ЖАЛАҢАШ АУЫЛЫНЫҢ КЕЛІНІ ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГЕТІН АТЕЛЬЕ АШТЫ

Уақыты: 26.05.2020
Оқылды: 1918
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жалаңаш ауылында тұратын Сандуғаш Оспанова - он саусағынан өнері төгіліп тұрған ісмер, іскер жан. Қызылорда облысының Шиелі ауданының бір қарлығашы.

Жалаңаш ауылының қадамы құтты ақ келіні жастайынан сүйікті анасы, қолөнер шебері Әсемгүлден көп нәрсе үйренген. Тоқыма тоқып, құрақ көрпе жасап, тігін машинасымен жұмыс істеуді меңгерген. Анасының ақ сүтімен, аялы алақаны, мейір-пейілімен бойына дарыған қолөнерін өмірлік мұратына айналдырған. Содан жаман болған жоқ. Іскер, еңбекқор қыз Алматы қаласындағы технологиялық колледжді модельер-құрастырушы мамандығы бойынша бітірді. Анасынан көрген, жиған-тергендерін арнайы оқу орнындағы білімі, іс-тәжірибесімен одан әрі молықтырып, толықтырды.

Келін болып түскеннен кейін бойжеткен кезіндегі армандарын жүзеге асыруға тырысты. Бұл ойына, ел мен жерге қажетті игі мақсатына өмірлік жары, мектепте ұстаз болып еңбек ететін Еркебұлан қарсы болған жоқ. Қолынан келгенінше қолдауын көрсетті.

Сандуғаш аудандағы бір айлық кәсіпкерлік курсын бітірді. Ауылынан тігін ательесін ашу жөніндегі жобасымен 1 миллион теңге грант ұтып алды. Бұған қосымша жеңілдікпен несие алып, ауылдың орталығындағы базардан ғимарат сатып алып, заманға лайық жөндеуден өткізді. Оған онға тарта тігін машинасын, түрлі киім тігуге, әрлеуге, әдіптеуге арналған қажетті аппараттарын әкелді. Сөйтіп, «Шебер» атты тігін ательесі есігін ашты.

Тігін тігуге қолының икемі бар екі адамды жұмыспен қамтыды. Сандуғаштай шебер қолды ақ келіннің тігін цехы сол күннен бастап елдің игілігіне айналды. Тігін цехы барлық жастағы ерлер мен әйелдерге қажетті киімдерді тігеді. Әсіресе, жасөспірім қыздар мен балаларға ұлттық киімдер әзірлейді. Ұлтымыздың ою-өрнектерімен әдіптелген үлкендердің сырт киімдері де жасалады. Терезе перделерін, төсек, диван жапқыштарын, жастықшаларын, қыз жасауларын дайындайды. Бірнеше ауыл қарайтын, 5 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдық округтің орталығы болғандықтан сұраныс жақсы. Келушілерді жылы қабағымен қарсы алып, дене-бойларын өлшеп алып, қажетті материалдарын кесіп, пішіп тігуге дайындап жатқан да Сандуғаштың өзі.

Он саусағының өнері жүзін нұрландырып, ісін ілгерілетіп, жанын албыратып отырған Сандуғаш алды оннан асқан екі ұл мен екі қыздың анасы. Отауларына бақыт пен Тасним, Кәусар, Мирас, Манас атты балапандарының базарын орнатқан жаны жайдары, жүрегі жұмсақ құтты келін. Жалаңаш ауылының орталығындағы «Шебер» атты тігінхананың есігі үнемі ашық. Жұртына жайлы қызметтерін ұсынып, көптің алғысын арқалап келе жатқан Сандуғаш бастаған тігіншілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы