ЖУРНАЛИСТЕР КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 27.05.2019
Оқылды: 1682
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Еңбекшіқазақ, Тал­ғар аудандарындағы ауылшаруашылы­ғы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарына баспасөз турын ұйым­дастырды. Шараға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев қатысты.

"Басты бағыттардың бірі – мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Осы мақ­сатта мал шаруашылығы­мен айналысатын фермер­лер атқаратын пирамида қалыптасуда. Пирамида­ның жоғары жағы – ет ком­бинаттары, өйткені оларда экспортқа шығару мүмкін­дігі мен тиісті технология­лар бар, – деген басқарма төрағасы фермерлік сала кеңейіп, ұлғайғанда дітте­ген нәтижеге қол жеткізе­тіндіктерін тілге тиек етті. – Жергілікті бағдарламаның толыққанды жүзеге асуы үшін 10 жыл ішінде 1 млн. бас мал экспорттауымыз қажет, бұл бізге ірі қара мал санын 5 млн.-ға арттыру қа­жеттігін көрсетеді. Әрине, бұл Қазақстан экономика­сына жаңа деңгейге көтері­луге мүмкіндік береді".

Мал шаруашылығы ғана емес, сонымен қа­тар, балық және өсімдік шаруашылығындағы экс­порттық өнім пайызының артуы аграрлық сектордың дамуын бірнеше есеге арт­тыра түседі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс­тар барысын байқау мақ­сатымен баспасөз турына қатысушылар мен «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ басшылығы облыстағы экспортқа жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорынды ара­лады.

Алғаш боп ат басын бұрған Еңбекшіқазақ ауда­нына қарасты сыйымды­лығы 1000 тоннаға жететін жеміс сақтау қоймасының құрылысы аяқталған. «Но­кина» ШҚ жеміс сақтау­ға арналған қойма салып, «Талғар» несие серіктестігі арқылы Аграрлық несие корпорациясының 262 млн. теңге қаражаты есебінен тоңазытқыш құрылғыла­рын орнатқан. Аталған ша­руа қожалығының негізгі қызметі – бағбаншылық, сондай-ақ, олар табиғи алма шырынын өндірумен айналысады. Шаруа қожалы­ғында 20, 40 гектар аумақта алманың «Голден Делишес» және «Старкримсон» сұ­рыптары өсіріледі, оның 15,4 гектар аумағын там­шылатып суару жүйесі және торлы жүйе қолданылатын экстенсивті бақтар және 5 гектар аумағын интенсивті бақтар алып жатыр. Бүгінгі таңда компания шырындары мен алмалары Ресей және жақын шет мемлекеттерге экспортталады. Алдағы уа­қытта Қытай нарығына шы­ғару көзделген.

Ал Қасымбек ауылын­дағы ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға таяу. «EmpireFood» ЖШС Аг­рарлық несие корпора­циясының қаражатына ет өңдеу кешеніне қажетті жабдықтар сатып алған. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Оның 1,3 млрд. теңгесі жабдықтарға, құрылыс-монтаж жұмыстарына 0,7 млрд. теңге, айналым қар­жысына 430 млн. теңге жұмсалады. Бір ауысымда ет өңдеу кешенінің өндіріс­тік қуаты 1120 басты құра­мақ. Осы күні өз жұмысын бастап кеткен кәсіпорын жыл соңына дейін толық қуатта жұмыс істеуді жос­парлауда. Аталған ет өңдеу кешені осы өңірдегі ауыл­шаруашылығы саласында­ғы перспективті компания­лардың бірі. Ол өңірлік және халықаралық деңгей­де өткізу нарығын кеңейту­ге, негізгі тұтынушыларға сатылым көлемін ұлғайту­ға, сондай-ақ, жақын ше­телдердің нарықтарына шығатын дистрибьютор­ларды тартуды көздейді.

– Шаруашылық мұндай кәсіпорындардың көмегін­сіз өз бетінше экспортқа шыға алмайды. Бұл, бірін­шіден, өсірген малды көңіл­ге қонымды бағамен сатуға жақсы мүмкіндік берсе, екіншіден, өнім өткізу тұ­рақтылығын береді. Нәти­жесінде фермер шаруашы­лығын одан әрі алаңсыз дамыта береді. Өйткені, өз өнімін сенімділікпен сату мүмкіндігі бар, – деді бас­қарма төрағасы.

Мал шаруашылығы­нан басқа елімізде балық өндірісі де дамып келеді. Соның бірі «Теплоинвест» ЖШС Аграрлық несие кор­порациясының қаражатына балық зауытына қажетті жабдықтар алып, ғимарат­қа жөндеу жұмысын жүр­гізген. Жобаның жалпы құны 487 млн. теңге. Балық зауытында филе дайында­лады, жаңа мұздатылған және кептірілген, жалпы көлемі 1500 тоннаға жуық балық өңделеді. Жаңа ба­лық өңдеу зауыты өз өнім­дерін ел аумағымен қатар ТМД және Қытай нарығы­на жөнелтеді.

Өткен жылы экспортқа 297 тонна, ішкі нарыққа 91 тонна өнім өн­дірген. Жоғарыда аталған үш жобаның инвестиция­лық бөлімі «Агроэкспорт» несие бағдарламасы шең­берінде 8 пайыздық сыйа­қы мөлшерлемесі бойынша қаржыландырылады. Аг­робизнес бағдарламасы ая­сында айналым капиталы жылдық сыйақы мөлшер­лемесі бойынша 16 пайыз­дық мөлшерлемені субси­диялауды ескере отырғанда жылына 11 пайызды құрай­ды.

«Аграрлық несие корпо­рациясы» АҚ басшылығы қаржылай көмектің тиім­ді жүзеге асырылуына көз жеткізу үшін барған үш кә­сіпорынның одан әрі даму перспективалары туралы әңгіме өрбіді. Өз тарапынан кәсіпорындар басшылығы қол жеткізген жетістіктері туралы мақтанышпен баян­дап, бұл орайда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на жобаларды қолдап, қар­жылай көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары