"ОЛ КЕЗДЕРІ САҒАТ ЖОҚ": ТУҒАН ҚАРИЯНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1104
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбек адамы. Осындай атқа лайықты жандардың еңбегі қай кезде болсын еленіп, елге сіңірген еселі қызметі ескерілуі тиіс. Мұндай адамдарды аймақтың кез келген түкпірінен кездестіруге болады. Соның бірі Үштөбе қаласының тұрғыны Туған НАЙМАНТАЕВ. Мақалаға арқау болып отырған кейіпкерімізбен жүздесіп, әңгімелесу үшін арнайы іздеп бардық. Шаңырағына кірген бойда алдымыздан шыққан қария ерекше ілтипат танытып, өткен өмірінен сыр шертті.

Зейнет жасындағы қария әлі тың, қимыл-қозғалысы ширақ, сөзі мығым. Қартайдым, денсаулығым жарамайды деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше, әлі күнге шама-шарқынша балаларына көмектесіп, немере-шөберелерінің алдағы өмірлерінің жарқын болуын тілеп келеді. Осы мақсатты бетке алған қария бір сәт еңбектен қол үзген емес. Дәл осы сәтте орта ғасырдың ұлы ойшылы Әбу Әли ибн Синаның «Қимыл көптеген дәрінің орнын басуы мүмкін, бірақ, бірде-бір дәрі қимылдың орнын баса алмайды» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Осылайша ақсақал толғана отырып, өткен өмірі жайлы әңгімесін бастады.

Сонау 1941 жылы дүние есігін ашқан Туған Әкімжанұлының балалық шағы соғыс кезімен тұспа-тұс келіпті. Өмірге келген жері Қаратал өзені жағасындағы Қожбан ауылы. Сол жылдары ауылда қырық шақты отбасы тұрды. Соғыс жылы туған ақсақал жоқшылықты да көрді. Әкесі Әкімжан көппен бірге әскер қатарында болды. Сол жылдары талай бала әкесіз қалып, аналарының тапқанын азық етті. Аналар да ұрпақ қамын ойлап, азаннан түннің бір уағына дейін еңбекке жегілді. Мұндай тағдырды қарияның анасы Қазиза Бейісбекқызы да басынан кешкен еді. Ол еңбекке ерте араласты. Таң бозынан балаларының ас-суын әзірлеп, жұмысқа кететін.

Туған Әкімжанұлының бүгінде «Наймантаев» деп аталатын жеке шаруа қожалығы бар. Оны 1992 жылы құрыпты. Шаруашылығында жер және мал бар. Барлығы 10 гектар жердің 6 гектарына тәтті түбір, қалғанына жоңышқа өсіреді. Өнімнің сапалы болуы ерекше қадағалауда. Сол себепті ауыспалы егістік жүйесі сақталады. Биыл қызылша ойдағыдай шығып, зауытқа 242 тонна қызылша өткізді. Әр гектары 400 центнерден айналған. Үш техника және ұсақ малы бар. Қорада етті бағытта тұқымы асыл ірі қаралар бордақыда тұр. Жаз кезінде ауылдың сегіз адамын жұмыспен қамтиды.

Жас жеткіншек осылай анасының қамқорлығымен ер жетті. «Жаз кезінде үстімізге киім кимей ойнаймыз. Ауылымыз құмды. Жалаң аяқ, жалаң бас жүреміз. Табанымызға тікен де кірмейді, тас та батпаушы еді. Шапқылап жүріп қалай өскенімізді де аңғармай қалдық», – дейді балалықтың бал кездерін есіне алған қария. Бұл Туған Әкімжанұлының сұрапыл соғыс жылдарындағы балалық шағының естеліктері.

Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?! Туған ата жеті жаста. Мектепке баратын кез. Ал ауылда білім ошағы жоқ. Ол көршілес жатқан Жаңаталап деген жерде. Оның өзі жетіжылдық. Екі ауылдың арасы жеті шақырым. Балалар сол мектепке барып оқыды. Көлік жоқ, жаяу барды. Бала үнемі алдыңғы партада отыратын. Оған тынымсыздығы себеп. Бірінші қатардағы оқушының әрдайым ұстаз назарында болатыны белгілі. Бұл баланың сабақты жақсы оқып, озат оқушы атануына ықпал етсе керек. Тағы бірде: «Ол кездері сағат деген жоқ. Таңның атқанын тек әтештің шақырғанынан білеміз. Қораз кейде түннің бір уағында да шақырады. Таң атты екен деп қаламыз. Тұра салып, мектепке қарай жүгіреміз», – деді езу тартқан қария.

Сөйтіп жүріп жетінші сынып та аяқталды. Оқуды одан әрі жалғастыру керек. Осыны мақсат тұтқан бала Үштөбе қаласындағы он жылдық мектепте оқуын жалғастырады. Кейіннен денсаулығына байланысты сегізінші сыныпқа бара алмай, оқуы бір жылға кейін шегеріледі. Біраз күннен соң тәуір болып, қатарластарына қайта қосылды.

Туған Әкімжанұлы математика, химия, биология пәндерін ерекше сүйіп оқыпты. Оның басты себебін қария сол кездегі ұстаздарының сабақ өткізудегі шеберліктерімен байланыстырды. Солардың бірі Есекеев, Мұхамадиев деген ұстаздар. Ақсақал әңгімесін айта отырып сабақ берген мұғалімдерінің жақсы қасиеттерін де еске алып өтті. Қарияның айтуынша, сол жылдары мектепте шет тілінде оқытатын маман тапшы болыпты. Осының әсерінен аттестатқа «шет тілінде білім алмаған» деген жазу жазылды.

Бозбала өнерге жақын болып өсті. Домбыра шертіп, баян тартқанды ұнатты. Қазиза ана болса ұлының ән айтып, өнер қуғанын қаламайтын. Соған қарамастан жас бала осы салада оқуды арман етті. Талабы ескерілсе керек, бірде Жамбыл облысындағы музыкалық училищеден Туған Әкімжанұлының талантын байқап көру үшін бір оқытушы келеді. Бұл бақ сынайтын мүмкіндік. Жас жігіт қайтсе де сынақтан мүдірмей өтуді ойлады. Сынақ алушылардың алдында бар өнерін салып, баян тартып, домбырамен күй шертті. Басқа да аспаптардың құлағында ойнады. Нәтижесінде бірден музыкалық оқуға қабылданды.

Бұл - 1960 жыл. Жас жігіт қуанышымен бөлісу үшін анасына асықты. Бірақ, анасы көзіне жас алып, ұлының өнер жолында жүруіне қарсы екенін білдірді. Себебі, оның өзіндік сыры бар. Өткен күндерге оралайық. Әкімжанның туған ағасы Сылқымжан кезінде өнерге жақын сал-сері адам болыпты. Ел кезіп, қыдырғанды, ән салып, сауық-сайран құрғанды жақсы көреді екен. Сөйтіп жүргенде Сылқымжан бір күні үлкен асқа келеді. Сол жерде бір кемпір: «Араларыңда найманмен айтысатын жалайыр бар ма?», – деп сұрапты. Әлгі жерде сал-сері жігіт: «Мен бармын» деп ел ортасынан суырылып шықса керек. Бірінші айтыста наймандар жеңеді. Келесі айтыста әлгі кемпірдің шарты бойынша қырық қараға бәс тігіледі. Яғни, жеңілгені жеңген адамға осынша мал басын беруі тиіс. Осылайша, екінші айтыста Сылқымжан жеңіп шығады. Сол жердегілер: «Бейісбек байға қырық бас мал жинап берейік. Оның төрт қызы бар. Солардың біреуін беріңдер» – дейді. Төрт қыздың біреуі осы Қазиза Бейісбекқызы болатын. Сол жылдары Әкімжан Дутовтың соңынан қуып шегара жақта шайқаста жүрді. Бір күні Әкімжан түсінде ағасының өзін шақырып тұрғанын көреді. Ояна салысымен бесатар мылтығын асынып, атқа отырып ауылға қарай шаба жөнелді.

Сылқымжан ол кезде төсек тартып ауырып жатқан болатын. Сырқаттанып жатса да інісінің келе жатқанын сезіп, қайта-қайта алаңдай беріпті. Сондағы айтқысы келгені әлгі жеңгесі. Ол кезде Қазиза небәрі сегіз жаста. Осылайша ағасы өмірден озып, Әкімжан ағасының арқасында бәйбішелі болады. Қазиза ананың ұлының өнерге жақын болуын қаламағанының басты себебі осы. Соған байланысты Қазиза ана өзінің бауырынан Туғанның басқа оқуды таңдауына көмек көрсетуін сұрайды. Сөйтіп, Туған Әкімжанұлы нағашысының септігімен Алматы қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түсіп, студент атанады.

Үшінші курста оқуын өндіріспен байланыстырып, тәжірибе жинау үшін сегіз жігіт Целиноградқа жіберіледі. Соның біреуі Туған Әкімжанұлы. Біраз уақыттан соң Целиноградта жүрген ұлына анасы Қазизадан хат келеді. Онда Қазизаның ауырып жатқаны туралы хабардар етілген. Осыны естіп жігіт ауылға келеді. Оның бірге оқыған Дәрия есімді қызы бар. Анасының шақыртуының негізгі себебі де осы. Арманы – ұлын үйлендіріп, отбасылы ету. Анасының тілегі бойынша сол қызбен бас қосады. Сөйтіп, Целиноградқа қайта келеді. Ал жас келіншегі жолдасының әке-шешесіне қарап, Қожбан ауылында қалады.

Туған Әкімжанұлы Целиноград қаласында су құбырларының құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Кейіннен Алматыға келіп, су құбыры және кәріз жүйелерінің құрылысы мамандығы бойынша оқуын аяқтайды. Дипломы тек екі жылдан соң қолына тиеді. Сол кездері студенттер мұндай қағазды алу үшін біраз уақыт өндіріс орындарында еңбек етулері керек. Бұдан соң жолдамамен Жамбыл облысындағы Қаратау қаласына фосфор шығаратын комбинатқа жұмысқа орналасады. Төрт айдан соң комбинаттың бас инженері Қостанай қаласына бармақ болып, Туған Әкімжанұлының бірге баруын сұрайды.

Көп уақыт өтпей комбинаттың директоры Туғанды шақырып, Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында жаңа салынып жатқан комбинатқа жұмыс істеуге баратынын, осы үшін көтермеақы төленетінін жеткізеді. Басшының сөзін қабыл алып, Батыс Қазақстанға жол тартады. Соңынан іздеп Қазиза ана мен келіншегі Дәрия келеді. Бұл күз кезі болатын.

Туған ата сөзінің арасында шешесінің өте пысық әрі адамдармен тез тіл табысқыш адам болғанын айтып отырды. Содан шығар, анасы бөтен жерде жүрсе де келесі күні-ақ жатақханадағы ұлын пәтерге көшіріп алады.

Кейіннен жас маман ретінде жұмысынан екі бөлмелі пәтер беріледі. Еңбекке араласа жүріп тәжірибе де жинады. Көктемде анасы Қазиза ұлының ауылға қайтуын сұрайды. Бұл ойын хат арқылы министрлікке дейін жеткізеді. Көп ұзамай ана тілегі орындалып, ұлы Туған ауылына оралады. Тағдырдың жазуы солай шығар, жұмыс бабымен қайта Жамбыл облысына келеді. Сол жерден Қаратауға барып, кейінгі еңбек жолы Жаңатас қаласында жалғасады. Жас маман бой көтеріп жатқан жаңа шаһардың су құбыры мен кәріз жүйелерінің құрылысын жүргізу, фосфор комбинатын салу сияқты жұмыстарды атқарады. Кейін анасымен қайта Қожбан ауылына келді.

1965 жылы Қаратал ауданынан «Бірінші май» қой совхозын құру туралы бұйрық шықты. Жаңа қой совхозы Қожбан ауылынан бес шақырым жерде орналасатын болды. Бұл жаңалық құрылыс маманының өзін жаңа қырынан көрсетіп, биік белестерден көрінуіне жол ашты. Жұмысын шеберлікпен бастаған Туған Әкімжанұлының қызметінің сатылап өсуі дәл осы кезден бастау алды. Жігіт аянбай еңбек етіп, жаңа ауылды салуға бар білімі мен күш-жігерін жұмсады. Кейіннен құрылыс-өндіріс жұмыстарын басқара жүріп аудан жұртшылығына танылды.

1969 жылы Қаратал өзені ернеуінен асып, «Қоржынкөл» совхозын су басады. Осы себепті ауылды жаңа жерге көшіру қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты ауданға қарасты ауылдардағы өндіріс жұмысшылары ауылшаруашылығы басқармасының бас инженері Анатолий Юрьев, екінші хатшы Петр Егоровичтің кабинетінде бас қосып, үлкен жиын өтеді. Онда аталған ауылды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу Туған Әкімжанұлына жүктеледі. Тапсырылған іс екі жыл ішінде аяқталуы тиіс. Ата-ана ұлының жауапты іске кетіп бара жатқанын түсініп, ақ жол тілейді.

Қазиза анасы баласының қолына төрт мың сом ақша ұстатады. Сонда анасы Туғанды: «Өкіметтің мүлкіне қолыңды сұқпа!. Ұрлық жасама! Мына ақшаны тұтас сол ауылдың жұмысына жаратасың», – деп шығарып салады. Үштөбе мен Қоржынкөлдің арасында жол жоқ! Тек, біраз жеріне тас төселген, қалғаны құм, саз, балшық. Осындай жерден ауыл тұрғызылуы керек. Қызу жұмыс басталды.

Туған Әкімжанұлының ықпалымен көптеген қираған ғимарат қайта қалпына келтіріліп, аурухана, мектеп, кеңсе, интернат, клуб, балабақша, дүкен, монша, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Халыққа қажет басқа да әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі салынып, Қоржынкөл ауылының Ақжар атты жаңа орталығы пайда болды.

Ғимараттың бәрі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Жер тегістеліп, әуежай да салынды. Құрылысқа екі жүз шақты адам тартылды. Екі жыл ішінде құрылыс жұмыстары аяқталып, анасы берген ақша тұтас жұмсалды. Басшылар тарапынан 30 жастағы жігіттің талай күнгі еңбегі жоғары бағаланып, Қаратал ауданының құрылыс саласының бас инженері қызметіне ұсынылды. Еңбек ете жүріп Алматы қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы политехникалық институтта алты жыл сырттай оқып, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша білім алды.

Оқуы аяқталған соң 1974 жылы аудандағы нөмірі 48-ші жылжымалы механикаландырылған колоннасы  мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалды. Екі жылдан кейін ауылшаруашылығын сумен қамту кеңсесінің басшысы, тағы екі жылдан соң аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болды. 1980 жылы Талдықорған қаласында облыстық ауылшаруашылығын сумен қамту мекемесінің өндіріс бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Бұдан соң аталған мекеменің Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы учаскесінің бастығы етіп ауыстырылды.

Екі жыл өткеннен кейін Талдықорған қаласына қайта оралып, облыстық ауылшаруашылығын сумен қамту мекемесінің басшысы болып тағайындалды. Кейіннен әкесінің денсаулығына байланысты туған өңіріне қайта оралып, құрылыс саласы бойынша қазақүй комбинаты бастығының орынбасары, біраз уақыттан кейін аудандық суландыру жүйесі бойынша су арналарының басшысы қызметін атқарды.

Туған қарияның саналы еңбек жолы осылай өрілді. Ақсақалдың зайыбы Дәрия Тоқтарбаева осыдан он екі жыл бұрын өмірден озыпты. Туған Әкімжанұлы бүгінде Ардақ, Қайрат, Тілеулес, Гүлайым, Жанар атты ұл-қыздарының ортасында, немере-шөберелерінің қызығына шомылып, еңбек етуде.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қаратал ауданы

Алматы облысы