"СҰРАНЫС КӨП": МҰХАМЕТ ӘУЛЕТІ ИРАНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ҚЫЗАНАҚ ӨСІРЕДІ

Уақыты: 30.06.2020
Оқылды: 1271
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талғар ауданында жалпы ауданы 7,3 гектар 9 меншік иесімен 18 жылыжай жұмыс істейді. Олардың 3-уі өнеркәсіптік болса, 15 жылыжай фермерлік. Жылыжаймен айналысып отырған шаруа қожалықтарының 1-ші дақыл айналымында алынған өнімі 710 тоннаны құраған. Солардың көшбасында Талғар қаласындағы жеке кәсіпкер Сәуле Тоқтамысқызының меншігіндегі 1000 шаршы метрге орналасқан «Мұхамет» жылыжайында алақанға сыймайтын алқызыл қызанақтар көз жауын ала, жайқалып тұрғанын көрдік.

Қақаған қаңтар айынан бастап қолға алған жылыжай шаруашылығының бір арнаға түсуі оңайға соқпаған. Ирандық технологияны пайдалана отырып, тамшылата суару әдісімен өсірілген өнімнің бастапқыда пайдадан гөрі шығыны көп болғандығын жасырмайды.

- Кез келген істің басталуы төзімділік пен шыдамдылықты, сондай-ақ, ерінбей еңбектенуді талап етері даусыз. Біз де осы белестен өттік. Қыстың суығында жылыжайды жылыту да оңайға түспеді. Уақыт келе тәжірибе жинақтап, қызанақты күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгердік. Соның нәтижесінде алғашқы өнім жаман болмады. Бірінші дақылдан 3 тонна қызанақ жинап, өткіздік. Шығын ақталмағанмен, тәжірибеміздің толысқанына қуандық, – дейді Сәуле Мұхаметова.

Көгілдір газбен жылытылатын жылыжайдың өнімі табиғи әрі құнарлылығы жоғары қара топыраққа отырғызылған. Оған қоса, минералды тыңайтқыштар пайдаланудың арқасында жоғары сапалы отандық өнім алудың мүмкіндігі артқан. Ұзақты күн күтімді қажет ететін жылыжай қызанағы әлі күнге өз тұтынушыларының таптырмас тапсырысын арттырып, өнімдері өтімділік танытуда.

Бұл күнде жылыжай өндірісін дамытып отырған Мұхаметтер отбасы қызанаққа қосымша 8 сотоқ жерге жаздық қияр егіп, алғашқы өнімін жинай бастағандығы байқалады. Сөйтіп, еңбекқор отбасының білек сыбана кіріскен істері ілгерілеп, отандық өнім өндірудің озық үлгісін көрсетуге көшкен келісті тірліктері көз сүйсінтті. Жылыжай жұмысын жандандыруда анасының оң қолына айналған ұлы Аманжол да тынымсыз тер төгіп, қызанақ пен қиярды табыс көзіне айналдыруға бар күш-жігерін, білім-білігін жұмылдырып келеді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы