"БӘРІ ТАҢ ҚАЛДЫ": ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ АЙЫМ ҚОЛДАН САБЫН ЖАСАЙДЫ

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1720
Бөлім: ОН САУСАҚ

Тұңғышы Аланның сүндет, Аманның шілдеханасына шақырылған қонақтарға ерекше сыйлық жасауды ойлаған Айым Дүйсенғалиқызы біраз дүкеннің табалдырығын тоздырған. Нәтижесінде, алматылық қыздардың қолдан жасаған сабыны жайлы ғаламтордан ақпарат көріп, сол іспен айналысуға білек сыбана кіріседі.

– Сабын жасаушылардың басым көпшілігі Алматы қаласында тұрады екен. Талдықорғаннан іздестіріп бір қызды таптым. Көп кеңесімен бөлісті. Ол қажетті заттарды Мәскеуден тапсырыс беріп алдыртқан екен. Қатты қызығушылық танытқаным соншалық, сабынды жасауға қажетті заттарды бірден алып, қос періштемнің тойына өз қолыммен ерекше сабын жасап шығардым. Өнімді қолыма алғанда өз-өзіме сенбедім. Таныстарыма ырымдап, балалы болсын деп кішкентай періште пішінді сабындарды сыйлағанда бәрі таң қалды. Құрбыларым бұл істен табыс табудың жолын айтты. Ойлана келе бес сабынға тапсырыс алдым. Қуанышымда шек болмады. Бұл істен ерекше шабыт алатынымды түсіндім. Менің жасаған сабындарымның қоспасы таза. Құрамында жануар майы, зиянды бояулар, консерванттар, химиялық реагенттер жоқ. Сабын қайнату – менің хоббиім, ал қолдан жасалған сабын – ол ең алдымен өзің, отбасың, туған-туыстарың және жақындарың үшін жасалған таза өнім. Балаларға, ересектерге арналған болса да мен асқан ұқыптылықпен жасаймын. Әр затқа махаббатпен қарау керек. Жұмысқа деген ынта жүректен шықса, нәтижесі де жүрекке жетеді деп ойлаймын,– дейді жас ана.

Айымның жұмысымен танысып көрдік. Сабын негізін кесіп алып, оны 20 секундқа қысқатолқынды пеште балқытады. Сабын негізі әбден ерігеннен кейін оны күнжіт дәнегімен байытты. Сосын бір шым-шым даршын және какаомен әрлеп, соңында ванильдің эфирлі майын қосып, әбден байытылған әрі әрленген негізді арнайы қалыпшаға салып, суытты. Шамамен 20 минутта сабын қатты. Қалыпшадан ажыратып, балаларына ұсынды. Бұл оның жұмыс барысындағы негізгі қағидасының бірі. Себебі, бала – өмірдің жалғасы.

Айым қазіргі таңда сабынның түр-түрін жасап шығарады. Әсіресе, тойбастарға арналған кішкентай балақайдың мүсініндегі сабындар тапсырысқа ие. Ал мереке қарсаңында көпшілік раушан гүлдің пішініндей жасалған өнімге сұранысты арттырады екен.

Жалпы, адам орташа есеппен алғанда күніне 3-4, жылына 1460 рет қолын жуады екен. Бір қызығы, жылдар өткен сайын сабын сапасын жоғалтпайды, керісінше, дұрыс сақталуымен жақсы қасиеттері артып, алғашқы жұпар иісі тамаша нәзік иіске өзгереді. Балалар сабыны көлемді көбік берумен қатар теріні құрғақ болудан сақтайды екен. Сабын таңдағанда көп адам құрамына мән бермейді, тек иісіне қарай таңдайды. Бұл – дұрыс емес. Сабын алатын кезде міндетті түрде құрамына назар аударған жөн.

Айым болашақта шағын дүкен ашсам деп армандайды. Қолға алған ісі жақсы нәтиже берсе, шағын цех ашу жоспарында бар. Табиғи әрі таза отандық өнімді көпшілікке ұсынып жүрген нәзік жанның алар асуы, бағындырар биігі көп болсын деп тілейміз.  

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы