Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТӨРТ КАМАЗ ҚЫЗЫЛША ӨТКІЗДІК": ҚОЖАЛЫҚТА ЕҢБЕК ҚЫЗУ

Уақыты: 25.09.2019
Оқылды: 248

Аудан диқандары қызылша жинау жұмысын бастап кетті. Жыл сайын тәтті түбір егуді кәсіп қылған Жолбарыс батыр ауылдық округінің шаруалары таң сібірлей бере егістік даласынан табылып, қас қарайғанша еңбек етуде. Қызылша өсірушілердің алғашқы легі Көксу қант зауытына өнімін жөнелтіп, бүгінде 135 тонна тәтті түбір өткізді.

Аудан бойынша биыл 1300 гектар алқапқа тәтті түбір тұқымы себілсе, оның 860 гектарын Жолбарыс батыр ауылдық округінің шаруа қожалықтары екті. Өнімді жинау үшін қажетті ауылшаруашылық техникалары толықтай жұмылдырылған.

Аталмыш ауылдық округке қарасты «Мейізбаева Н», «Мәулен», «Әбубәкіров», «Ниязалина Қ», «Утегулова М» шаруа қожалық иелері балтүбірді Көксу қант зауытына өткізді. Шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарын уақытша маусымдық жұмыстармен қамтамасыз етуде. Диқандар 25 гектар жерге егілген қызылшаны комбайнмен қазып, екі күн кептіріп, зауытқа жөнелтті.

– Түбірді қазуды бастадық. Гектар берекелігі 650 центнерден айналып отыр. Шаруашылықта 7 адам жұмыс істейміз. Таситын трактор, техника толық. «Ұлан» шаруа қожалығының басшысы Мәлік Көпенов «France Kleane» комбайнын беріп, көмектесіп жатыр.  Бүгінгі күні зауытқа алғашқылардың бірі болып өнім өткізіп отырмыз. Әзірге 4 "КамАЗ" қызылша өткіздік, – дейді «Мейізбаева Н.» қожалығының басшысы Мейіржан Жеңісұлы.

Егістік даласында жұмысшылардың бірі қызылшаның жапырағын шауып жатса, енді бірі жүк көлігіне тиеп, еңбек етуде.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы