Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КӨПБАЛАЛЫ АНА: "КӘСІБІМДІ 200 МЫҢ ТЕҢГЕМЕН БАСТАДЫМ"

Уақыты: 10.03.2020
Оқылды: 415

Елімізде жыл сайын өз кәсібін өрістеткендер саны көбейіп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік әліппесін меңгеруден көпбалалы аналар да қалыс қалып жатқан жоқ. Олар бизнес бағдарламасын жан-жақты меңгеріп, кәсіпкерлік негізін үйреніп, бүгінде республикамызда өз ісін дөңгелетіп жатыр. Солардың бірі – көксулық көпбалалы ана Динара Жүнісова.

Бүгінде «Бастау» дүкендер желісі мен наубайхана жұмысын жандандырып отырған кәсіпкер шаруасын 2004 жылы 200 мың теңгемен бастаған. О баста қаражатқа үйінің жанынан шағын дүкен ашып, шаруасын кеңейтуге күш салады. Бұл жөнінде Динара:

– Бастапқыда кәсіпті ашқан кезде қиын болды. Өйткені, айта салу оңай көрінеді емес пе? Бірақ көптен бері жоспар құрып жүргендіктен тәуекелге бардық. Бүгін, міне, жемісін көріп отырмыз. Қиыншылық тудырғаны құжат жинау болды. Белгіленген комиссияның бәрінен ойдағыдай өтіп, «Бастау» дүкені ашылды. Араға 3 жыл салып, наубайхана аштық, – дейді.

Ол қазіргі таңда «Бастау – 2», «Бастау – 3» атты дүкендер желісін қалыптастырып үлгерді. Кәсіпкер жұбайы Қуат­пен Қымбат, Ками­ла, Даяна, Асан мен Дас­тан есімді бес бала тәрбиелеуде. Алғашын­да көпбалалы ана Динара балаларына ар­нап  тәтті тоқаштар мен нан өнімдерін үйден пісіріп, тапсырыстарды орындап отырды. Шағын наубайхананы неліктен ашқандығына тоқталған кәсіпкер:

– Тұтынушылар тарапынан нан өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Күнделікті астан бастап, үлкен жиындарға дейін дастарқан мәзірінің сәні нансыз кірмейтіні де сондықтан. Оның үстіне, нан өнімдері кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінде табылуы тиіс. Осы тектес сұраныстарды қанағаттандырып, дәмді нан өнімдерін шығаруды мақсат еттік, – дейді. Айта кетерлігі, «Бастау» наубайхана өнімдері тек көксулықтардың ғана емес, талдықорғандықтардың да дастарқанынан табылады.

Цех, өнім қоятын орын және нан өнімдерін сақтайтын қойма қарастырылған ғимаратқа 15 адамды тұрақты жұмысқа тартып, түрлі нан өнімдерін шығарып жүр. Түске дейін ұн иленіп, түстен кейін өнім пісірілсе, тасымалдаушылар таңертеңгілік дүкендер мен үйлерге нан өнімдерін таратып шығады. Осылайша, өндірісі аз уақыттың ішінде кең етек жайған шағын орталық жұмысы сапалы өнімімен тез  сұранысқа ие болды. Қазір кәсіпкер күнделікті әзірленген өнімдерін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды. Тұрақты сатып алушылары бар.

Өнім сапасы жағынан наубайхана иесі қиналып отырған жоқ. Бір өнім шығармас бұрын оның сапасына мән беру керектігі – кәсіпкерліктің мызғымас шарты. Сондықтан, сапа сұранысқа сай болу үшін жаңа технология мен техникалық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Жеке кәсіпкер бұл жағын да назардан тыс қалдырмады. Нан өнімдерін пісіретін арнайы техникалар мен пештердің жұмыс процесін үнемі назарда ұстайды. Автоматты жүйеде наубайханада қарабидай нанының 4 түрі, тоқаш, бауырсақ, бөлке нан, батон, таба нан шығарылуда.

– Алдағы жылы тағы бір дүкен ашсақ дейміз. Одан бөлек, наубайхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысты жаңа серпінмен жалғастыру да жоспарда бар. Өз басым ауданымыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне, жұмыссыздықтың азаюына кішкене болса да септігімді тигізіп отырғаныма қуаныштымын. «Еңбек еткен адамның еңсесі биік» демекші, төккен терімнің арқасында абыройлымын. Ұрпақтарымның да жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ешкімге алақан жаймайтын еңбексүйгіш болғанын қалаймын, – дейді несібелі кәсіптен нәпақасын тауып отырған Динара.

«Бірінші кезекте, жастар бірін-бірі бағалай білуі керек. Сабырлылықты серік етсе, шаңырақтары шайқалмайды. Сонымен қатар, ашу – дұшпан екенін әркез естен шығармағандары абзал». Бұл – өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, 3 немере қызығына тоймай отырған жанның жастарға айтар ақылы.

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы

Алматы облысы