"ҚОЙШЫ СОЛАРДЫ": ӨЗБЕКСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫН НЕЛІКТЕН ЖАЛДАЙМЫЗ ОСЫ?

Уақыты: 31.12.2019
Оқылды: 1020
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кейінгі жылдары өткенімізді жаңғыртып, қатпарланған тарих беттеріне тың көзқараспен үңіле бастадық. Сөйтсек, күллі әлемге озық мәдениетті таратып, айбынынан ат үркіп, қаһарынан қыран қаймыққан мемлекет болыппыз. Бұл бұған дейін де мың мәрте айтылды, дегенмен де Рухани жаңғырудың жаңа сатысына қадам басқаннан кейін тереңнен сезіне бастадық. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы шыққаннан кейін «Өзін-өзі тану» пәні секілді үлкен сілкініс туды. Нәтижесінде, ел тарихы қайта зерттеліп, әлем елдері басқаша көзбен қарай бастады.

Адамзат тарихында алғаш рет қола, мыс, темір өндіріп, алтыннан киім киіппіз. Жабайы жылқыны қолға үйретіп, соның ықпалымен дүниеге шалбар келді. Тіпті, шаңғыны да ойлап тапқан ата-бабамыз. Тек қана төрт түлік мал бағып, көшіп-қонып күн кештік десек, орта ғасырлардағы көне қалаларды қайда қоямыз? Күні кеше ғана батыстан тағы бір Алтын Адам табылды. Ол да қазақ халқы мекен еткен жерге тиесілі. Сәулет, қолөнердің дамығаны соншалықты, Алтын Адамның сауытындағы ою-өрнекті қазіргі технологияның көмегімен де жасау оңай емес. Бір ғана тәждегі ою лупа болмаса, көзге көрінбейді. Көне қалаларда қаланған кірпіш сан ғасыр өтсе де еш шірімей, сол қалпында сақтаулы. Ол жердегі кәріз жүйесінің өзі «Мың бір түн» ертегісіндей қиялдан туды деп айта алмайсың.

Осындай жәдігерлердің ортасында өмір кешкен біз неге оны әлі де болса дұрыс насихаттай алмай келеміз? Мәдениеті мен экономикасы өрістеген көрші елдер кино, мултьфильм арқылы «болашағымыз осылардың қолында» деп алаулатып, жалаулатып біз айтатын сөз иесі жастардың санасына сіңіріп жатыр. Жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беріспейтін текті елдің жетімдерін шетелдіктер алып кетіп, әлі де білімі мен білігіне таңырқап жатыр. «Өзге елде сұлтан» болатын бауырлар ертең әлемді аузына қаратса, не деп мақтанар екенбіз?! Кеңес кезінде сіңген дерттен әлі де айыға алмай жүрген аға-бауырлардың (бәрі емес) көбі қара басының қамын күйттеп келеді. Бір ой мың ойды қозғайтындай, осындай жайттарды жазып тауыса алмаспыз.

Жә, сөзімізге тамыздық болсын, бір мысалды назарларыңызға ұсынайын. Жоғарыда сәулет өнеріне тоқталдық емес пе? Көштен қалмай біраз жыл өзіміз де жалдамалы пәтерде көшіп-қонып күн кештік. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, отбасымызбен бірігіп жапырақтай жерге шағын лашық (времянка) тұрғыздық. Көршілер үлкен үйдің қамына әбден кіріскен, ара-тұра адам жалдайды. Бірақ көбіне өзбек ұлтының құрылысшылары.

