"СЕНБЕЙТІН ЕДІМ": ҚОЛӨНЕРШІ ҚЫЗ ЖЕКЕ ХОББИІ ҮШІН ГРАНТ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 17.06.2020
Оқылды: 1395
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсіпкерлер палатасында сұранысқа ие жобалардың бірі – «Бизнес бастау» оқу курсы. Жобаға қатысушылардың бірі – Альфия ДҮЙСЕМБІНОВА. Оның қолдан сыйлық жасау өнері (handmade) жеке хоббиі болатын. Ол халыққа ерекше сыйлықтар ұсынуды ойластырып, қолдан жасалған түрлі бұйымдар шығара бастайды.

Халықтың сұранысын байқаған Альфия қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлайды. Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» оқу курсына қатысып, кәсіпкерлік әлеміне  бағыт алған ол өз идеясын инновациялық грантқа ұсынды. Нәтижесінде, грант иегері атанып, берілген қаражатқа осы бұйымдарды жасап шығаруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазіргі уақытта шағын дүкен ашып, өз бұйымдарын ұсынып жүрген жас кәсіпкер мемлекеттің беріп жатқан көмегіне дән риза.

– Біз, ең алдымен, өз көзқарасымызды өзгертуіміз керек екен. Жақсы ойлар нәтижелі жұмыстың негізі болатынына көзім жетті. Осы хоббимен айналысып жүргенде мемлекеттен көмек алуға болады дегенге еш сенбейтін едім. «Бизнес бастау» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздері туралы ақпарат алдым. Содан кейін қызығушылығымды кәсіпке айналдыру мақсатында жобамды инновациялық грантқа ұсындым. Грант иегері атанғаныма қуаныштымын, – дейді Альфия Қайратқызы.

Жас кәсіпкердің бойына тігіншілік пен қолөнер анасы Света Ақболатовадан дарыған көрінеді. Мектеп кезінен ән мен биге жақын болған ол 7-сыныпта өзі өзбек халқының ұлттық киімін тігіп, соны киіп өнер көрсеткен. Тіпті, 4-сыныпта ұстазы Гүлнар Сырымбетованың пластилиннен жасаған гүлін мақтағаны оның қолөнерге деген қызығушылығын оятқандай. Балалық ынтызарлық хоббиіне айналып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп, жеке кәсіпкер атануына сеп болды.

«Бизнес бастауға» қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грант қаражатына іс машинасы, маникен, жұмыс үстелі, орындық, үтік сынды қажетті заттар мен материалдар сатып алады. Оған қосымша 300 мың теңгеге несие рәсімдеп, алғашқы салым ретінде салды. Алғашында қолда бар мата, қағаз бен моншақтан 2 гүл, 2 шашқа тағатын бұйым жасап, “Инстаграмдағы” парақшасына суретін жүктейді. Ол бұйымдары аз ғана уақыттың ішінде сатылып, жаңасына тапсырыс түсе бастайды. Осылайша ол жалға орын алып, шағын дүкен ашты. Жұмысының ілгері басқанына 5 айдай уақыт болған.

– Жоғары оқу орнын мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бойынша аяқтадым. Балабақшада да жұмыс істедім. Сол кездері ай сайын кемінде 1-2 ертеңгілік ұйымдастыратынбыз. Балақайларға жалға болсын түрлі, әдемі нақыштағы көйлектер іздеу қиыншылық туғызды. Содан ол да өзімнің көптен бері ойлап жүрген арманымды қамшылай түсті. Енді, міне, 10-сыныпқа дейінгі оқушыларға тапсырыс бойынша әр ұлттың киімдерін тігемін. Дайындарын жалға өткіземін, – дейді жалғызбасты ана.

Түрлі-түсті лентадан жасалып, әдемі қағазға оралған гүлдің екі құшағын жасау үшін бір күн уақыты кетеді. Бағасы да қолжетімді. Жұмыстың қиындығына байланысты 1500 теңгеден басталады. Одан бөлек, қыздарға арналған әшекей-бұйымдарын таза хрусталь, сваровский тастарымен көмкереді. Сатып алушының қалтасына да қараған ол тек қолданған заттарының ғана бағасын есептеп, өзінің еңбегін қоспай сатылымға шығарады.

«Ұлттық қолөнерді дамытқым келеді. Үйренемін деушілерге әрдайым есігі ашық мектеп ашуды жоспарлап отырмын. Қазір жалға бергенге деп кейбір киімдерді сатып аламын. Сатушылардан отандық өнім бе деп сұрасаң, Қырғызстан, Қытай деп жауап береді. Қазақстаннан тек тапсырыс бойынша ғана жасай алады. Мен бұл олқылықтың орнын толтырып, отандық өнімді шығарсам деймін. Киімдерді де қазіргі уақытта реставрациямен ғана айналысып жүрмін. Енді әдемі нақышта, әдемі киімдер тігіп үйренуді көздеп отырмын», – деген жас кәсіпкердің болашаққа құрған жоспарлары да ауқымды. Тігіншілікті өзі үйренген ол өзінің шеберлігін одан сайын шыңдап, бар білгенін үйреткісі келеді.

Елдегі жағдайға қарамастан Альфияның жұмысы тоқтаған жоқ. Ол үйден тапсырыс қабылдап, айналымға салған қаражатының бір бөлігін болсын шығарып отырды. Ең қынжылатыны – көбінің қолөнерді бағаламауы. Бұл туралы: «Дүкенде тұрған уақытта көпшілігі шаш бұйымын сұрағанда, фирманың тауары екен деп қалады. Тіпті, қолдан жасалған құшақ гүлдерді көріп, мұрындарын тыжырайтқандары да кездесті. Десе де, кейбірі қолдан жасалған сыйлықты сыйласаң, өмір бойына естелік емес пе деген сөздері жанымды жылытады. Жұмысымның зая кетпегенін білдіреді», – дейді.

Бұйымдары ерекше қыздың өмірлік ұстанымы да ерек. Оның айтуынша, ешкімге ақталып, өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеудің қажеті жоқ. «Бастысы, шүкіршілік ете білу керек. Одан кейін өзіңе деген сенімділік пен сабыр қажет. Қиыншылық әр адамның басында кездеседі», – деген ол:

– Үйде құр босқа жатпау керек. Қолыңнан келмесе, үйреніп, өзіңнің қызығушылығыңды дамыт. Бір жұмыспен шектеліп қалмау маңызды. Одан кейін түрлі кітаптар оқып, тренингтерге қатысып, шыңдалу қажет. Барлығы бірден дұрыс болады деген түсінік қате. Еңбек етсең, ол өз нәтижесін береді, – деп қатарластарына өзінің түйген ойын жеткізді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы