ТӨРТ ТІГІНШІ 1000-НАН АСА ТАПСЫРЫС ОРЫНДАДЫ

Уақыты: 21.05.2019
Оқылды: 2062
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Зібила Рахымжан киім-кешек тігетін цех ашты. Нысанда төрт адам жұмыс істейді. Онда түрлі мерекелік костюмдер, мамандандырылған және ұлттық киімдер де тігіледі.

Кәсіпкердің жеке тігінхана ашуына мемлекеттік қолдау себеп болды. Зібила ханым «Бастау» оқыту жобасы арқылы бизнес жүргізуге машықтанып, 6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

«Бұл сомаға автоматтандырылған станок пен бірнеше тігін машинкаларын, маталарды сатып алдым. Кішігірім орынды жалға алып отырмыз. Қазіргі таңда тұрақты клиенттеріміз бар. Жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар тарапынан ірі тапсырыстар түсе бастады», - дейді кәсіпкер.

Зібиланың цехы бір жылдан аса жұмыс істеп тұрғанына қарамастан аз уақыт ішінде танымал атанды. Бүгінде ел аузындағы цехтың директоры осының барлығы сапалы орындалған жұмыс пен бірегей бағаға байланысты екенін айтады.

Цех ашылғаннан бері жұмысшылар 1000 астам тапсырысты орындап үлгерген. Бұл 16 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы үшін айтулы көрсеткіш.

Зібила Рахымжан осыған дейін медбике болып жұмыс істеген. Тігіншілік өнеріне кішкентайынан қолөнерші анасы баулыған. Бүгінгі жетістіктеріне қарамастан, кәсіпкердің мақсат-жоспары көп. Ендігі таңда ол жергілікті жұмыссыз әйелдерді тігу ісіне үйретіп, кейін цех қызметіне орналастыруды ойлап отыр.

«Біздегі жұмыстың көлемі үлғайып келеді. Осыған байланысты өндірісті кеңейтіп, жұмысқа тағы да 20 адамды қабылдағым келеді. Тағы бір арманым - аяқ киім цехын ашу. Көпшілік арасында отандық өндірушілердің аяқ киімін сатып алуға сұранысы жоғары», - деп атап өтті Зібила Рахымжан.

Өткен жылы Ескелді ауданында «Бастау» жобасы бойынша 162 жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азамат оқып шықты. Олардың ішінде 47 азамат жеңілдетілген несиеге және 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ескелді ауданы