Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"МОЛАЯ ТҮСТІ": КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ ТАБЫС ТАБУДЫҢ ҚҰПИЯСЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 19.03.2020
Оқылды: 393

Қымыз-қымыранын дәріптеп, кәсіптен нәсібін тауып отырған жанның жетістікке жетуі естіген құлаққа оңай болғанымен, машақаты жетерлік. Тағдыры сынады, бірақ сынбады. Қай саланы таңдаса да тағдыры шыр айналдырып кәсіпке алып келе берді. Есесіне өмірге есесі кетпеді. Оқырманға жол тартқан материалымызда есебі түгел, еңбекке епті кәсіпкер әйелдің өмір жолынан сыр тарқатпақпыз.

Шарбат Сайылбекова Кеген ауылында дүниеге келген. Ө. Жаңабаев атындағы орта мектепте 9-сыныпқа дейін білім алып, 1992 жылы Алматыдағы филология бағытындағы түрік сыныбында оқуын аяқтайды. Алайда кейіпкеріміз ары қарай филологияны жалғастырмай, бала күнгі актриса болу арманын жүзеге асырғысы келеді. 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына емтихан тапсырады. Бірақ барлық емтиханнан сәтті өтсе де түсе алмай, көз жасын төккені әлі есінде.

Озат оқушы ауылға оқуға түспей қалдым деп келуге намыстанады. Қай жерде болса да шапшаңдық танытатын қайсар қыз уақытымды бір жылға өлтіргенше басқа жаққан тағдыр-талайымды сынап көрейін деген оймен Алматы заң академиясын бітіреді. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтынан информатика мамандығын игереді. «Адамның басы Алланың добы» дегендей, тіршілік керуенінде Шарбат бірнеше мекемеде абыройлы қызмет атқарады. Бұлай жүре берсе, жастық дәурені жанталаспен өтетінін ерте білген ол өз алдына кәсіп ашуды жоспарлайды. Өзі де, жолдасы да мемлекеттік қызметте жүріп, аудан орталығынан үй алады.

Кегеннен несие беретін банк филиалының ашылуына ықпал етіп, туған елінің ертеңін ойлап жүретін еңбекқор әйел кейіннен бизнеске біржола ат басын бұрып, Кегеннен «Second hand» ашады.

– Алғашында аяқкиім саттым. Себебі, сол тұста бізде шетелдік аяқкиім сұранысқа ие еді. Мен ұсынған тауар құны 1500, ең қымбаты 3000 теңге болды. Тұтынушылар күннен-күнге көбейді. Алматыдан күн аралатып зат тасымалдайтын болдым. Қыстың күндері таңғы сағат 10-нан түстен кейінгі 3-ке дейін әкелген дүниелер таусылып қалатын. Кейіннен қарыздансақ та, аудан орталығынан екі қабатты «Шарбат» дүкенін аштық. Оның бірінші қабатында азық-түлік сатылса, екінші қабатында киім-кешек, ыдыс-аяқ саудаланды. Шүкіршілік, бәрі өз арнасына түсіп, нәсібіміз молая түсті, – дейді кәсіпкер.

Табандылық танытқан жанға табыс таудай үйіліп келетіні рас. Оған кейіпкердің жүріп өткен жолы дәлел. Мұнымен тоқтап қалуды жөн көрмеген ол өз ісін одан ары дамытуды мақсат етті. Ата-анасының кәсібін жандандырып, халыққа қызмет етудің түрлі жолдарын қарастырды. Өңірде кенже қалып, мүлде ашылмаған шаруа бастауды жөн көрді.

Нәтижесінде, бизнесте толағай табысқа жеткен кегендік ару туризмді дамыту үшін қонақүй салып, келген қонаққа жылы-жұмсағын әзірледі. Қонақжайлығымен көптің көңілінен шығып, өзіне де өзгеге де жағдай жасап отыр. Тіпті, кәсібін кеңінен таныту үшін ғаламторда да жарнама беріп, жаңа технологияның мүмкіндіктерін жаратуда.

«Қалауын тапса, қар жанар» деген осы шығар?! Шарбат сияқты қайсар жанның жұлдызының жануы оның жұмысқа деген махаббаты мен өмірге деген құлшынысының жемісі деп айтуға толықтай негіз бар. 2018 жылы 100 адамға арналған қазақ үй пошымды салтанат сарайын салды. Ұлттық нақыштағы бұл мейрамханаға қуаныш тойларын өткізетін елдің қарасы қалың.

«Басты себеп көрсетілетін қызмет сапасының жоғары болуында», – дейді кәсіпкер ханым. Ас мәзірін табиғи таза өнімнен ғана дайындайтын мейрамхананың басты ерекшелігі – мұнда барлығы халал. Арақ-шарап ішілмейді. Тек қымыз, саумал, ірімшік, құрт, май, кілегей, қуырдақ, сірне сияқты қазаққа тән дәмдер дастарқан көркіне айналған.

Шөбі шүйгін дарқан дала төсінде 30 бие ұстап отырған Шарбат Айтжанқызы тек қана өзінің қалтасының қамын ойлап қоймай, көршілерінің де табысты болуына септігін тигізіп отыр. Ол қалай дейсіз бе? Өзінің саумал, қымызымен қоса Құдай қосқан көрші сауыншылардың да саумалын сатып, табыс тауып әрі сауап жинап көмектесіп отырған жайы бар. Бүгінде аталған қызмет көрсету кешені «Шарбат» деп аталады.

– Әкем қымыз бен саумалды қымызханамызға күнделікті жеткізіп тұрады. Таза, табиғи Қамбар ата түлігінің сүтіне, ұлттық өнімге қашанда сұраныс жоғары, – дейді кешен иесі. – Қазіргі уақытта тек Кеген, Райымбек қана емес, Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарымен қоса Алматы қаласыннан да тапсырыс жиі түседі. Оларға арнайы жеткізіп беру қызметін де қарастырғанбыз. Қымызханамыз күрежолдың үстінде болғандықтан күнделікті 300 литрге дейін қымыз саудаланады. Шетелдік туристердің де ұлттық сусынға қызығушылығы басым. Арнайы тоқтап, қалағанынша қазақтың дастарқанынан ауқаттанып, қымыз, шұбатпен шөлін басады.

Бесаспап ханымның кәсібі мұнымен шектелмеген. Қазір ол бал сатумен де айналысады. Әкесінің шабындық жерін омарташыға жалға беріп, ақшаның орнына бал алып, оны да кәдеге жаратуда. Кейіпкеріміз әрбір бастаған ісінен нәтиже шығара біледі. Міне, осылайша бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, бір ұл, екі қыз өсірген ғазиз ананың бағы кәсіптен жанды. Еңбегі еш кетпеді, керісінше, ризығы еселенді. Тәңір ащыны ұсынғанда тартынбады, тәтті сыйын бергенде тәубесінен жаңылмады. Міне, оның жетістігінің сыры да осында.

Анар САБЫРҚЫЗЫ

Кеген ауданы

Алматы облысы