Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЛ АРАСЫ – ТАБЫС КӨЗІ

Уақыты: 30.07.2019
Оқылды: 198

Омартаны табыс көзіне айналдырған Сарыжаз ауылдық округінің тұрғыны Ердос Асановтың өніміне сұраныс жоғары. Батпақты өңірінде берекелі істің бабын тауып отырған шаңырақтың шаруасын көзбен көру үшін арнайы бардық.

Ердос бастаған бірнеше адам қаз-қатар тізілген ұялардың жанында өз істерімен алаңсыз айналысуда. «УАЗ» көлігінің ішіне орналастырылған арнайы қондырғының жанында бір адам бал шайқаумен айналысып тұр. Бір жерде от жағылып, түстік ас әзірленуде. Міне, араның балын жинаушылар ауылының біз көрген тірлігі осындай. 
– Ара балын жинаумен айналысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Былтыр әрқайсының сыйымдылығы 40 литрлік 18 ыдыс бал жиналды. Биылғы жағдайымыз да жаман емес. Алғашқы маусымда жаңағыдай 40 литрлік ыдыспен 14 ыдыс бал жинап үлгердік. Балаларым, жақындарым – белсенді көмекшілерім. Жалпы бал арасын күтіп-баптаудың қыр-сырын көптен бері  омарташылықпен айналысып келе жатқан Нұрдәулет Мәнжуовтан үйрендім, – деген омарташы Ердостың 38 ұясы бар екен.
– Бал араның күзгі тамағын зайыбым Жаңыл дайындап береді. Ол негізі қанттан, түрлі қоспалардан әзірленеді. Әкем де кезінде омарташылықпен айналысқан. Бүгінде мен ара балын жинауды ұрпағыма үйретіп келемін, – дейді Ердос Хамитұлы.  
Ауданда омарташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылардың саны артып келеді. Тілін түсінген жандарға бұл табыстың көзі ғана емес, отбасылық бизнестің де бастамасы.   

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы