Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚЫТАЙ НАРЫҒЫНА НАН ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 605

Көкталдық Ербосын Жолтықов – Жаркент өңіріндегі өз өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкердің бірі. Ол бүгінде түрік пештері орнатылған, неміс технологиясымен жұмыс істейтін наубайхана ашып, тәулігіне 5 тоннадан астам ұннан 20-ға жуық нан өнімдерін пісіріп, Жаркент өңірімен қатар көршілес Ұйғыр, Кербұлақ аудандарының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етіп келеді.

«Жолтықов»  кәсіпорны өндірген сапалы нан өнімдеріне тұтынушылар сұранысы күн өткен сайын артуда. Соңғы екі жылдан бері «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы арқылы отандық өнімдерін Қытай нарығына шығарады. Кәсіпорында еңбек ететін 50-ден астам еңбеккер жұмысына жауапкершілікпен қарап, өндірген өнімнің сапасын жоғарылататын технологияларды жетік меңгеруде. Жұмысшылар барлық технологиялық талапты сақтай отырып, өнім сапасын түсіретін әрекеттерге жол бермейді. Әсіресе, кәсіпорынның бас технологі Жанар Кәріпжанованың біліктілігі, талапшылдығы, тұтынушылар алдындағы беделі өте жоғары.

Наубайхана өз жұмысын 2007 жылдан бері бастағанымен, кәсіпорын жетекшісі Ербосын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауылдасы Аблиз Суфияновпен бірігіп, жеке кәсіпкерлікті қолға алған болатын. Алдымен Көкталда, көршілес Кербұлақ ауданының Шоқан ауылында диірмен салып, жергілікті халықты ұнмен қамтамасыз етіп келді. Уақыт өте Көкталдағы диірменнің жанынан алдымен шағын наубайхана салып, алғашқыда күнделікті тұтынатын кәдімгі бөлке мен тоқаш нан пісіріп сатуды қолға алды. Жанына інісі Қазыбек пен қарындасы Әселді, жоғары білімді технолог мамандығын меңгерген қызы Мәдинаны алып, наубайхана өнімдерінің түрін көбейтті. Соған сай сұраныс та артты.

Осыдан кейін кәсіпкер өндірісін өрлету үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша 40 миллион теңге несие алып, төрт түрік пеші мен қамыр илейтін, дайын өнімді целлофан пакетпен орап тігетін қондырғылар сатып алды. Жан-жаққа дайын нан өнімдерін тасымалдап, дүкендерге тарататын автокөліктердің санын көбейтті.

– Түрлі дәмдеуіштермен байытылып, иі қандырылған, дайын күлшеленген қамырды арнайы қондырғыда белгілі уақытта тындырып, содан кейін ғана пешке пісіруге қояамыз. Піскен нанды арнаулы орында суытып, кептіргеннен кейін ғана автокөліктерге тиеп, дүкен сөрелеріне жөнелтеміз. Өз ісін жетік меңгерген Гүлнар Жанғазиева, Мақпал Қасымқұлова, Индира Білдебекова, Татьяна Суворова, Гүлнар Мұстапаева, Жасұлан Құрманов сияқты нан илеп, пісірушілердің жауапкершілігі мен шеберліктерінде мін жоқ. Осындай мақтаулы еңбеккерлеріміздің қатарына пеш шебері Бақыт Қисықовты, нан өнімдерін тасымалдаушылар Әсел Жолтықова, Жандос Тойлыбаев, Халмұрат Имаров, Тайыржан Исмайылов, Ербол Нұрпейісов, Нұрболат Бердібаев пен технолог Мәдина Тұрғанды да қосқанымыз жөн, – дейді наубайхананың бас технологі Жанар Кәріпжанова.

Кәсіпорын жетекшісі Ербосын Жолтықовтың жоспарлаған мақсаты да аз емес. Сәтін салса өз өнімдерін көршілес мемлекеттің Құлжа, Үрімжі қалаларына дейін тарату жоспары бар. Кәсіпорнын кеңітіп, жанынан кондитерлік цех жасақтап, іске қосу, жеміс-жидегі мол өңірде табиғи сусындар шығару жұмыстарын жобалап қойған. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, іздене жүріп бизнестен өз жолын тапқан, отандық өндірісті өрістетуге атсалысып жүрген азаматқа ел риза.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы