ЖОҢЫШҚА ШЫҒЫМЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 06.08.2019
Оқылды: 3082
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жамбыл ауданы бойынша алдағы қысқа 185 500 тонна шөп қажет болса, соның тең жартысынан астамы бүгінгі күні орылып, сақтау орындарына жинап алынды. Бұл науқанға «Нұр-Агро-Сервис» шаруа қожалығы да білек сыбана кірісті.

Аталған шаруашылық осы жылдың басында ғана Үмбетәлі ауылында құрылды. Қожалық шөпшілерінің 60 гектарлық жоңышқа алқабындағы қызу еңбегіне куә болдық. Шаруашылықтың төрағасы Нұрбай Төлешбаев шаруа жайын баяндады. Оның айтуынша, жаңадан құрылған қожалық істі басынан бастапты. 
– Жоңышқаның шығымдылығы жоғары, сортты тұқымын Германиядан алдырттық. Көктемде себілген тұқымның алғашқы жемісі осы. Бірінші шабыстың өзінен әр гектардан 5 тоннадан айналуда. Бұл – бірінші шабыс үшін өте жоғары көрсеткіш, – дейді ауданның бас агрономы Қайрат Тойшыбеков. 
Жоңышқа алқабы толығымен арықпен суарылады. Нұрбай Молдабекұлы бұл ретте су шаруашылығының жұмысына ризашылығын білдірді. Су керек мезгілінде қажетті мөлшерде бөлініпті. Келесі шабысқа дейін алқап тағы суарылмақ. Жаңа қожалық қажетті техникамен жеткілікті қамтамасыз етілген. Иелігінде төрт бірдей «Беларусь» тракторы бар. Оның екеуі – соңғы үлгідегі заманауи техника. Шөп шабатын комбайны да өнімділігі жоғары, сапалы «Е-300» шөп тайлағыш агрегаты да сайлы. 
Қазіргі кезде шөп дайындау ісіне маусымдық жұмысшылар тартылған. Олардың бәрі де сол ауылдың білекті жігіттері. 
«Нұр-Агро-Сервис» шаруа қожалығының меншігінде бұдан бөлек 500 гектар жайылым, 200 гектар тәлімі жер бар.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы