БАЛҚАШ АУДАНЫ: ӘКІМ АРПА АЛҚАБЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 2370
Бөлім: ОН САУСАҚ

Аграрлы ауданның негізгі саласы мал шаруашылығы болғандықтан қысқы мал азығын дайындау бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл аудан көлемінде барлығы 11 019 гектар суармалы жерге көпжылдық шөп егілді. Бүгінгі таңда аталған шабындық көлемінің 9164 гектар жері шабылып, 7635 гектары бастырылса, 591 гектарынан  7870 тонна пішендеме дайындалды.

Қысқы мал азығын дайындау бойынша жұмыс қарқынын білу мақ­сатында аудан әкімі Ғалым Тоқ­пейісов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов Миялы ауылдық округіне қарасты «Динара» ӨК егіс алқабына барды. Басшылық құрам әуелі сәуір айында егілген арпа алқабын аралады.

Аудан басшысы егістік ал­қапта жайқалып өсіп тұрған ар­па дақылының өсімін көзбен көріп, арпаға орақ салынғанда диқан­дар­дың жоғары өнім ала­тынына се­нім білдіріп, шаруашылық басшыларының жұмысына табыс тіледі.

Бұдан соң Ғалым Қасымұлы бастаған топ аталмыш шаруа­шылықтың көпжылдық шөп өсіп тұрған егіс алқабына атбасын бұрды. Ол жерде өңір басшысы алдымен қарбалас еңбектің көрігін қыздырып жатқан жұмыс­шылармен әңгімелесіп, ыстық ауа райының аудан байлығы саналатын ақ күріштің бой алып, жетілуіне пайдалы тұстарын жеткізді.

Осы орайда «Динара» ӨК-нің директоры Мырзақасым Айменов:

– Шаруашылыққа тиесілі 1447 гектар егістік алқапқа көпжылдық шөп ектік. Бүгінде аталған жер көлемінің 930 гектары шабылып, 895 гектары бастырылды. Одан бөлек, 425 гектар жерден 5900 тонна  пішендеме дайындалды, – деді.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы