ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ ЖҰМЫСШЫЛАРЫН КӨБЕЙТТІ

Уақыты: 22.05.2020
Оқылды: 1021
Бөлім: ОН САУСАҚ

Індетке байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Жамбыл ауданында біраз азамат жұмыссыз қалған болатын. Қарақыстақтағы «Табыс» шаруа қожалығында бұл уақытта еңбеккерлердің қысқартылуына жол берілмей, керісінше, қосымша жұмыс орындары құрылды.

«Табыс» шаруа қожалығының тауарлы-сүт кешені 2017 жылы Қарақыстақ ауылында іске қосылған болатын. Заманауи үлгіде 600 басқа арнап салынған сиыр фермасы шетелдік озық құрал-жабдықтармен жарақтанған.

Шаруашылықтың жұмысы бүгінде табысты жүргізілуде. Қожалық иесі Талғат Естібековтың айтуынша, мемлекет тарапынан ауылшаруашылығына көрсетілген қолдаудың арқасында шаруашылықтың ісі ілгері басты. Қожалық төтенше жағдай кезінде де өз жұмысын жалғастырып, көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай атқарды. Мұнда қолдағы ірі қараның күтімімен қатар мал азығының берік қоры жасалды. Оған қажетті жаздық арпа, сүрлемдік жүгері сияқты дақылдардың тұқымы топыраққа оңтайлы мерзімде сіңірілді.

Кәсіпкер шаруа қожалығындағы жұмыс күшін арттырып, адам санын 36-дан 50-ге жеткізді.

- Оларға осындай қиын кезеңде демеу болуды азаматтық борышым деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұтымды шешімінің арқасында біз әлем алдында коронавируспен белсенді күресіп, оны барынша тежеп отырған ел болып танылдық. Президентіміз Қазақстан халқын әлеуметтік жағынан қолдаудың түрлі шараларын жасауды тапсырды. Соның арқасында миллиондаған отандасымыз мемлекеттің нақты қамқорлығына ие болды. Біздің күшіміз бірлікте екеніне бұл жолы да анық көзіміз жетті. Баршаңызға амандық тілеймін, – дейді кәсіпкер Талғат Естібеков.

Қожалықта Украинадан әкелінген асыл тұқымды «Гольштейн» сиырлары сауылады. Мұнда аталған тұқымның 600 бас ірі қарасы кезең-кезеңімен жеткізіліп, жерсіндірілген болатын. Полтава облысынан алғашқы лекпен әкелінген құнажындар осында бұзаулап, бүгінде олардан өрбіген төлдің екі-үш буыны қалыптасты. Алдағы уақытта тауарлы- сүт кешені толық қуатымен жұмыс істегенде мұнда жылына 6 мың тонна сүт өндірілетін болады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы