"57 МАМАНДЫҚ ЖОЙЫЛАДЫ": ЕҢБЕК ТУРАЛЫ ЖАҢА МАҚАЛА ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1931
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек». Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан тура жеті жыл бұрын жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын осы сөздермен бастаған еді. Қоғамның қазіргі қажеттіліктерін арқау етіп, әрбір қазақстандықтың көкейіндегі ойын дөп басқан бұл бағдарламаның уақыт өткен сайын өзектілігі артып отыр.

«Біз Елбасы атап көрсеткен 20 қадамды іске асыра алдық па? Бұған қаншалықты атсалысып жүрміз? Қоғамның дамуы үшін қандай маңызды істер атқарылуы тиіс?» деген сұрақтарға жауап іздеу билік үшін ғана емес, әрбір қазақстандық үшін маңызды міндет.

Әрине, өткен кезең ішінде Үкімет те, әкімдіктер де Елбасының тапсырмаларына сәйкес көптеген жұмыстар атқарды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында да халықты жұмыспен қамту ең негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Партияның кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарламасында халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздар қатарын азайту, бақуатты тұрғындардың қатарын молайту шаралары көрініс тапты. Бүгінгі күні Nur Otan партиясының орталық және өңірлік қабылдау бөлмелеріне өтінішпен келетін азаматтардың басым бөлігі өздерінің мұқтаж мәселелерін айтып, жұмысқа орналасуына көмектесуді сұрайды. Партия бұл мәселелердің оң шешімін табуына өз үлесін қосып отыр.

Статистикаға сүйенер болсақ, тәуелсіздік жылдары 2 миллионнан астам жаңа жұмыс орны ашылған екен. Тек қана Индустриялық-инновациялық дамудың екі бесжылдығында мыңнан астам өндіріс орны іске қосылып, қазіргі таңда оларда 300 мыңнан астам жұмысшы еңбек етуде. Шағын және орта кәсіпкерлік өркендеп келеді. Бұл жерде мемлекеттің шағын бизнеске қолдау көрсеткені және азаматтарымыздың осы саланы меңгеруде белсенділік пен іскерлік танытқаны оң нәтиже беріп отыр. Бүгінде өзінің қалаған кәсібін ашып, табысқа жетіп, халыққа да, мемлекетке де пайдасын тигізіп жатқан азаматтар қатарының көбейіп отырғаны – қуанарлық жайт. Әйтсе де, бұл сала әлі де болса экономикамыздың негізгі күшіне айнала қойған жоқ. Біз ел дәулетінің негізгі үлесі шағын бизнеске тиесілі болған кезде ғана дамыған мемлекеттердің қатарына кіреміз. Мысалы, Жапонияда ел экономикасының 90 пайызынан астамы бизнестің қолында.

Осыдан 3-4 жыл бұрын іссапармен Арменияға барған едім. Сонда көргенім, ол жерде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көбін отырып істейтін жұмыстарға орналастырады екен. Тек қана төтенше жағдайлар орталығының диспетчерлігінде 30 шақты адам жұмыс істейді. Олардың бәрі тиісті даярлықтан өткен, бірнеше тілді меңгергендері де бар.

Ата-бабамыз еңбектің маңызын жете сезініп, өмірден алынған талай мақал-мәтелдерді ұрпақ тәрбиесіне арқау еткен. Оларды балалары мен немерелерінің құлағына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген дана сөздер бар. «Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, еріншек ұйқыдан қирап тұрады» деген керемет мақал да бар. Шынында да, еріншек адамның ұйқысы қанбай, үнемі шаршап тұратыны және өзінен басқаға өкпелеп жүретіні белгілі.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Ақылың мен қайратың екі жақтап»,
– деген. Бүгінгі заманға сәйкестендіріп айтар болсақ, бұл жерде ақын өзіңнің күш-қайратың, ерен еңбегің және ақылың мен білімің қиындықтың қыспағынан алып шығатын бірден-бір жол екенін нұсқап тұр.

Қазір нағыз еңбек ететін заман келді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысқан адамның бағы жанып тұр. Мал бағып, егін еккен жанның адал еңбегі өзін де, елін де асырайды.

Бүгінде әр отбасында, балабақша мен мектептен бастап баланы еңбекке баулу, еңбек ету арқылы табысқа жетуге болатынын насихаттау жағы кемшін соғып жатқан сияқты. Айталық, биыл 1-сыныпқа барған балдырғандар 2030 жылы мектеп бітіреді. Халықаралық ғылыми орталық ғалымдарының, шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылы қазіргі 57 мамандық жойылып кетеді екен. Соның ішінде бухгалтер, қабылдау бөлмесіндегі хатшылар, кейбір көлік жүргізушілері бар. Бұған бүгінгі күннің өзінде көзіміз жетіп отыр. Қазір ұшқышсыз ұшатын ұшақтар пайда болып, ғарышқа ғарышкер басқармайтын зымырандар жіберіліп жатыр. Ұшқышсыз ұшақтар қазірдің өзінде ауылшаруашылығы саласында пайдаланылып жүр.

Жаңа технология заманы көз алдымызда қарыштап дамып келеді. Елбасы 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында біз сондай ғаламат өзгерістерге дайын болуымыз керек деген еді. Біз соған әзірміз бе? Сол секілді 2030 жылдары 186 жаңа мамандық түрі пайда болады екен. Олардың атының өзі адамды ойлануға мәжбүр етеді. 3D-жобалаушы, IT-дәрігер, кибертехник, инженер-косможолшы, дирижабель жобалаушы, ситифермер сияқты болып, күрделеніп жалғаса береді. Бұған біздің балаларымыз мектеп қабырғасында дайындала ма? Жас ұрпақты айтылған салаларға бағыттап, даярлайтын мұғалімдер жеткілікті ме? Жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтарға баулитын факультеттер ашылды ма, білікті оқытушылар бар ма? Осы мәселелер әлі де болса өзекті күйде қалып отыр. Он жыл деген көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сондықтан да жоғарыда айтылғандарды назарда ұстау керек.

Елбасының саясатын сабақтастыра жалғастырып отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ұдайы көңіл бөліп келеді. Биылғы жылы мамыр айында еңбекпен қамту жөнінде арнайы отырыс өткізген ол, Президентті ұлықтау рәсімінде де осы мәселеге жеке тоқталды. Жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін қозғады.

Қазіргі таңда жыл сайын мыңдаған студент оқу орнын бітіріп, қолына диплом алып шығады. Алайда олар орналасатын жұмыс орны жоқ.

Біздегі басты кемшілік – оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында байланыстың жоқтығы. Өндіріс орны өзімен-өзі, ал атағы дардай университеттер сапа емес, сан қуып, жыл сайын мыңдаған түлекке диплом ұстатқанына мәз. Олар жұмысқа орналаса ала ма, жоқ па, ондай мамандықтарға сұраныс бар ма, жоқ па, бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мұны да ерекше назарға алып, тиісті органдарға осы олқылықты жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оқу орындарын ықшамдап, білім сапасын көтеру, даярланатын мамандардың нарықта қаншалықты керек екенін айқындау, әсіресе дипломдарды оңды-солды үлестіріп жатқан және жастарға ешқандай білім бермейтін оқу орындарын қысқарту қажет екенін айтты.

Бүгінгі күні оқу бітіретін түлектердің болашақ жұмыс орны күні бұрын белгілі болса, тіпті студент оқу барысында сол жерде тағлымдамадан өтсе, құба-құп болар еді.

Дамыған елдерде бала 7, 8-сыныптан кейін өзі таңдаған мамандығын терең меңгеруге кіріседі. Болашақ жұмысына қажетті сала бойынша пәндерді ғана оқиды. Мысалы, Германияда мектептер үш деңгейлі. Бастауыш сыныптардан кейін бала ата-анасымен бірге қандай мамандық иесі болатынын өзі таңдайды. Айталық, пойыз және автокөлік жүргізушісі, электрик, аспаз, шаштараз, электрондық жабдықтарды, техниканы жөндейтін маман боламын десе, сол салаға қатысты білім алады. Ал жоғары білім алып, инженер, дәрігер, оқытушы болғысы келсе, соған бейімделген мектепте оқиды. Егер ғылыммен айналысуды қаласа, гимназияға барып, өзі қалаған саланы терең зерттеуге мүмкіндік алады. Сөйтіп мектеп бітірген кезде өз мамандығын біршама біліп шығады. Әрі қарай білімін жетілдіремін десе, оған да жол ашық. Бірақ мектеп қабырғасында балалардың бәріне ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына түсу керек деп жатқан саясат жоқ.

Көршілес жатқан Өзбекстанның өзінде 9-сыныптан кейін әр оқушы өзінің қандай мамандыққа баратынын белгілеп алады. Содан соң өзі таңдаған сала бойынша білімін жетілдіруге күш-жігерін салады. Оның нәтижесі де бар. Ертеңгі күні өз кәсібінің білікті маманы болып шығады.

Адамның қабілеті әртүрлі. Бірі математика жағына, есептер шығаруға жүйрік болса, енді бірі әдебиет пен тарихты жетік біледі. Тіпті жақсы оқитын оқушының өзі қиналып оқитын пәндер кездеседі. Бірақ бізде соған қарамастан, оқу үлгерімі төмені де, орташасы да, үздігі де он бір сыныпты түгел оқып шығады. Оның балалардың сана-сезіміне, ойлау қабілетіне ауыр соғатын кездері де болады.

Алдымызда цифрландыру заманы, роботтехникасын дамыту кезеңі келе жатыр. Қазіргі еңбек – оқу, іздену, нақты жобалар бойынша жұмыс істеу. Сондықтан жастарды сала-сала бойынша алдын ала бағыттаудың, еңбекке бейімдеудің маңызы өте зор.

Осы орайда баланы ерте бастан еңбекке араластыру жөн секілді. Бірақ қазір олардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бұл жас буынның алаңсыз білім алуына, денсаулығы жақсы болуына өте қажет те шығар. Әйтсе де, еңбек етіп, шынықпаған балалар бойкүйез, жалқау болып кетпей ме? Олардың бойында масылдық пиғыл қалыптасса, қалай болады? Осы жағы бәрімізді де алаңдатады.

Мектептегі мұғалімдер де оқушыларды еңбек етуге баулығаны жөн. Осы жерде бала күнімде болған қызық жайт ойыма оралып отыр. Бірінші сыныпқа барғанымда мұғалімнің айтқаны әлі есімде. Ол: «Бірінші кезекте сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Үйге барған соң, берген тапсырмаларды орындаңдар. Екіншіден, ата-аналарыңа көмектесіңдер», – деген еді. Осыны ұғып алған мен үйге келе салып, мектепке киіп барған таза киімімді шешпестен, сыпырғышты қолыма алып, шаңын бұрқыратып өз үйіміздің ауласын сыпырып жүргенімде, анам келіп: «Не істеп жатырсың?» – деді. Мен: «Мұғалім сізге көмектес деп еді. Сосын ауланы сыпырып жатырмын», – дедім. Сонда анам басымнан сипап тұрып: «Жоқ, сен одан бастама, әуелі киіміңді ауыстырып, сабағыңды оқып ал. Содан кейін ауланы не қора-қопсыны тазалауға барарсың, тауықтарға жем салып, малға қарайсың», – деді. Сол кезде ата-анамыз үйдегі 7-8 балаға үй шаруасындағы жұмыстарды рет-ретімен бөліп беруші еді.

Реті келгенде айта кетейін, бұрын оқушылар 5-сыныптан кейін қызылша, алма, жүзім жинау, жуа, мақта теру сияқты ауылшаруашылығы жұмысына жіберілетін. Сонда жасөспірімдер алғаш рет «еңбектің» дәмін татып, табыстың оңай жолмен келмейтінін түсінетін. Аз да болса жалақы тауып, өзіне киім-кешек және оқуына қажетті құрал-жабдықтар, кітаптар сатып алатын. Балада «мен мұны маңдай теріммен таптым» деген ой пайда болады. Кім болса да, өзінің осындай табыс тауып, пайдалы жұмыс істегеніне қанағаттанады. Жоғары оқу орнына түскен кезде де студенттік жасақтар құрылып, жазғы демалыста ауылдарға барып, кірпіш құйып, үйлер мен мал қораларын салып, әрі қаржы тауып, әрі шаруашылықтарға қолғабысын тигізіп қайтатын еді. Бүгінгі таңда, кейбір мектептерде еңбек сабағының өзі қалай болса солай өткізіліп, балаларды еңбекке бейімдеуге айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ.

