Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БИІККЕ ҰМТЫЛ": ӨНДІРІС ЦЕХЫН БАСҚАРАТЫН ҚЫЗ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 06.09.2019
Оқылды: 153

Ол жас болса да, бас болып жүрген қазақ аруы. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол бірнеше жылғы жетістіктерінің арқасында бүгінде Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» зауыты өндіріс цехының басшысы атанып отыр. Ол – кішіпейілділік пен адамгершілігін қатар алып жүрген білікті басшы Әмина Арынбекова.

Әмина Арынбекова таңғы сағат 7-де жұмысқа келе сала, алдымен цехтың санитарлық жағдайын тексеріп шығады. Аралау барысында дайын өнім салынған барлық сыйымдылықты тексереді. Олардың сапасын, консистенциясын, қышқылдығын, дәмін көріп, бағалағаннан кейін ғана зертханаға барады. Аталғанның барлығы талапқа сай болғаннан соң, өнім буып-түюге жіберіледі. Осы процедуралардың барлығынан өткен дәмі тіл үйіретін "JLC"-дің йогурты, қаймағы, айраны дүкен сөрелеріне жеткізіледі.

– Ақ халат киюді бала кезімнен армандадым. Соған қол жеткізу үшін еңбек еттім. Мамандығым медицинамен байланысты болмаса да, үстемде өзім ойлаған ақ халат, – деп бастады әңгімесін Әмина.

Ол Талдықорған агротехникалық колледжінде сүт өнімдерінің техник-технолог мамандығын бітірген. Қолына енді ғана дипломын алған жас маман «JLC Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне лаборант ретінде жұмысқа орналасады. Содан бастап ол сүт өнімдері саласында қызметте. Мансаптық жолында таза еңбегінің арқасында қарапайым жұмысшыдан өндіріс басшысына дейін көтерілді. Арманы алға жетелеген еңбекқор Әмина мұнымен тоқтамасы сөзсіз. Алысқа көз тігеді. Өйткені, оның ұраны: «Әрқашан биікке ұмтылып, өзін-өзі жетілдіру». Бұл туралы кейіпкеріміз:

– Мен әрдайым жаңашылдықты іздеп, өз білімімді толықтырып, тәжірибе жинақтаудан жалыққан емеспін. Мысалы, 2014 жылы өз саламда деңгейімді жоғарылату мақсатында шетелден оқып келдім. Содан кейін басшылық микробиолог лауазымына ауыстырды. Жұмысты да тастамай, қосымша Алматы технология университетінде «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша «Техника және технология» бакалаврын бітірдім, – деген Әмина Арынбекова өз білгенін білімгерлерге іс-тәжірибе барысында үйретуде.

Әр адамның бойында өзіне ұнамайтын қасиеттері болатыны анық. Десе де, жағымсыз қасиеттерін сүйікті ісімен жеңе білгендері некен-саяқ. «Бала кезімнен спорттың бірнеше түрімен кәсіби түрде  айналыстым. Ал қазір өзім үшін Қаратал жағалауында жүгіріп, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану дағдысын қолданамын. Өміріміздің әр атқан таңын сынақ деп алар болсақ, күнде өз-өзіммен күресіп, емтиханды барымша жақсы тапсыруға тырысамын. Адамға өз мамандығы бойынша, өз жүрек қалауы бойынша жұмыс істеу өте маңызды екен. Күнде жұмысқа асығып келемін. Кетуге асықпаймын. Мүмкін, болашақта басқа да салада қызмет жасап көретін болармыз», – дейді кейіпкереміз.

Айта кетерлігі, «JLC Сүт» ЖШС жыл сайын сүт өнімдерінің жаңа түрлерін әзірлеп, енгізуде. Қазіргі уақытта зауыттан шығатын өнім ассортименті 30-дан астам атауды құрайды. Зауытта күніне 50-60 тонна сүт өңделеді. Сүт отандық фермалардан және Қырғыз Республикасынан қабылданады. Дайын өнім Алматы облысы бойынша сатылымға шығарылады.

Әмина Арынбекова өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар, басқа салаларда қабілеті зор. Мың бұрала билегенін көргенде кәсіпқой биші екен деп қаласыз. Одан бөлек, тігіншілікке де жақындығы бар. Ине мен жіпке деген достығы анасынан берілсе керек-ті. Бесаспап жастың келешегі жарқын.

Еңлік ҚАБДЕШ