманың 25 па- йызын үкімет төлейді. Меншігінде жеті трактор, үш комбайн, үш «КамАЗ» бар. Жүргізушілері арнайы оқыту курсынан өтіп, жаңа техниканың қыр-сырын жетік меңгерді. Жұмысшылардың айлық жалақысы орта есеппен – 120 мың теңге. Одан бөлек, баспанамен де қамтамасыз етеді. Он жылдан астам жұмыс істесе, берілген үй жекеменшігіне аударылады. 
Алдағы уақытта мал басын асылдандырудың толайым табысқа жеткізері сөзсіз. Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау барда тұрғындардың да қарап қалмасы анық.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Сарқан ауданы