ҚОЙ ҚОЗЫДАН ӨСЕДІ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 2218
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мал қыстату мен қой төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген жаркенттік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі мал төлдету науқанына барлық түлік түрі қоңды келді. Осындай алдын-ала жасалған тыңғылықты дайындықтардың нәтижесінде қой төлдету науқаны қалыпты жағдайда жүргізілуде.

Бұған біз Көктал ауылдық округіндегі қой отарларын аралап көргенде көз жеткіздік. Округтегі Ұлан Сарыпбеков жетекшілік ететін «Айгерім» ЖШҚ 800, Нұртай Жұмақов 500 саулығын шығынсыз төлдетіп, қозы өргізіпті. Кеңес кезеңінде асыл тұқымды қой өсірген көкталдық шаруалар мал тұқымын асылдандыруға да ерекше ден қойып, жыл өткен сайын түлік сапасын жоғарылатып келеді.
– Осыдан біраз жыл бұрын өңірдегі қой тұқымы шөжіп, жүн салмағы төмендеп, туған қозылары әлжуаз кейіпке ене бастаған еді. Соңғы бірнеше жылдан бері ғалымдардың шаруалармен бірге жұмыс істеуі нәтижесінде Шопаната түлігінің тұқымдық сапасы жоғарылады, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас мал маманы Ермек Қонақбаев. 
Соңғы кезде «Жетісу» аймақтық қой шаруашылығы қауымдастығы шетелдерден асыл тұқымды қошқарлар әкеліп, облыстағы қой тұқымын асылдандыруға көп көмек жасап келеді. Өткен жылы өңіріміздегі бірқатар қой өсіретін қожалықтар қауымдастықтың жанды көмегін пайдаланды. Қауымдастық науқан кезінде техник ұрықтандырушыларын өздері дайындап, ұрықтандыру пункттерін де жабдықтап берді. Нәтижесі жақсы, биыл қозылар ірі туылуда. 
Биыл қой шаруашылығына Үкімет те ерекше назар аударып, үстіміздегі жылы әр килограмм биязы жүнге 150 теңгеден қолдау қаражат бермекші. Бұл да қой өсірушілерге үлкен көмек болмақ.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы