"БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРДІ": ЕР-ТОҚЫМ ЖАСАЙТЫН ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Уақыты: 09.11.2019
Оқылды: 1728
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мейірханның әкесі Жұматай Данышпанов Голощекиннің қолдан жасалған ашаршылығы жылдарында күнкөрістің қамын ойлап, жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен халықтың басын құрап, бүгінгі Бақтыбай ауылында ұжымдық шаруашылықтың іргесін көтергендердің бірі болған. Өзі құрған шаруашылығын бірнеше жыл басқарғаннан кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Отанын қорғауға аттанып, ауылына жеңіспен оралып, елімізді қалпына келтіру жолында бейбіт еңбекке де белсене араласыпты.

«Ата көрген оқ жонар» дегендей, Мейірхан да әкесіне еліктеп, қабілетті де қағілез, еңбексүйгіш болып есейіпті. Еңбек қазанында қайнап, шыныққан шымыр болып өскен балаң жігіт техника тілін де тәп-тәуір меңгеріп, еркін күрестен де біршама жетістікке жетіп, өзінің келешегінен көп үміт күттірген көрінеді. Алайда, оның алдында өмірдің ауыр сынақтары күтіп тұрғанын ешкім болжап білмеген еді.

«Ауру айтып келмейді» деп данышпан халқымыз қалт айтпаған ғой. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенінде Мейірханды ауру айналдырып, тағдыр тәлкегіне салады. Жамбасынан бастаған дертке дауа табылмай, оның жүріп-тұруы қиынға соға бастайды. Қанша жерге барып емделсе де жағдайы жақсармай, он жеті жасында екінші топтағы мүгедекке айналады. Күні кеше ғана өсіп келе жатқан ұлының көз алдында солып бара жатқанына құса болған әкесі Жұматай Мейірханның он сегіз жасында дүниеден озады.

«Жығылғанға жұдырық» болып тиген орны толмас бұл ауыр қайғы Мейірханды мүлдем есеңгіретіп тастайды. Шуақты мейірімімен, баға жетпес құнды кеңестерімен тиянақты тіреу, сенімді сүйеу болып жүрген асқар таудай әкесінен айырылып қалған жарымжан жігіт біраз уақытқа дейін өмірден түңіліп, қайғы жұтып жүрді. Әйткенмен, «Тірі адам тіршілігін істейді» деген туған туыс, дос-жаранның жұбату сөздері мен айтқан ақылдарына құлақ асқан Мейірхан өмір сынақтарына қайраты мен қайсарлығын қарсы қойып, әрекет етуге бел буды. Иә, «Басқа салса баспақшыл» дегендей, басқа түскен тағдыр тауқыметін көтеруді ұйғарған ол шама-шарқы келетін іспен айналысуды жөн көрді. Осы қысылтаяң кезде оның бала кезінен бойына дарыған қабілеті мен алғырлығы пайдасын тигізе бастады.

Бастапқыда ауылында пышақ, қанжар және басқа тұрмыстық саймандар жасаумен айналысып, оның қолынан шыққан дүниелер көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болып, жан-жаққа да тарала бастады. Содан Талдықорған қаласында домбыра жасаумен шұғылданатын бір фирманың басшылары келіп, үйінде отырып домбыра мен қобыз жасау жөнінде ұсыныс білдірді. Бірақ, Мейірхан бұл жұмысты қолға алудан бас тартты. Ол өзінің бұл шешімін былай деп түсіндіреді:

– Әрине, домбыраны әрлеп, әшекейлеп, қуыршақтай етіп жасауыма болар еді. Ал сатып алған адамға оның дыбысы ұнамаса қалай болады? Сонда менің еңбегім еш кетеді ғой. Өйткені, мен оның құлақ күйін келістіре жасауды білмейтін болған соң бұл жауапты істен бас тарттым. Бір сөзбен айтқанда, қаражатқа қызығып, қазағымның қасиетті домбырасының қадірін кетіріп, обалына қалмайын дедім. «Тәттінің дәмін татқан біледі» дегендей, аңсарым қазақтың ер-тұрманын жасауға ауа берді. Алайда оны жасауды үйрететін адамды кезіктіре алмай жүрдім. Әйтеуір, сәтін салып, бір күні үлкен бауырым хабарландыру арқылы Алматы қаласында ер-тұрман жасайтын белгілі шебер бар екенін және оның мекенжайын біліп келіпті. Мен бірден шешім қабылдап, 1992 жылдың тамызында сол адамнан дәріс алуға аттанып кеттім. Сөйтіп, отыз жасымда Серіккер Медеубаев деген ақсақалмен жолығып, ер-тұрман жасаудың әліппесін үйрендім. Сол қарияның басшылығымен бір айдай еңбек етіп, бұл өнердің біршама амалын меңгердім. Сосын ауылыма оралып, ер-тұрман жасауға өз бетімше кірістім. Осы қолға алған ісімді алға бастыруға бар аңсарымды аударып, күн асқан сайын тәжірибемді толықтырып, шеберлігімді шыңдай түстім. Бірте-бірте мен жасаған ер-тұрмандарды алушылар қатары көбейе бастады. Сосын «Өнер» деген атпен жеке кәсіпкерлігімді де құрып, атқарып отырған шаруамды заңдастырып алдым. Ал менің қолымнан даярланған дүниелердің қажеттілігі ескеріліп, маған мемлекет тарапынан бір миллион теңге грант берілді. Қазір адамдардан түскен кез келген тапсырысты орындауға шеберлігім мен тәжірибем мүмкіндік береді. Мен тек ер-тұрман ғана емес, найза, қылыш, қалқан, қанжар сияқты дүниелерді жасауға дағдыланып алдым, – деп ағынан жарылды Мейірхан.

Өмір сынынан сүрінбей өткен қайсар рухты қазақ қазір ел қатарлы өмір сүріп, жары Құралай екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, алты немере сүйіп отыр. Әңгіме барысында Наурыз мейрамына қарсы шеберге ұлттық нақыштағы көптеген тапсырыстар түскенін және оларды ықыласпен орындап бергенін де білдік. Осылайша, тағдырдың тауқыметіне темірдей төзімділік танытып, қажымас қайсарлық көрсеткен Мейірханның есімі бесаспап шебер ретінде өңірімізге кеңінен танымал болып отыр. Біз де жігері жасымаған, сегіз қырлы бір сырлы қандасымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін көзімізбен көріп, көңілімізге тоқып, ризашылық сезімге бөлендік.

Шора БАТЫРБАЕВ

Бақтыбай ауылы,

Ескелді ауданы