"АҒАШҚА ЖАҚЫНДЫҒЫМ СОДАН ДА БОЛҒАН ШЫҒАР": ЖИҺАЗ ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР

Уақыты: 01.08.2020
Оқылды: 1347
Бөлім: ОН САУСАҚ

Облыс орталығынан, Алматы қаласынан ең шалғай орналасқан Кеген ауданында заманауи үй жиһаздарын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жалаулы ауылында тұратын Ерболат Қыдырқожа атты іскер, шебер қолды азамат ауылдың ішінен үй жиһаздарын жасауды қолына алған. Сонау 1998 жылдан басталған бұл игілікті жұмыстың сабақты ине сәтімен жүзеге асқанына, міне, тұп-тура 22 жыл болыпты. Қазір Ерболаттың  жиһаз жасайтын бірнеше жұмыс бөлмесі бар. Аталған шеберханасында жиһаз жасауға қажетті электр қуатымен жұмыс істейтін құрал-жабдық, қондырғылар іске жарап тұр.

Ерболат Қыдырқожа Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Сондағы    Ы. Көшкінов атындағы орта мектептің түлегі. Ресей жерінде  әскери борышын өтеген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде заңгер болсам деген арманы орындалмаса да қазіргі жұмысына көңілі тоқ. Біраз жыл Ұзынбұлақ ауылындағы шаруашылықтарда есепші, «Жауқазын» балабақшасында меңгерушінің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. Жалаулы ауылына қоныс аударғаннан кейінгі жүзеге асырған шаруасы дәл осы үй жиһазын шығаратын цех болды. 
– Әкем Ақжолбай Қыдырқожаев өз тұсында Кеген ауылында архитектор болып еңбек етті. Шаруашылықтарда прораб болды. Менің ағашқа жақындығым содан да болған шығар деймін. Анам Сарахан Алматы қаласында кенже ұлының қолында тұрады, –  дейді Ерболат.
Ерболаттың жұмыс орнын, жиһаз жасайтын цехын аралап көрдік. Бір жерде қажетті материал кесіліп, дайындалса, екінші жерде жиһаз құрастырылады. Үшінші орында сырланады екен. Ұлдары Данияр мен Бақтияр белсенді көмекшілері. «Шебердің қолы ортақ», «Ат тұяғын тай басар» демекші, Данияр да он саусағы өнерге толы жігіт. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына қарасты өнер колледжінің музыкалық аспаптар жасайтын бөлімін бітіріп шығыпты. Қазір ұлт аспаптарын, оның ішінде домбыра жасаудың шебері. Қолынан шыққан қоңыр домбыралары сұранысқа ие. Данияр қондырғылардың да жұмысын жақсы меңгерген. Түрлі үй жиһазының жобасын жасайтын білімді дизайнер. Әкесінің жүргізіп келе жатқан жұмысына кең тыныс ашып, үлкен көмек көрсетіп жүргеніне қуанып қалдық. Жаз маусымында сұраныстың көп кезінде Бауыржан Мұратұлы, Тұрар Тұрсынбайұлы секілді азаматтар көмектесіп тұрады. 
Шын мәнінде, Ерболат ауылдың бірнеше тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Биыл елудің бесеуіне келетін Ерболат үй жиһаздарына қажетті материалды сырттан әкеледі. Содан кейін сұраныс берген тұрғындардың бөлмесін өлшеп, соған орай ас бөлмесіне, жатын орнына, қонақ бөлмесіне қажетті үй жиһазын, стол, орындық, төсек, тағы да басқа дүниелерді жасап, үйіне әкеліп орнатып береді. Ерболаттың ағаш цехынан шығып жататын үй жиһаздарының бағасы қолайлы. Аудан орталығындағы жиһаз сататын дүкендердегі дүниелерден әлдеқайда арзан. Жиһаздардың берік, сапалы, заманға лайық жасалатынын да орнымен айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, Жалаулыдай шағын ауылда тұратын Ерболаттың үй жиһаздарына сұраныс жақсы. 
Біз сөз етіп отырған үй жиһаздарын жасайтын цехтың жетекшісі Ерболат Қыдырқожа ауылдағы өнегелі отбасының иесі. Жарық дүниеге 2 ұл, 4 қызын әкелген зайыбы Бақытгүл Қораласова «Күміс алқалы» ана.  Ақниет атты алтындай келіні бар. Қуандық, Айкөркем атты немерелері жандарының жұбанышы. 3 қызын ұзатыпты. Фаризадай қызы дәрігер. Аидадай қызы мұғалім. Дамирадай қызы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық университетінің музыкалық бөлімін бітіріпті. Назирадай қызы 7-сыныпта оқып жүр. 
– Алға қойған мақсаттарым бар. Жаңадан үлкен үй тұрғызып, осы мекенжайды үй жиһазын жасайтын үлкен цехқа айналдырсам деймін. Жаңадан жиһаз жасайтын 6 құрылғы  әкелінеді. Іргелі цехта аз дегенде 6-7 адам жұмыс істейтін болады. Өнімдерімізді өткізетін арнайы орындар ашсақ, жұмысымыз одан сайын жақсара түсері сөзсіз, – дейді Ерболат ойында жүрген жоспарын алға тартып.
Ауылда заманға лайық сәнді де салтанатты, көз тартар көрікті үй жиһаздарын жасайтын Ерболаттай іскер, еңбекқор, шебер қолды азаматқа аудан тарапынан қолдау қажет. Оның ұзақмерзімді, қолайлы пайызбен несие алуына көмектесу керек. Ерболаттың игілікті ісін көзбен көргеннен кейінгі ішке түйген ойымыз осы болды. Өйткені, ауылдың ішінен заманауи үй жиһазын жасап, шығарып жатқан цех жоқтың қасы. Біз Ерболат бастаған азаматтардың ісіне сәттілік тілеп аттандық.

Қ. САТЫБАЛДЫ.
Кеген ауданы