НЕТКЕН БАЛАЖАН: КӘСІПКЕР ҮШ ОЙЫН АЛАҢЫН АШТЫ

Уақыты: 26.06.2019
Оқылды: 1503
Бөлім: ОН САУСАҚ

«ВТК-group» компаниясының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Тоқан Ботабеков меценаттық негізде үш ауылдағы үш ауланы абаттандырды. Мұндай жайдарман жаңалыққа Байсерке, Төле би және М.Түймебаев елдімекенінің тұрғындары риза болды. Әсіресе, жаңа тұрпатта жасалған ойнайтын алаңдарды көргенде бүлдіршіндердің қуанышында шек болған жоқ. Олар әткеншекте ары-бері ырғалып, алтыбақанда тербеліп, сырғанақпен төмен қарай зулап, темір кермеге тартылып мәре-сәре.

«ВТК-group» компаниясының тыныс-тіршілігі Іле ауданы өңіріне ғана емес, бүкіл Жетісу жұртшылығына кеңінен таныс. Оны заманауи зауыт дейтіні сондықтан. Мұндағы кірпіштер бүгінгі озық технологиямен шығарылып жатыр. Қалыбы да, құрамы да бөлек. Сондықтан сұраныстар көп.

Жүзден аса адамды жұмыспен қамтыған компания ізденістерін тынымсыз жалғастыруда. Санға да, сапаға да ерекше көңіл бөледі. Тұтынушылардың талап-тілектеріне сай өнім өндіруді басты мақсат санайды. Күн сайын өркендеп, қанатын кеңге жайғаны соның дәлелі. Мұнда соңғы үлгілермен жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Техникалық қауіпсіздік ережелері ұдайы назарда. Бір сөзбен айтқанда, өндіріске қажетті мүмкіндіктердің бәрі ескерілген. Еңбеккерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына жіті көңіл бөлінеді.

Ең бастысы, «ВТК-group» компаниясы қашан да жұртшылықтың ортасында. Аудандағы игі шараларға белсене қатысады. Олардың қолтаңбасын Іле өңірінің барлық тұсынан байқауға болады. Мәселен, Өтеген батыр кентіне атақты баһадүрге арнап ескерткіш орнатқанда, компания оған өзінің айтулы үлесін қосты. Ауданның 90 жылдық мерейтойы үшін де аянған жоқ. Жергілікті деңгейдегі бірқатар бағдарламаларды қаржыландырды. Көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік көмекке зәру шаңырақтарға, ардагерлер мен қарияларға қол ұшын беруді бұлжымас заңдылыққа айналдырған. Табыстарының бір бөлігін меценаттыққа арнауды ешқашан ұмытпайды.

«Рухани жаңғыруды» дамыту мақсатында «Туған жер» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Тоқан Ботабеков одан да шет қалған жоқ. Аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың кәсіпкерлермен болған әңгімесін қуана қолдады. Жоғарыда айтылған үш ауылға – Байсеркеге, Төле биге, М.Түймебаевқа арнайы атбасын бұрып, балалар ойнайтын алаңқайлар үшін ыңғайлы орындарды таңдады. Содан кейін тездетіп іске кірісті. Міндеттеріне алған бұл жұмыстарды аз уақыттың ішінде ойдағыдай бітіріп, пайдалануға берді.

– Міне, Тоқан Көкенұлы секілді кәсіпкерлеріміздің арқасында ауылымызға қаладағы сияқты балалар ойнайтын сәнді де ыңғайлы алаңқайлар пайда болды. Бұл – бүлдіршіндер үшін үлкен сыйлық. Енді бәрі осында бас қосып, жайдары жаздың қызығына бөленеді, – деді аталған шараның тұсаукесірінде жүрекжарды лебізін білдірген Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Көпбаева. Сонымен қатар, Байсерке ауылындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Юрий Магай бастаған қариялар тобы кәсіпкерге алғыстарын айтып, еңбектеріне табыс тіледі.

Ата-бабаларымыз «Алғыспен ер көгереді» деген мақалды бекерден-бекер айтқан жоқ. Сол тәмсілдің мағынасын тереңнен ұққандардың бірі – Тоқан Көкенұлы!

Болат МӘЖИТ

Фото - Рамазан ЕЛЕШЕВ

Іле ауданы