"ОЛАЙ БОЛМАЙДЫ": КЕЙБІР КӘСІПКЕРЛЕР САЛЫҚТАН БОСАТУДЫ ДҰРЫС ТҮСІНБЕГЕН

Уақыты: 30.01.2020
Оқылды: 1189
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер па­­ла­тасының қолдауымен Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасында республикалық кәсіпкерлерге кө­мек көрсету орталығының директоры Дмитрий Казанцевтің қатысуымен «Салық қарапайым тілмен: САЛЫҚ – 2020» атты жыл сайынғы конференция өтті.

Семинардың мақсаты – салық салу саласындағы жаңашылдық туралы кәсіпкерлерді хабардар ету. Кәсіпкерлер салық салу, қосылған құн салығы, салық жүктемесін оңтайландыру, тексеру түрлері, кассалық аппараттар мен POS-терминалдарын пайдалану, еңбек қатынастары, тағы басқалары туралы білді. Кон­ференция барысында микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий, салықтық тексеруге түскен компаниялардың тізімі, микро және шағын бизнесті табыс салықтарын төлеуден босату, 2020 жылдан бастап патентті пайдалану құқығы, бірыңғай жиынтық төлем, үш  құрамды интеграцияланған жүйе, кассалық аппарат үшін өтемақыны есептеу сияқты мәселелер қаралды.

- Соңғы уақытта кәсіпкерлер қоңырау шалып: «Бізді енді ешкім тексермесе, жеке кәсіпкерлігімізді жауып, тыныш жұмыс істей бермейміз бе?» – дегенді айтатын болды. Олай болмайды. Сіз бухгалтерлік есептеріңізді жүргізіп, салықтарыңызды әдеттегідей төлей бересіз. Салық төлеуге келгенде есептеріңізді нөлге теңестіріп отырасыз. Үш жылдан соң бәрі қазіргі уақыттағы жүйеге қайта келеді, – деді Дмитрий Казанцев. Сонымен бірге, ол кәсіп­керлерге қарапайым және қол­жетімді формада қаражат қайтаруға өтінішті қалай беру керектігі, 2020 жылдан бастап шегерімдерді қолдануға қызметкердің өтініші қандай болуы тиіс, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кім төлеуі тиіс, фискалдық чекке қойылатын жаңа талаптар қандай, кассалық аппараттағы чектің максималды сомасы қандай болуы мүмкін, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде фискалдық чекті қалай пайдалану керектігі жөнінде айтып берді.

Кәсіпкерлер бақылау-кассалық машина мен POS терминалды қолданбау үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы, мемлекеттен салық cash back деген не, 2020 жылдан бастап талап қою мерзімінің азаюы, тіркелген салықты алып тастау, тағы басқалары туралы білді.

Кәсіпкерлер өз тараптарынан жарнамаға салық және жарнама деп танылатын нысандарды білу, тәуекелдерді басқару жүйесі салықтық тексеруге қалай әсер етеді, ал экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші ресурстарды басқару жүйесіне қалай әсер етеді, 2020 жылы электронды есеп фактураларын жазып беруге кім міндетті және «бір күндік» фирмаларды анықтау қалай және электронды есеп фактураларын бұғаттауға қалай әсер етеді, 2020 жылдан бастап ілеспе жүкқұжаттар қандай болуы тиіс деген сұрақтарға жауап іздеді.

- Бұл семинар біздің кәсіпкерлерге салық салу ерекшелігі бойынша жақсы мағлұматтар беруде. Себебі, 2020 жылдан бастап салық төлемдері саласында үлкен өзгерістер енгізіліп отыр. Сондай-ақ, биылдан бастап салықтық төлемдер мен тексерістер бойынша мораторий жарияланды. Бү­гін­гі таңда облыста 122 мың­нан аса кәсіпкер тіркелген. Бұл мораторий біздің аймақтың 110 мыңнан аса кәсіпкеріне оң әсерін тигізеді деп есептейміз. Бұл олардың жұмысына және бизнесті одан әрі дамытуына оң ықпал етеді деген ойдамын, - деді Алматы об­лыс­тық кәсіпкерлер па­ла­тасы директорының эко­но­микалық мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Оңалбаев.

Конференцияға қаты­су­­шыларды Қытайдан жеткізілетін тауарлар туралы өз­ара ақпарат алмасу тақырыптары, Еуразиялық экономикалық одақ кеден шегарасы арқылы өтуге болатын ақша сомасы, 2020 жылдан бастап тапсырыстық сәлемдемелерді әкелу нормалары, Қазақстаннан тыс жерлерде жылжымайтын мүлкі, шоттары, карточкалары және өзге де активтері бар жеке тұлғалардың есептері, көлеңкелі экономикамен кү­рес жайлы тақырыптар ерек­­ше қызықтырып, қызу тал­қыланды.

Конференцияға облыс орталығынан және аудандардан үш жүзден аса кәсіпкер мен бухгалтер қатысты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды