Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТҮРГЕН ШАТҚАЛЫНДА ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТЕДІ

Уақыты: 20.06.2019
Оқылды: 266

Еңбекшіқазақ ауданында ауыл әйелдерінің бірінші өңірлік форумы өтеді. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, сондай-ақ, олардың экономикалық әлеуетін дамыту.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері, облыс әкімдігі және Отбасы бизнесі қауымдастықтарының өкілдері форум спикерлері болады.

Форумның ұйымдастырушылары – облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі. Шараға шаруа қожалықтарының басшылары мен шағын және орта бизнес жетекшілері, әлеуметтік мекемелер, ауыл мектептері мен колледждердің директорлары, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, агроөнеркәсіп кешенінің көшбасшылары және белсенді жастар қатысады. Қазіргі таңда халықтың 80 пайызы ауылда тұрады. Кәсіпкерлердің шамамен 42 пайызы әйелдер. 

Іс-шараны ұйымдастырушылар ауыл тұрғындары халықаралық ұйымдар, даму институттары, әлеуметтік инвесторлармен бірге В2В форматында келіссөздер, оқу семинарларында кездесе алатын алаңдарды құруға ниетті. Талқылау мен пікір алмасудың негізгі тақырыптары: ауыл әйелдерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, шағын және орта бизнес қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдары, бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, ауылда бизнес-бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін халықаралық ұйымдардың гранттық бағдарламалары болады. Осы күндері Азия даму банктің қолдауы шеңберінде «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастыруымен «Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» шеберлік сабағы өтеді. 

Қатысушыларды бизнес негіздері және қаржыландыруға қолжетімділік: бастапқы капиталды қайдан табуға болады, банктен грант немесе несиені қалай алуға болады? Жеке кәсіпті дамытып, өткізу нарықтарын жолға қоюға болатыны жайында пайдалы тренингтер күтеді. Қатысушылар бизнес-жоспар құру, әлеуетті клиенттер табу, жарнама құру және бизнесті интернет арқылы алға жылжыту дағдыларын үйренеді.

Форум Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген шатқалы, «Stetson Rancho» қонақүй-мейрамхана кешенінің 22-учаскесінде өтеді. Семинарға өңірлік кәсіпкерлер палатасы zhetysu@atameken.kz арқылы жазылуға болады. Естеріңізге салсақ, Азия даму банктің қолдауы шеңберінде «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастыруымен тегін оқу семинарлары елдің 15 өңірінде өтпек.

Курс бағдарламасына екінші деңгейлі банктер және микро қаржы ұйымдары – Азия даму институты, «Даму» бағдарламасына қатысушыларының таныстырылымдары енген. Сонымен бірге, қаржылық есептілікті қалыптастыру және жүргізу, бизнес бастауға қажет заңгерлік мәселелерді түсіну, қолжетімді несиелерді алуға құжаттарды дұрыс жинақтау және ұсыну жолдарына басымдық беріледі. Семинарларға жұмыс істеп жүрген және ауыл-аймақта тіркелген кәсіпкер әйелдер, сонымен бірге, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан өткен, түрлі себеппен қаржыландыру алмаған жеке тұлғалар (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) қатыса алады.

Диас БЕЙСЕНБЕК,

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы

Сурет ғаламтордан алынды