ТАЛДЫҚОРҒАН: ҚАЛА КҮНІНДЕ ЖАҢА КИІМ ТОПТАМАСЫ ҰСЫНЫЛАДЫ

Уақыты: 25.09.2019
Оқылды: 1271
Бөлім: ОН САУСАҚ

Белгілі талдықорғандық модельер Атлас Молдахметова және Қазақстанға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша келген түркиялық Сердар Егемен киім топтамасын әзірледі.

Коллекцияның ерекшелігі, қазақ ұлттық элементтерін пайдалану болып табылады. Үлгілер трикотаж велюрден жасалған. Оларды құру идеясы Атлас Молдахметоваға тиесілі, ал эскиздерін Сердар Егемен жасаған. Атлас Молдахметованың айтуынша, «Раушан-гүл» ательесі бұған дейін 50 жастан асқан адамдарға арналған ұлттық киімдер тігуге маманданған. Қазіргі таңда бұл жаңа коллекция кәсіпорынның нарықта жаңа орын алуына мүмкіндік береді. Жаңа коллекцияны жасауға он күн кетті. Осы мерзімде Талдықорғанға Сердар Егемен келді. Жобаға қатысуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тікелей жұмыс істейтін компаниялардың бірі шақырылды.

Түрік дизайнерінің сөзінше, оған жоба тұжырымдамасы өте ұнаған және ол оны әлемдік деңгейде тарату керек деп санайды. Талдықорған қаласында болған кезінде Сердар Егемен «Раушан-гүл» ательесінің жұмысын жан-жақты зерттеп қана қоймай, оны дамыту жөнінде құнды ұсыныстар берді, сонымен қатар, қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесіп, олар үшін шеберлік сабағын өткізіп, облыстың мәдени маусымының ашылуына да қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы Сердар Егеменнің қазақстандық бизнесті дамытудағы көрсеткен көмегіне деген ризашылықтарын Алғыс хат арқылы білдірді.

Жаңа киім топтамасының көрсетілімі қазан айының басында Талдықорған қаласы күні қарсаңында өтеді. «Аға сеньорлар» «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының құрамдас бөлігі. Ол қазақстандық кәсіпорындарға жоғары білікті шетелдік маман шақыруға және басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу және персоналды оқыту мәселелері бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА