"ӘРБІР ҚАЗАҚ КИСЕ ЕКЕН": ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНДА ОЮЛЫ ЕТІКТЕР ШЫҒАРЫЛАДЫ

Уақыты: 25.03.2020
Оқылды: 3047
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ұзынағаш ауылында етік тігетін «Қадам КZ» атты шағын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда жылдың барлық мезгіліне арналған аяқкиімдер таза былғарыдан қолмен тігіледі.

Ерлер мен әйелдерге арналған аяқкиімдер сапалы әрі сан түрлі. Бұған деін тек тапсырыспен жұмыс істеп келген кәсіпорын иесі Әсел Өмірбекова жуырда аудан орталығынан дүкен ашып, тамаша өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сөреге қойылған бояуы қанық дүниелер келушілер назарын бірден аударып, тіпті, әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Көздің жауын алар тартымды бұйымдар шетелдің бренд тауарларынан кем түспейтіні бірден аңғарылады. Жеке кәсіпкердің былғары аяқкиімдері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі көрме-байқауларда жоғары сапасымен, ұлттық нақышта шебер орындалуымен танылып үлгерді. Оны үлкен көрмелерде шетелдіктер қызыға сатып алып жатады.

Әсел Болатқызының айтуынша, жоғары сапалы қайыс, былғары, қойдың жүні сияқты таза табиғи өнімдерден әзірленген аяқкиімдеріне бүгінде сұраныс жоғары. Мұндай бұйым аяққа жайлы, терлетпейді, жағымсыз иісі жоқ. Етіктің өзінің сан түрі шығарылады. Күнделікті киетіні де, қазақтың қошқармүйіз оюы салынып, түрлі түспен үйлесім тапқан сахналық түрі де бар. Әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп, ұнатып, арнайы тапсырыс берушілер де көп. Өзге облыстардан да хабарласып, пікір-тілектерін білдіріп жатады екен. Етіктен өзге туфлилер, жаздық жеңіл аяқкиімдердің көптеген түрі тігіледі. Сонымен қатар, мұнда шапан, камзол, көйлек, кеудеше сияқты ұлттық киімдер де дайындалады.

Кішігірім цехта өзімен бірге тағы төрт адам жұмыс істейді. Шикізат ретіндегі тері отандық және Қырғызстан, Қытай, Түркия, Ресейден алынады. Етікші-ісмерлердің қолынан шыққан дүниелер бірден осындағы сауда сөрелеріне қойылады. Өйткені шеберлердің жұмыс орны да, дүкен де бір ғимаратта, Қарасай батыр көшесіндегі «Дархан» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан.

Он саусағынан өнер тамған жандар былғары мен қайыстан белдік, сөмке, әмиян, ағаштан астау, тостаған, ожау, табақ сияқты неше алуан қолөнер бұйымдарын да жасайды. Олардың қызметіне жүгінушілер арасында жай адамдар да, жекелеген әртістер мен өнер ұжымдары да жеткілікті. Тапсырыс бойынша қазақ батырының бастан аяққа дейінгі барлық киімдерін тігіпті.

Неге біздің қазақтың өзінің төл аяқкиімі жоқ деген сауал үнемі ойымда жүретін. Ақыры арманыма жеттім. Таза былғарыдан, қазақи нақышта аяқ- киімдер шығарып келеміз. Оюлы етіктердің ерекшелігі осында. Жай аяқкиімдерді кез келген сауда орнынан табуға болады, ал, менікі ою-өрнекпен, ұлттық нақышта әрленген. Осындай киімдерді әрбір қазақ кисе екен деймін. Ұлттық нақышта киінудің еш сөкеттігі жоқ. Қайта әдемі, ыңғайлы емес пе? – дейді ол.

Ұлттық нақышта етік тігуді кәсіпкер 2015 жылы бастаған. Қазақты әлемге танытудың жарқын бір жолын таңдап, тыңнан түрен салуға батыл кіріскен Әсел Болатқызы өнімдерін алдымен өз елімізге кеңінен таратсам дейді. Ол үшін өндірісін кеңейтіп, өңірлерден цехтар іске қосып, барлық облыс, аудан орталықтарынан дүкендер желісін ашсам деген үлкен жоспары бар. Биыл балалар аяқкиімін тігуді де қолға алмақшы. Үлкен іске қадам басқан «Қадамның» өнімдерін шетелге экспортқа шығару әу бастағы түпкі мақсат болғандықтан, ұйымның атауына Қазақстанда жасалғанын білдіретін «КZ» белгісін қосуының мәні де осында.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы