ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРЫ БІРНЕШЕ КӘСІП АШТЫ

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1479
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Бір қозы туса – бір түп жусанның артық шығатынын» көпбалалы аналар да нақты істерімен дәлелдеп келеді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті алып қана қоймай, оны кәдеге жарата бастаған көпбалалы аналардың қатары артуда. Оған Тұздыбастау ауылдық округіне қарасты «Дәстүр» мейрамханасында «Берекелі отбасы» атты отбасылық жәрмеңке-көрменің өткендігі дәлел. Аудандық ішкі саясат бөлімі ұйытқы болған бұл шараға кәсібін ашып, несібесін молайтып отырған көпбалалы отбасылар қатысты. Шараның ашылу салтанатында атаулы әлеуметтік көмек пен қайтарымсыз гранттар алып, мақсатты іске жұмсай  білген кәсіп иелерінің өнімдері орналасқан көрме көпшілік назарына ұсынылды.

– Шараның мақсаты – жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мән-жайын, яғни, өткен жылмен салыстырғандағы өзгерістерін түсіндіру. Сонымен қоса, көпбалалы аналардың жәрдемақыны күтіп үйде отырып қалмай, қолдан келер істерін ашуға жол сілтеу. Осы мақсатта қайтарымсыз грант ұтып алып, ісін бастап кеткен аналар бар. Қазір ниет етіп, жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан мүмкіндік көп. Қайта оқуына, кәсіпке келуіне, несие алуына жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, барлық жағдай жасауда, – деген аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Райхан Жүлімбетова одан әрі атаулы әлеуметтік көмекті төлеудегі өзгерістерді тілге тиек етті.

Былтыр ауданда атаулы әлеуметтік көмекті 6090 отбасы алса, биылғы жаңа формат бойынша берілетін АӘК-ке 945 өтініш түсіп, оларды учаскелік комиссия тексерістен өткізіп, саралауда. Жалпы, жыл басынан бері аталған шаралар бойынша мыңнан аса адам кеңес алған.

Бұл күнде аудан бойынша 4019 көпбалалы ана болса, олардың біразының балалары кәмелеттік жастан асқандар. Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, АӘК-ті 3591 отбасы алғандығы да әңгіме арқауына айналды.

– Олардың ішінде 127 көпбалалы ана қайтарымсыз грантты ұтып алғандар, оның 50-ден астамы 29 жасқа толмаған жастарға  тиесілі болса, 55-і  жәрдемақы алған аналар еншісінде, қалғаны үш айлық курстарда оқып, 250 мың теңгеден алса, аз қамтамасыз етілген отбасылар 505 мың теңгеден алып, кәсібін ашты. Қаржы алып қарап отырғандары жоқ, – дейді аталмыш мекеме басшысы.

Өткен жылы ауданда 367 адам 3 айлық курсты тамамдап, сертификаттарын алған.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР «Балалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес төрт және одан да көпбалалы отбасыларға тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлеу енгізілді. Бұл 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін көпбалалы отбасыларға (4 баладан жоғары) тағайындалған арнайы мемлекеттік жәрдемақы биылдан бастап Заңға сәйкес ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға ауыстырылып, төленеді.  Аталған Заңға сәйкес, жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты тағайындалатын болады. Тарқатып айтар болсақ, 4 балаға  42496 теңге (16,03 АЕК), 5 балаға  53127 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға  63757 теңге (24,05 АЕК), 7 және одан да жоғары балаға  74388 теңге (28,06 АЕК) төленетін болады.  Ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы барлық отбасының табысына қарамастан төленбек.

– Ал атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) отбасыларға да төленеді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АЭК төлемі тоқтатылатынын да естеріңізге салайын. Сондай-ақ, осы жылдан бастап табысы аз отбасылардың (АӘК алатын отбасыларға) балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Яғни, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ыстық тамақпен, оқу құралдарымен, мектеп киімдерімен және мектепке дейінгі жол шығындарымен қамтамасыз етіледі. Тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек 3 айда, яғни, әр тоқсан сайын бір төленетін болады, – деді мекеме басшысы.

– Кәсібімді ашпас бұрын, жұмыспен қамту орталығына барып, өзіме керекті ақпаратты алдым. Негізгі мамандығым – маникюр-подология болғандықтан тырнақты әрлеумен қатар оны емдеумен де айналысамыз. Осындай орталық ашу көптен бергі арманым болатын. Мемлекетіміздің көпбалалы аналарға жасап отырған қамқорлығының арқасында арнайы курстан өтіп, 505 мың теңге грантты ұтып алып, алты ай бұрын «Бота» атты сән салонымды аштым. Жұмыстың жүріп кетуіне подологияның әсері көп болды. Себебі, қыз-келіншектер тырнақ жасатуға барғанымен оның кейбірінен түрлі дерт туындайтынына мән бермейді, – деген  көпбалалы ана Ботагөз Қожақынбаева сән орталығында 6 адам жұмыс істейтінін айтты. – Оған қосымша сол маңайдан «Тюрбан-Талғар» деп аталатын сауда нүктесін ашып, сәнді орамалдар сатумен айналысамын. Оның негізін алматылық кәсіпкер Нүрия Мұхамеджанқызы қалаған. Мен сол кісімен келісімге келіп, Талғардан филиалын аштық. Басынан орамалы түспейтін әйел-аналардың сұранысы өте жоғары. Мұндағы мақсат – дайын орамалдарды әдемі тастармен безендіріп, әсемдеуде дизайндік жұмыстар жүргіземіз. Соның арқасында бір-біріне ұқсамайтын қолөнермен көмкерілген керемет орамалдар сатылымға шығарылады. Келешекте кәсібіміздің керегесін бұдан әрі кеңейтуге ниеттіміз.

Осылай деген 4 баланың анасы Ботагөз Өнербекқызы бұл күнде жұмыс көлемі ұлғайып, үлгере алмай жатқанын жасырмады. Діттеген нәтижеге жету үшін адамға талпыныс керектігін, бұл орайда күйеуінің де көмегі көп екенін ашып айтты.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге грант ұтып алған Белбұлақ ауылының 32 жастағы тұрғыны, 6 баланың анасы Гүлдана Убышева «PP_TATTILER» жеке кәсіп иесі атанып, «экочупс» өндіруді бастап кеткен.

– Қолыма тиген қаржыны игеріп, отандық өнім шығаруды көп ойладым. Қазіргі кезде балалар дүкенге кірсе денсаулыққа зиянды әсері көп тәттілерге өте әуес. Өзім 6 бала өсіріп отырғандықтан  бұл мәселе алаңдатпай қоймайды. Осы себепті, құрамында ешқандай қантсыз, глютенсіз, ГМО-сыз таза, табиғи экочупс шығаруды бастадым. Қайтарымсыз қаржыға осы өнімнің түрлі қалпын, духовтік шкафтарын, кептіретін аппараттарын, төсейтін тақтайларын сатып алдым. Жұмысым жаңа басталды. Аз уақытта нәтижесін көретін боламыз, – деген көпбалалы ана Гүлдана Убышева абысыны Айсана Асқарованың да табиғи, таза шоколодтар шығарумен айналысатынын қуана айтты.

«Абысын тату болса – ас көп» демекші, бір шаңырақ астында тұратын абысындардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етулері, отбасының ырыс-несібесін молайтумен қатар ортақ табыс табудың таптырмас көзіне айналғаны көпке үлгі.

Көпбалалы аналар басқосуында аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Дәулетбақов, «Кәусар» білім беру орталығының директоры Нәйля Үмбетова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Сәметовалар келелі кеңестерін айтып, іскер аналарға қолдау білдірді.

Еркін форматта өткен мазмұнды шарада мемлекеттік қолдауға ие аналар қатарынан бой көрсеткен Айнұр Тұран өзінің жалызбасты ана болғанына қарамастан кәсіпкерлікте оқып, сертификат алып, құрылыс материалдары – пеноблок шығарып жатқанын арқау етті. Бастапқыда алған 250 мың теңгеге Ресейден пеноблок шығаратын құрылғы алғанын, кейін жұмыс көлемі ұлғайғанда 6 пайыздық 4 млн. теңге несие алып, бизнес-жобаны толыққанды жүзеге асырғанын ортаға салды. Бұған қоса, макарон өнімдерін шығарумен де айналысуды қолға алуы қайсарлығын байқатады.

Осындай аналардың бірі, 5 баланың анасы Қазына Чассакбай болса темірден түйін түйіп, дәнекерлеу жұмысын атқаратын «Қазына» атты жеке кәсібін ашып, заманауи қоршаулар мен қақпалар жасаудың хас шеберіне айналғандарын мақтан етті.

Еңбектің жемісін көруде қиындық пен қызықты жайттардың да қатар жүретінін әңгімеге арқау еткен көпбалалы іскер әйелдер өзара мәре-сәре болысты. Олардың әрбірінің бойында қазақ әйелдеріне тән еңбекқорлық пен батылдық, табандылық бары аңғарылды. Халық санының артуына, ұрпағының көбеюіне ұлан-асыр тер төгіп жүрген мейірбан жандардың өзгеге иек артып, алақан жаймай, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып, өзін-өзі қамтамасыз етудегі ізденістері көңіл қуантады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы