ЖҰМЫСКЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Уақыты: 20.08.2019
Оқылды: 1481
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің бұл жолғы отырысы Кеген ауданында өтті. Онда аудандық кәсіподақ ұйымының құрылымдық бөлімдерінде ұжымдық келісімшарт жасау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, аталмыш қоғамдық бірлестіктің бас есепшісінің есебі тыңдалды.

Алқалы жиында алғаш болып сөз алған аудандық кәсіподақ бөлімінің төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев өздері атқарып отырған іс-шараларға шолу жасап, жетістіктерімен бөлісті.
– Кәсіподақтардың басты міндеті – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарының іс жүзінде тиімді түрде қорғалуын қамтамасыз ету, әлеуметтік тұрақтылықты және әрбір еңбек ұжымындағы ахуалды нығайту мақсатында күш біріктіру. Қазақстанның табысты мемлекетке айналуы еңбек адамының әр саладағы қарқынды, тұрақты жұмыс атқаруына тікелей байланысты. Біз осы мақсатта жұмыс істеп келеміз. Аудан бойынша 30 мекеме-ұйыммен ұжымдық шарт жасалған, олардың бәрі облыстық, мемлекеттік тіркеуден өткен. Ұжымдық шарттарда жұмыскерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға басты көңіл бөлінеді. Мысалы, олардың қатарында жыл сайынғы қосымша демалыстар, науқастанған уақыттағы қосымша төлемдер, балаларды сауықтыру лагерьлеріне жолдамалар сатып алу, көмекке мұқтаж адамдар мен зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсету, кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесу бар, – деді Қуанышбек Төлепбердиев.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков те қоғамдағы кәсіподақтың рөліне тоқталып, сондай-ақ, кәсіподақ комитеті мен кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісім қабылданғаны туралы айтып өтті. Сонымен қатар, аудан бойынша биыл 340-тан аса жұмыс орнын ашу жоспарланғанын, бүгінде соның 191-і  ашылып, 90 азамат кәсіби білім алуға оқуға жіберіліп, 19 адам «Жастар тәжірибесі» шеңберінде жұмысқа кіргенін айтты.
Айта кетейін, бұл жолғы жиын Саты ауылында өтті. Оған себеп те жоқ емес. Ауыл түбінде жатқан әйгілі Көлсай, Қайыңды туристік аймағында еңбек ететін қызметкерлер біздің кәсіподақтың мүшелері.
«Көлсай көлдері» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Әміржан Малыбековтің сөзіне сүйенсек, аудандық кәсіп-одақ ұйымына аталған мекеменің 150 қызметкері мүшелікке кірген. Олар күнделікті жұмыстан тыс уақытта спорттық-сауықтыру жұмыстарына, мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып тұрады. Жарнадан түскен қаражат мұқтаж отбасыларға көмек ретінде жұмсалады. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің бас есепшісі Ләззат  Оқапқызы да осы жиында сөз сөйлеп, әріптестері алдында есеп берді. Бүгінгі таңда облыста, яғни біздің қоғамдық бірлестік құрамында 17 аудандық филиал жұмыс істейді. Бас есепші ондағы қаржының қалай жиналып, қайда жұмсалатыны туралы тарқата айтып берді.
– Мемлекеттік органдар алдында статистикалық, мемлекеттік кіріс басқармасына еңбекақы бойынша тоқсандық, жылдық есеп беріліп отырады. Сондай-ақ, облыстық комитетке, бізге қаржылық-шаруашылық есеп беріледі. Ал жалпы шаруашылық-қаржылық декларацияны 100,00 салық есептік үлгісімен облыстық кіріс басшылығына есеп беріп отырмын. Бөлімдерде қаржы көзі бастауыш ұйымдары бекіткен келісімшарт негізінде бөлім есепшотына ай сайын кәсіподақ жарнасынан құралып отыр. Түскен қаржының белгілі пайызы бастауыш ұйымға қайтарылады. Ол қаржыны бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің мәдени іс-шараларына, материалдық көмекке, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсайды. Ал қалған пайыздық қаражат бөлімдік жарғы мақсаттарына жұмсау көзделген, – деді Л. Оқапқызы. 
Сондай-ақ, бас есепші қаржы саясатын сауатты ұйымдастырып, мақсатты жұмсап отырған Еңбекшіқазақ аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ильян Жәкеевті, Жамбыл аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаевты, Қарасай аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаевты, Балқаш аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Рақышевты, Панфилов аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сейдахмет Сайдуллаевті, Кеген аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуанышбек Төлепбердиевті, Кербұлақ аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Еділхан Ескелдиновты, Қаратал аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Серікжан Арғымбаевты ерекше атап өтті. Ал түрлі мәдени іс-шаралар мен акцияларға кәсіподақтың барлық филиалы белсенді түрде атсалысып отырады. Өткен Президент сайлауында белсенділік танытқан Ақсу аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақыт Нұрсейітқызы мен Сарқан аудандық кәсіподақ ұйымының есепшісі Шолпан Нұрғалиқызы Құрмет грамотамен марапатталды. 
Жиын соңында алдағы уақытта кәсіподақтың беделін көтеруде жергілікті әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар және демеушілермен ынтымақтастықта болу, қоғамдық іс-шараларды кәсіподақпен үйлестіре отырып атқару туралы шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, ұжымдық келісімшарттарды дайындау кезінде баспанамен, тұрақты жұмыспен қамту, көпбалалы аналарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселелеріне баса көңіл бөлу қажет екендігі баса айтылды.    
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Саты ауылында ашылған жергілікті музейді аралап, онда осы өңірде кездесетін, қызыл кітапқа енген жан-жануарлар туралы мол мағлұмат алып, Көлсай мен Қайыңдының көзтартарлық тамаша табиғатын  тамашалады. 

Рая Идралиева,
«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені
және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы,
облыстың Құрметті азаматы