– Неге өзіміздің қазақтарды жалдамайсыз? Рақышев көшесінің бойында жұмыс сұрап тұр емес пе? – демеймін бе? Көрші болса, қолын бір сілтеп:

– Қойшы соларды, жарытып жұмыс істегенін көрмедім, анау жоқ, мынау жоқ деп ақшаны алады да ішіп кетеді, – деді де қойды. Не дегенмен намыстанып, тағы бірдеңелер айтпақшы болып тілімді тістедім. Өзбектердің бір ерекшелігі, артықшылығы да әтеш шақырғаннан ел тәтті ұйқыға жатқанға дейін жұмыс істейді. Сосын жатар орынды да талғамайды, жылы, жабық болса болды, сол құрылыс алаңын паналап, азық-түлігін алып берсең, тамақты да өздері әзірлеп күндерін көреді. Артық-кем әңгімелері жоқ, берілген жұмысты ыждағатпен орындайды. Өзімізді олармен салыстыруға мүлдем келмейді.

Сол көршіміз аяқасты ауласын қоршау үшін қазақтарды жалдады. Ішім жылып, қуанып қалдым. Дегенмен, қуанышым ұзаққа созылмады, есесіне қазақтардың жұмысы ұзаққа созылды. Бір-екі күндік жұмысты бір апта істеді, ақыр аяғы аяқтамай кетті. Көршінің жүйкесі сол кезде сыр берді. 

– Айттым емес пе? Бүгін тағы ішіп кетті. Мынаны қара, фундаментін қалай болса, солай құя салған. Ертең қоршауым қисық болады. Ақшаның жартысын ғана беруім керек еді, – деп бұлқан-талқаны шықты. Ақыр соңында басқа қазақтарды жалдап жүріп, әупірімдеп бітірді. Содан кейін көршінің сенімі қазақтардан гөрі өзбек ағайындарға біржола ауып тынды.

Дәл солай жалданып, нан тауып жүрген өзбектермен сөйлескенім бар. Барлығы да Қазақстан десе, ішкен асын жерге қойып, туған үйіне асыққандай ағылатын көрінеді. Өзбекстандағы жағдайлары да жаман емес. Бір-бір коттедж үйлері бар. Қазақстандағы бай-қуаттылармен иық тіресіп өмір сүреді. Онда «шегара асып несі бар?» дейтін сауалдың тууы шартты дүние. Сөйтсек, теңгені сомға айырбастағанда ақша көбейеді. Екінші, ол жаққа қарағанда Қазақтанда жұмыс табу оңай әрі арзан баға ұсынған соң барлығы өзбектерді жалдауға әзір тұрады. Тіпті, қайыр тілеп, көше кезерлердің табысы да ол жақтың біраз жылдық азығына айналады. Бар сыры осы. Бір-бір кәсіптің құлағын ұстап, алқып-шалқып жүретін өзге ұлт өкілдері, бүкіл Қазақстанға қанат жайған шетелдік компаниялар бір төбе.

«Қытай мен Түркия болмаса, киімсіз қаламыз» деген түсінік халық арасында кең етек алған. Осындайда тағы өзбек ағайынға айналып соғамыз. Шымкенттен ары Қазығұрт, Сарыағашқа сапар шектіңіз делік. Телеарнаны қоссаңыз болды, өзбекше сайрай жөнеледі. Ондағы журналистер ұлттық киімдерін үстінен тастамайды. Дінге берік, ұлттық санасы ояу, батыстың жат әдеттерінен жырақ. Түрікменстан мен Чешенстандағы жағдайды ауызға алмай-ақ қойса болады. Қордайға барсаңыз қырғыз, Қорғаста қытай тілі қарсы алады. Неге, біз осы солардай болмасқа?

Рухани жаңғыру, ауып келгенде, өткеннен тәлім алып, ата-бабамыздың асыл қасиеттерін бойымызға сіңіру емес пе?! Әйтпесе, ІІ Екатерина: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады», - деген сөзін бекер айтпағаны анық. Соны білгендер обаларды тонап, тарихты бұрмалап, дін, діл, тілдің тамырына балта шаппас еді.

Тәуелсіздік тізгіні өз қолымызға тиген сәтте Рухани жаңғыру әдеттегі науқандық нәрсенің біріне айналмаса екен дейсің.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды