ПАНФИЛОВ АУДАНЫ: МАЛШЫЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҚЫЛАЙТЫН ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 2151
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қыста қарауындағы малын жүдетпей, шығынсыз шығару үшін шаруалар табиғи жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөп қорын да үнемдеу жолдарын қарастыруда. Аудан бойынша дайындалған мал азығының 80 пайызы қыстауларға жеткізілген.

Өңірде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 112 мыңнан астам қой-ешкі, 37 мыңнан астам ірі қара, 10305 жылқы, 284 түйе, 83921 құс, 130 шошқа қыстатылуда. Осы мал түрлерінен өткен жылы қожалықтар 19215,1 тонна ет, 43042 тонна сүт және 799,5 тонна жүн өндірді.

– Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына 123702 тонна көпжылдық және 86898 тонна табиғи шөп, 3000 тонна сүрлем, 2500 тонна сабан және 46500 тонна жем дайындалған. Одан бөлек, науқанды тұрақты бақылап отыратын ауылдық округ әкімдіктері жанынан арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелері кем дегенде айына 2 рет қыстауларды аралап, мал мен малшылардың жай-күйімен танысып отырады, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ермек Қонақбаев.

Мал өнімінің молая түсуінде аудандағы асыл тұқымды мал өсіретін қожалықтармен қатар мал бордақылап сатуды кәсіп еткен жекелеген тұрғындардың үлес салмағы басым. Соңғы 5 жыл ауқымында асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 31-ге дейін көбейген.

Қорыта айтсақ, жазиралы Жаркент өңірінде биылғы қыстан барша малдың шелді шығарына мамандар мен малшылар сенімді. «Шелді мал – төлді түлік» деген шаруақор жұрт тілегінің жүзеге асарына сенімі мол. Лайым солай болғай. Өйткені, бұл  ел ырысын еселер береке бастауы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды