Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙТІН ДҮКЕНШІ

Уақыты: 30.04.2019
Оқылды: 656

Кейіпкерімізді Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы үлкен ашық базардың жанындағы шағын жеке дүкенінен жолықтырдық. Мейірімі жүзінен көрініп тұрған жан әр келген тұтынушылармен жылы сөйлесіп, екі тілде кезек-кезек жауап қатып тұрды.

Осыған дейін есім-сойын сырттай естіп, еңбегіне қанық болғанбыз. Тұтынушылардың басым көпшілігі «Алена» деп танитын жанның шын есімі – Альфия Амангелдіқызы. Ол 1969 жылы дүниеге келген. Әкесі – қазақ, анасы татар ұлтынан. Инженерлік-техникалық техникумды тәмамдаған. Бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Бизнеспен айналысқанына жиырма жылға жуық уақыт болыпты.

– Өлшеулі өмірде бәрімен сыйласып өткім келеді. Адамдардың достыққа деген сезімін жоғары бағалаймын. Жарым Алексей Цой екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Тұңғышымыз Айна Балтабекова Семейдегі медицина университетінде оқиды, екіншісі Александр Цой Талдықорғанда, «Жетісу» телеарнасында жұмыс істейді. Оларға да үнемі адалдық турасында, өмірге құштарлық, жақсы адам жөнінде айтып отырамын. Жақсылыққа жаны құмар жанның жүзі жылы, келбеті көрікті, – дейді кейіпкеріміз.

Жары Алексей де жеке кәсіптің құлағын ұстаған азамат. Ауылшаруашылығымен айналысады. Тұтынушы Әлия Қабдешқызы: "Маңайдағы адамдардың бәрімен дос. Көп ішінен ерекшеленіп тұратын жан", – деп баға берді.

Бүгінгі әңгімемізге өзек болған отбасы нағыз бірліктің бейнесіндей. Жеке басқа емес, бір ұлтқа қызмет істеп келеді.

Серік ҚАНТАЕВ

Ескелді ауданы