"БӘРІ БАСҚАША": ОН МЫҢ ТОННА ҚЫЗЫЛША ЖИНАҒАН КӘСІПКЕР ЖОСПАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 1306
Бөлім: ОН САУСАҚ

Өткен жылы Қалибек Алпысбаев басқаратын «Алан» сервистік-дайындау орталығы (СДО) 10 мың тонна қызылша жинады. «Ауа райы аздап қолайлы болғанда, өнім көлемі айтарлықтай жоғары болар еді», – дейді кәсіпкер. Соған қарамастан жиналған өнім нәтижесі көңіл қуантады.

Кәсіпкер өзінің туған жері Көксу ауданында еңбек етеді. Ол он алты жылдан бері ауылшаруашылығымен айналысады. 2003 жылы «Кең дала» шаруа қожалығын құрып, жұмысын түрлі дәнді дақылдарды өсіруден бастады. Қант қызылшасын жаңғырту бойынша ауқымды науқан басталғанда Қалибек аға облыс басшысы Амандық Баталовтың бастамасына үн қосып, қолдау білдірген кәсіпкерлердің бірі болды. Сол кезде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес СДО-лар құрылып, кәсіпкерлерге субсидия, ауылшаруашылығы техникасы, тұқым мен гербицидтер беріле бастады. «Алан» СДО жан-жақты мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрді.

Алғашқы жылы тәтті түбір 30 гектар жерге егіліп, әр гектарынан 500 центнер өнім жиналды. Одан кейін егістік алқаптары ұлғайтылып, сапасы артты. Қолға алынған шаралардың арқасында бүгінде «Алан» СДО Көксу ауданының 12 ірі және ұсақ шаруашылығын біріктіріп отыр. Ал қант қызылшасы себілген аумақ көлемі 150 гектарға жетті. СДО маусымдық жұмыстарды ескере отырып, шамамен алпыс адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. «Жетісу» ӘКК арқылы СДО-ға лизинг бойынша заманауи ауылшаруашылығы техникасы берілді.

– Мемлекеттік қолдау шаруаларға тың серпін берді. Бұрын мұндай тиімді қолдау құралдары болмады. Кезінде жылына бір трактор немесе бір соқаны сатып алуға мүмкіндігіміз болатын. Тиісінше егін аумағы аз болды. Техника да, қаржы да болмады. Қазір бәрі басқаша. Облыс әкімдігінің, «Жетісу» ӘКК-нің көмегімен жаңаша жұмыс істей бастадық. МТС-ты айтарлықтай жаңартып, өнімділікті арттырдық. Қазіргі таңда бізде 50 шақты жаңа ауылшаруашылығы техникасы бар, – дейді кәсіпкер. Сондай-ақ, «аландықтар» қызылшаның өнімділігін арттыру үшін элиталық тұқым сатып алды. «Ардан», «Новелла», «Гримм», «Роксана», «Дануб» сияқты қызылшаның француз, голланд, неміс сұрыптарының элиталық тұқымдарын септі. Олардың бәрі жоғары өнімді, жергілікті климатқа төзімді.

Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, алдыңғы жылы элиталық тұқымдарды қолдану нәтижесінде рекордтық өнім алынған. Мәселен, бір гектардан 860 центнер өнім жиналыпты. Шаруашылықтың табысты жұмысын Көксу ауданына арнайы барған аймақ басшысы Амандық Баталов та бағалады.

- Осының бәрі Елбасының заманауи технологияларды, жаңа техниканы, жоғары өнімді тұқымдарды, сапалы гербицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалану жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мемлекеттің, «Жетісу» ӘКК мен шаруалардың жұмысты тиянақты және сауатты ұйымдастыра білуінің арқасында мүмкін болып отыр, - деді Амандық Ғаббасұлы егін алаңын аралау барысында.

Кәсіпкердің сөзінше, қант қызылшасы саласын қайта жаңғырту бағдарламасы іске қосылғаннан кейін көптеген азамат туған өлкелеріне қайта оралып, қант қызылшасымен айналыса бастаған.

– Қант қызылшасын өсірудің ең басты артықшылығы – өткізу нарығының болуында. Өңірде қызылша өңдейтін екі зауыт жұмыс істейді. Сондықтан, қызылша өсірушілер өнімді қалай сату керектігіне алаңдамай, өзінің негізгі ісімен айналыса алады. Облыс басшылығы қант өндіру көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондықтан қызылша – сұранысы жоғары әрі ауылшаруашылығындағы басым мәдениет түрі болып қала береді, – дейді кәсіпкер. Сонымен қатар, «Кең дала» шаруашылығының негізінде Зылиха Тамшыбаева атындағы оқу орталығы құрылған. Онда ауылшаруашылығына озық технологияларды енгізу мен тарату бойынша оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптары өткізіледі. Қалибек Алпысбаевтың пікірінше, қазіргі кәсіпкерлер әрдайым инновациялардан хабардар болып, отандық және шетелдік тәжірибелерді зерделеуі тиіс.

– Қант қызылшасы мұқият күтуді талап етеді. Сондықтан, біз себуден бастап, егін жинауға дейін ерекше көңіл бөлеміз. Агротехнологияны жетілдіру үрдісі тоқтатылмайды. Күн сайын әлемде жаңа сорттар мен будандар, техника үлгілері, тыңайтқыштар мен пестицидтер, компьютерлік бағдарламалар және басқа да ресурстар пайда болады. Сондықтан біз одан әрқашан хабардар болып, жаңа білімді қант қызылшасының өнім сапасын жақсарту үшін пайдалануымыз керек, – дейді шаруа.

Былтыр СДО-да орташа өнімділік гектарынан 560 центнерді құрды. Қалибек Алпысбаев алдағы көктемде қызылша алқабының 200 гектарға дейін ұлғаятынын айтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Көксу ауданы

Сурет ғаламтордан алынды