Қазіргі нарық заманында бұл жұмысты дәл бұрынғыдай ұйымдастыру мүмкін емес шығар. Бірақ оның оңтайлы жолдарын қарастырса, тиімділігі өте жоғары болмақ. Соңғы жылдары «Жасыл ел» деген студенттер жасағы құрылып, жұмыс істеп жатқанын естіп жүрміз. Бірақ ол бүкіл жастарды толық қамтымайды. Егер қазір де студенттер жазғы демалыста ұйымдасқан түрде еңбек етсе, олардың әлеуметтік жағдайы жақсара түсер еді. Дүниежүзінде экономикасы ең дамыған алғашқы үштікке кіретін Жапонияда бастауыш сынып оқушыларынан бастап, бүкіл мектеп балалары өздері оқитын сыныптарын өздері жуып-жинап, таза ұстайды екен. Оларды еңбекқор етіп тәрбиелеу бұл елдің оқу орындарының басты тақырыбы болып табылады.

Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Мысалы, қалада жақсы автокөлік жөндейтін шебер, үй техникасын жөндейтін мықты маман, он саусағынан өнер төгілген тігінші, кісі келбетіне сән беретін шаштараз болса, жұрттың бәрі соған бармай ма, мұндай маманның табысы да зор болмай ма?

Еңбектің жемісі демекші, кезекті бір іссапар кезінде бірнеше депутат Жамбыл облысының Жуалы ауданына барып, халықпен кездестік. Сонда жастарға барлық еңбектің өз жемісі болатынын айтқан бір ардагер ақсақал өз отбасында болған жағдайды баяндап берген еді. Ол кісінің әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, тепсе темір үзетін 25 жасында бір қолынан айырылып, мүгедек болып оралады. Бірақ жас жігіт мүгедекпін деп әке-шешесіне масыл болмай, бір қолына шалғы алып, екінші қолының орнына мойнына қайыс іліп, шөп шауып, мал асырап, үйленіп, алты балалы болып, олардың бәрінің жоғары білім алуына мүмкіндік жасаған. Сондықтан қандай кәсіптің де өз нәсібі бар, жұмыстың жаманы болмайды.

Еліміз жер көлемі жөнінен әлемдегі алғашқы тоғыздыққа кіреді. Қазір жер бетінде халық саны күннен-күнге көбейіп барады. Әр адамға, әр мемлекетке азық-түлік қажет. 7 миллиардтан астам халықты тамақпен қамту қашанда өзекті тақырып. Сондықтан да бұл мәселе 10, 20, тіпті 50 жылдан кейін де әлем елдерінің бас ауыртатын басты мәселесі болып қала бермек. Осы орайда Қазақстанға үлкен мүмкіндік туып отыр. Сарапшылар мен ғалымдардың болжамы бойынша еліміз 100 миллионнан астам адамды азықпен қамтамасыз ете алады екен. Бұл үшін ауылшаруашылығын дамытуға, ауылдық жерлерді көркейтуге жаңа көзқараспен қарап, жаңғырту реформаларын қарқынды түрде жалғастыру керек. Ауылшаруашылығы өнімдерін, дәнді дақылдарды өңдеп, дайын өнім ретінде экспортқа шығаратын, әлемдік сауда-саттықта бәсекеге түсе алатын өндіріс орындарын ашу керек. Өскелең ұрпақ озық өндірісті жүргізетін, жаңа технологияны меңгерген білікті маман болуға тиіс. Ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін заманауи технология негізінде қайта өңдеуіміз қажет. Оның үстіне Қазақстанның экологиялық ең таза өнімдер шығаруға құнарлы жері де бар, үнемдеп пайдаланатын болсақ, суы да жеткілікті.

Тағы бір өзекті мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту мәселесі. Біздің елде мүгедек жандарды жұмысқа тарту толық шешімін тауып жатыр деп айта алмаймыз. Бір ғана мысал келтірейін. Осыдан 3-4 жыл бұрын іссапармен Арменияға барған едім. Сонда көргенім ол жерде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көбін отырып істейтін жұмыстарға орналастырады екен. Тек қана төтенше жағдайлар орталығының диспетчерлігінде 30 шақты адам жұмыс істейді. Олардың бәрі тиісті даярлықтан өткен, бірнеше тілді меңгергендері де бар.

Америкада «911» деген жедел қызмет түрі бар ғой, бұлардікі де сондай. Елдің әр бұрышынан қиын жағдайға тап болған адамдар қоңырау шалғанда, қандай көмек берілуі тиіс екенін анықтап, жан-жаққа, мысалы, жедел жәрдемге, полицияға немесе өрт сөндірушілерге шұғыл бөліп отырады. Сол жерде қызметкерлердің 90 пайызы қоларбаға таңылған азаматтар. Мүгедек адамдар өмірден түңіліп, жұмыссыз әрі қолдаусыз, от- басы, ошақ қасына таңылып қалмасын деп Армения елінің іске асырып жатқан осындай жақсы жобасы бар екен. Оларды жұмысқа алып келетін арнайы автобустар да бар. Ғимараттың ішінде, асханасында олардың жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған.

Біз олардың еңбекке деген құлшынысын, жайдары жүзін анық көрдік. Тіпті, ұжымда ортақ іс-шаралар өткізеді екен. Өздерінің арасында құрылған көркемөнерпаздар тобы да бар. Осындай жобаларды біздің елде де тиімді іске асырсақ, оның нәтижесі мол болатыны сөзсіз.

Статистика деректеріне сүйенсек, жыл сайын елімізде 450 мыңдай адам жұмыссыз ретінде тіркеледі екен. Сонымен бір мезгілде елімізге жыл сайын көрші елдерден 1 миллионға жуық адам келіп жұмыс істейтін көрінеді. Өзімізде жұмыссыз жүрген азаматтарды шетелдіктер атқарып жүрген жұмыстарға тартсақ, тиімді болмай ма? Осы жағын ұйымдастыруда кемшіліктер бар сияқты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысты барлық мәселені кешенді түрде шешетін және жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орнала-суын реттеп отыратын арнайы бір мекеме құрылса жөн болар еді.

Жалпы, Еңбек министрлігі өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, бөлек шықса, ал өңірлерде облыс, аудан әкімдерінің бір орынбасары, сол секілді ауылдық деңгейде жауапты бір адам халықты жұмыспен қамту мәселесімен тұрақты түрде, күнделікті айналысып отырса, жұмыссыздық мәселесі оң шешімін табар еді. Тіпті облыстар рейтингісінде жұмыссыздықтың қаншалықты азайтылғаны, қанша адамның жұмысқа орналастырылғаны басты көрсеткіш ретінде қаралса, өте орынды. Өйткені, бұл біздің қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің басты жолы болып табылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Сондықтан, біздің Үкімет, мүдделі министрліктер мен барлық деңгейдегі әкімдіктер Елбасының «Еңбек» бағдарламасында белгіленген тапсырмаларды тиісті деңгейде іске асырып, Президент алға қойған міндеттерді дер кезінде орындаса, халықты жұмыспен қамту және еңбек адамына лайықты жалақы төлеу мәселесін ұдайы назарда ұстаса, бұған саяси және қоғамдық ұйымдар да атсалысса, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көзделген мақсатқа қол жетіп, тәуелсіз жұртымыздың көші ілгері басатыны анық.

Осы мақаланың нүктесін қояр тұста Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда нәтижелі жұмыспен қамтуда және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға ауқымды, нақты тапсырмалар беріліпті. Осы отырыстан кейін «Бітер істің басына, жақсы келер қасына»  демекші, жоғарыда көтерілген мәселелердің де оң шешімі табылып қалар деп ойлаймыз және сенімдеміз!

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

"Nur Otan" партиясының мүшесі

«Егемен Қазақстан» газеті, №215,  6 қараша, 2019 жыл

Сурет ғаламтордан алынды