"КӘСІБІҢДІ АШ": БОРАЛДАЙДА БИЗНЕС-СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 1215
Бөлім: ОН САУСАҚ

Боралдай кентінің "Боралдай минералды суы" кешені базасында «Өз кәсібіңді ашып, арманыңа жет» тақырыбында бизнес-семинар өтті.

Кеңеске жас кәсіпкерлер, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іле аудандық филиалының өкілі Г.Багжаева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы облысы бойынша өкілі Ж.Тынышбаев пен осы қордың грантын ұтып алған «Боралдай минералды суы» кешенінің директоры Б.Айдарбеков, «Центркредит» банкінің аудандық бөлімшесінің өкілі Қ.Ильясов, «Іле таңы» газетінің журналисі, аудандық мәслихат депутаты Р.Елешов қатысып, өрелі ойларын ортаға салды.

Шара аясында мамандар жас кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, «Даму» қорының миссиясы мен мақсаты, кәсіп ашуға ниетті адамдарға көрсетілетін көмек пен несие туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сол қатарда аз қаржымен кәсіп ашып, үлкен жетістікке жеткен «Боралдай минералды суы» кешенінің директоры Б.Айдарбеков табысқа жету жолы және тәжірибесімен бөлісті.

Семинарды жүргізген кент әкімі Д.Қоңырбаев шараны ұйымдастыруға және оны нәтижелі өткізуге көмектескендерге алғысын жеткізді. Кездесуден көп тәжірибе жинаған көпшілік мұндай шара алдағы уақытта да үзбей өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізіп тарады.

И. ШАМИЕВ,

Іле аудандық мәслихат депутаты,

«Геосәулет» ЖШС директоры

Суреті ғаламтордан алынды