Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"КЕЛІСІ - 90 ТЕҢГЕ": ҮШ КӘСІПОРЫНҒА АРЗАНДАТЫЛҒАН ҰН БӨЛІНДІ

Уақыты: 07.01.2020
Оқылды: 435

Күн санап халық тұтынатын тауарлардың бағасы қымбаттауда. Солардың қатарында нан да бар. Тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында нан шығаратын кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде.

Қарасай ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевтің айтуынша, Шамалған ауылында орналасқан «АзияАгроФуд» ЖШС-інде өндірілген ұн көлемінің әлеуметтік бағыттағы бір бөлігі нан пісіруді кәсіп еткен үш кәсіпорынға тиесілі. Атап айтқанда, «Топер» ЖШС-не 5 тонна, «Бычкова» жеке кәсіпкерлігіне 12 тонна, «Ахмет+» серіктестігіне 30 тонна арзандатылған ұн бөлінген. Ұнның нарықтағы бағасы бүгінде келісіне 130 теңге болса, әлеуметтік бағытта берілетін ұн 90 теңгеден аспайды. Осылайша, аталған наубайханалар нан бағасын көтермеуге мүмкіндік алып отыр.

Райымбек ауылдық округіне қарасты Қырғауылды ауылында орналасқан «Ахмет+» ЖШС-не тиесілі наубайхана мен фирмалық дүкеннің жұмысымен танысу үшін арнайы бардық. Бізді ауылдық округтің әкімі Елжан Түленбаев қарсы алып, аймақтағы игі істер турасында  баяндады. Наубайхана жұмысы жайлы кәсіпорын иесі Ахмет Дурмаз айтып берді:

– Әлеуметтік бағытта ұнның бөліне бастауы тұрғындарға ғана емес, бізге де үлкен көмек болып отыр, – дейді Ахмет. – Себебі, ұнның қымбаттауы нан өндірісіне де кері әсерін тигізері сөзсіз.  Осы орайда Үкіметке, облыс, аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз.

Мұндай отбасылық бизнесті Түркиядағы ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорында технолог болып еңбек еткен әкесі Әлижан бастап берген. Бала кезінен әкесіне қолғабыс ете жүріп, кәсіптің қыр-сырын меңгерген Ахмет қажетті қаржы жинағаннан кейін Қазақстанға келіп, өз ісін ашқан. Наубайханаға қажет құрылғыларды Түркиядан жеткізген.

1995 жылдан Алматы қаласында жұмыс істеген кәсіпорын 2015 жылы Қырғауылды ауылына қоныс аударыпты. Отбасындағы үш ұл мен төрт қыз бүгінде өздерін Қазақстан азаматтарымыз деп есептейді. Ал елімізге келгенде небәрі екі жаста болған ұлдың үлкені Ахмет әкесінің сенімді серігі әрі көмекшісіне айналған.

«Ахмет+» ЖШС-да өндірілген нан түрі қазір Қарасай және Жамбыл аудандарында саудаланады. Қырғауылды ауылындағы фирмалық дүкенде күніне 400 бөлкеге дейін сатылады. Кәсіпорыннан көтерме сауда құны 58 теңге болатын тауар тұтынушыларға  65-70 теңге болып жетеді.

Өндірістік қуаты күніне 2500 бөлке нанды шығаруға қабілетті кәсіп-орында көгілдір отынмен жұмыс істейтін екі, электр қуатын тұтынатын бір пеш орналасқан. Ұнды жоғарыда айтылған «АзияАгроФуд» ЖШС-нен алатын болса, ашытқы Алматы зауытынан жеткізіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы