"ҚЫЗУ ЖҰМЫС": ҚАРАТАЛДЫҚ ДИҚАНДАР КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІН ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙДІ

Уақыты: 22.04.2020
Оқылды: 1712
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көктем шығып, жер аяғы кебісімен диқан қауымының қауырт тірлігі басталады. Жер жыртып, тұқым себу жұмыстары жанданып, дала төсінде тракторлардың дауысы естіле бастады.

«Көктемнің бір күні – жылға азық» екенін жақсы білетін қараталдық шаруалар техникасын сақадай сайлап, егін егу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, аудан бойынша барлығы 5000 гектар сүдігер жырту, ылғал жабу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Айту би ауылдық округі 900 га, Балпық ауылдық округі 1000 га, Бастөбе ауылдық округі 860 га, Елтай ауылдық округі  200 гектар жерге дән сеппек. Сондай-ақ, Ескелді ауылдық округі 670 га, Жолбарыс батыр 700 га, Тастөбе ауылдық округі 520 га және Үштөбе қаласы 150 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр.

– Қазіргі таңда көпжылдық шөп тырмалау, жер жырту жұмыстары қарқын ала бастады. Жер кеуіп, күн жылына бастағалы егістікте қызу жұмыс басталып кетті. Аудан бойынша 788 гектар жерге жаздық бидай, 2564 гектар жерге арпа, 1367 гектар жерге қызылша, 1754 гектар жерге көкөніс және 1281 гектар жерге жүгері егу жоспарлануда, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Уәлиев.

Қазір көктемгі дала жұмыстарына қажетті ауылшарушалығы техникалары дайын. Сондай-ақ, 589 доңғалақты трактор, 30 дана ДТ-75 техникасы, 27 дана К-700, 78 сепкіш, 631 дана тырма, 195 дана соқа және 107 дана қопсытқыш әзірленген. Осылайша, қараталдық диқандар көктемнің әр күнін қалт жібермей, егін егу жұмыстарына кіріскен.

Асхат БАҚЫТҰЛЫ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды