"125 МЫҢ ТҮПКЕ ЖЕТТІ": ТҮРКИЯДАН ӘКЕЛІНГЕН КӨШЕТТЕР БІР ЖЫЛДА ӨНІМ БЕРЕДІ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1369
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ауданда өндіріске заманауи әдістер енгізіп, келешектегі мол табыстың алғышартын қамдап жатқан кәсіп иелері баршылық. Ауылшаруашылығы саласында озық технологияны қолдану арқылы жұмысын жаңаша ұйымдастырған шаруашылықтардың бірі – «Атек Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Аталған серіктестікті кәсіпкер Айжан Сәулехат 2017 жылы құрып, өсімдік шаруашылығында тың ізденіспен үлкен жұмыс бастады. Ол интенсивті технологияны пайдалану арқылы алма бағын өсіруді қолға алды. Осы мақсатпен аудан орталығы Ұзынағаш ауылының тау жақ шетінен 54 гектар жер алды. Бір жыл өткен соң оған алма ағашының алғашқы көшеттері егілді. Бақ аумағы мал кірмейтіндей мықтап қоршалды. Отырғызылған көшет санын былтырғы көктемде 125 мың түпке жеткізді.

Жас көшеттер тігілген әрбір қатарға тіреуіш бағандар орнатылып, оған сүйеуіш сымдар тартылды. Сол маңнан су сақтайтын үлкен екі тоған қазылып, судың ысырап болмауы үшін түбі мен жағалауы арнайы поли-этилен материалдарымен қымталды. Жасанды көлге жиналған суды соратын сорғылар, оны алқап басына жеткізу жүйесі де орнатылды. Одан әрі әрбір талдың түбіне тамшылатып суару тармақтары қойылды. Осы технологияның барлық сайманы – Израиль елінен алынған әлемдік озық үлгідегі құрал-жабдықтар. Ал алма көшеттерінің басым бөлігі Түркиядан әкелінді.

Аталған серіктестікте 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Бүгінде мұнда алманың Голден Делишес, Греми Смит, Айдарлет, Пинт Леди сияқты  сегіз сорты интенсивті технологияны қолдану арқылы тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Ондағы ағаштың әр талы арнайы есептелген отырғызу сызбасына сай егілген. Агротехнологиялық жұмыстардың бәрін Түркияның мердігер компаниясы жүргізіпті.

Жобаның жалпы құны 850 миллион теңгені құрайды. Оның 70 пайызы мемлекеттің қолдауы арқылы қаржыландырылса, қалған 30 пайызы кәсіпкердің жеке өз қаражаты есебінен атқарылған. Жаңа алмабақ енді бір жылдан кейін өнім бере бастайды деп күтілуде.

Заманауи алма бағын жайқалтуды шындап қолға алған Айжан Сәулехат бұл ісін одан әрі кеңейтуді көздейді. Бұл орайда бақтың жанынан алманы қайта өңдеп, одан шырын, тосап тәрізді түрлі өнім шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Жалпы аграрлы өңір саналатын ауданда 699 гектар алма бағы бар. Кейінгі үш жылдың ішінде мұнда 5 шаруашылықтың күшімен 264 гектар жерге бақ отырғызылды. Оның ішінде 200 гектар жаңғақ, 31 гектар таңқурай плантациялары  бар. Ауданда сегіз шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісін қолданады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы