ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІ ТЕКСЕРУ: МӘСЕЛЕ, ҰСЫНЫС, НӘТИЖЕ

Уақыты: 10.10.2019
Оқылды: 1169
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Онда мемлекеттік бақылау органының тексеру тағайындау кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жеке кәсіпкерлерге қатысты тексеру тағайындау және жүргізу кезінде туындайтын проблемалар талқыланды.

Семинар-кеңеске Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасы, облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Басқосуда баға белгілеу және тарифтерді қалыптастыру, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені төмендету, шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салу, заңнамалық сипаттағы қосымша шаралар, бизнесті дамыту үшін жағдай жасау мәселелері сөз болды.

Семинар барысында кәсіпкерлер жеке тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға салық салу жайында сұрақ туындады. Себебі, бұл көптеген адам үшін тұрақты табыс болып табылмайды. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғын үй-жайдың бөлігін өндірістік шағын цехқа қайта жабдықтау және пайдалану ережелерін түсіндірді. 

Кеңесте Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының басшысы Жұлдыз Буламбекова, басқарманың аға прокуроры Сәбит Молдрахманов, облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Баниямин Файзулин сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА