БРЕНДКЕ ЛАЙЫҚ БҰЙЫМ

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 1149
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ұзынағаш ауылында кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша жиын өтті.  Онда аталған салада былтырғы жылы атқарылған жұмыстар сараланып, алда тұрған өрелі міндеттер белгіленді. 

Шараға облыстағы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов пен осы палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Әділет Сұлтанбек келді. Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, аудан кәсіпкерлері, іскер әйелдер мен шаруа қожалықтары және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Келушілер назарына киім-кешектер, қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. 
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бекзат Бөшеннің баяндамасында саланы дамыту, аудан кәсіпкерлері өндірген сан түрлі тауарлар сөз болды. Әдемі және сапалы өнім шығаруды қолға алған іскер жандардың жұмысына қаныққан аудан әкімі Бағдат Әлиев: «Біз бүгін тек ауылшаруашылығын ғана дамытып қоймай, ауданда, сонымен қатар, өнеркәсіп саласында да бірқатар жетістікке жетіп, тың ізденістерге ұмтылған азаматтардың еңбегінің куәсі болдық. Оны мына көрмеге қойылған, Ұзынағашта шыққан аяқкиімдер мен киімдердің, қолөнер бұйымдарының үлгілерінен анық байқадық. Көрдік те шын қуандық. Себебі, бұл тауарлар шетелдің бренд киімдерінен еш кем түспейді. Бәрі таза былғарыдан жасалған. Бағасы да қолжетімді. Алдағы уақытта бұл азаматтар осынау табысты істі мейлінше дамытып, дүкен ашса нұр үстіне нұр. Біз өз тарапымыздан сіздерге әрдайым қол ұшын созуға дайынбыз», – деп ризашылығын білдіріп, жеке кәсіп ашып, еліміздің өркендеуіне үлес қосамын деген кез келген ынталы тұлғаға есігі әрдайым ашық екенін жеткізді. 
«Жартас-СН» ЖШС директоры Марат Мырзағалиұлы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтты. Ауданның іскер әйелдер ұйымының төрайымы Меруерт Молдашева бүгінгі таңда кәсіпкер әйелдердің саны күн санап арта түскенін, олардың да ел дамуына өзіндік үлес қосып отырғанын тілге тиек етті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп жатқанын, жаңадан кәсіп бастаймын дегендерге немесе кәсібін кеңейткісі келгендерге мемлекет тарапынан қаржылық сауаттылығын арттыратын «Бастау-бизнес» сияқты оқытулар қарастырылғанын жеткізді. 
– Осындай оқулардан өткендерге өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен несиелер беріледі. Ол бойынша кейбір азаматтар қаржылай көмек ала алмаса, бізде одан басқа да бағдарламалар арқылы қолдау бар», – дей келе бірнеше бағдарламаны атады. 
Жиында кәсіпкерлер кеңесіне мүшелікке өту мәселесі де қаралды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы