"КӨБІСІ БІРДЕН ӨТІП КЕТЕДІ": ОНЛАЙН САУДАНЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Уақыты: 04.09.2020
Оқылды: 2885
Бөлім: ОН САУСАҚ

Интернет. Бұл бүгінгі күннің ауадай қажет дүниесі десек, артық болмас. Шынымен де, біздің өміріміздің өзі тұтас ғаламтормен байланысты болып кетті. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты мұның да пайдасы мен зияны бар. Соңғы жылдары елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Мұндағы мақсат – цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Иә, ғаламторды игеріп, электронды түрде қажетті дүниелерге қол жеткізу ісі ілгерілеп келеді. Десе де, бұл бағдарламаның иісін сезбеген шалғай ауылдар да жоқ емес. Бұл кемшілік болашақта жойылатыны анық. Бірақ бұл бөлек әңгіме. Біздің қозғайтын тақырыбымыз аталған бағдарламамен байланысты әлемдік экономикадағы жаңа тренд, сауда жасаудың заманауи түрі – онлайн-сауда.

Қалаған дүниеңізді алу үшін базар, дүкен аралап аяқтан тозбай, үйіңізде отырып-ақ тапсырыс бере алатын мүмкіндік біздің елде де бар. Алайда бұл мүмкіндікті әрбір қазақстандық пайдаланып отыр дей алмаймыз. Аталған сауданың түрі біздің елде күн өткен сайын қарқын алып келеді. Әсіресе, елдегі карантиндік жағдайда онлайн-сауда қыза түскені анық. Бұл сауда уақыт үнемдеудің ең тиімді жолын көрсетті.

Елімізде интернет-дүкендер уақыт көшімен дамып келе жатса да, қазақстандықтардың басым көпшілігі шетелдік интернет-дүкеннен сауда жасайды. Оған миллионнан аса тауар ұсынатын қытайлық «Alibaba», қазіргі уақытта қыз-келіншектер көп қолданатын корей косметикасы мен тауарларын сататын «Joom» және тағы да басқа шетелдік дүкендер дәлел.

Онлайн-сауда бойынша дүниежүзінде бірінші орында тұрған ел – Қытай. Мұнда ұлттық бөлшек тауар айналымындағы электрондық сауданың үлесі – 23,7 пайыз- ды құрайды. Америка Құрама Штаттарында соңғы 2 жылда 10 мыңнан астам дүкен жабылған. Алдағы 5 жылда мұнда сауда орталықтарының 20-25 пайызы жабылуы мүмкін. Бұл елде онлайн-сауданың дамуы 10,8 пайыз болса, Оңтүстік Кореяда 7,2 пайызды құрайды.

Осы тұста «отандастарымыз неге шетелдік дүкеннің тауарына көп тапсырыс береді?» деген сұрақ туындайтыны анық. Оған біз бірінші елдегі интернет саудасына арналған арнайы заңның жоқтығын алға тартамыз. Мәселен, Еуропада ғаламтор арқылы сапасыз тауар сатқан саудагерге ірі көлемде айыппұл салынады. Сондықтан шетелдік интернет-дүкен иелері әділетті жұмыс істеп, тұтынушылардың көңілінен шығу үшін алаяқтыққа жол бермейді. Тұтынушылар риза болса, сауданың да қыза түсетіні анық. Сол үшін де халық интернет-дүкендердің өніміне толық сенім артқандықтан тапсырыс саны артады. Отандастарымыздың не себепті шетелдік интернет-дүкендердің дүниелеріне әуес болатынын осыдан-ақ білсек болады.

Біздегі онлайн-саудада біраз кемшілік бары анық. Елдегі интернет-дүкендердің ішінде жақсы нәтиже көрсететіндері де бар. Алайда қазір көпшілік «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы сауда жасайды. Тұтынушының ақшасын алып, тапсырысын жеткізбей, хабарласқан нөмірді жойып, талай жанды сан соқтырып жатқандар да жоқ емес. Тұтынушының көз жауын алатын әдемі бұйымдар мен қажетті құрал-жабдықтармен безендірілген интернет-дүкенге тапсырыс берер кезде сатып алушы ең бірінші компанияның мекенжайы, телефон нөмірі, тіпті, саудалауға рұқсат беретін сертификатқа көңіл бөлуі керек. Алайда біз жоғарыда аталған дүниелерге зер сала бермей, соңынан опық жеп жатамыз. Егер «сатып алынған тауар кері қайтарылмайды және ауыстырылмайды» дегенді оқысаңыз, күдіктене берсеңіз болады. Бір сөзбен айтқанда, интернет саудаға арнайы Заң енгізілмей бұл кемшіліктер жойылмайтыны анық.

Интернет-дүкеннің қыры мен сырын меңгерген ақсулық Назерке Спанова электрондық сауда тауар айналымының шексіз ұлғаюына, әлемнің кез келген жеріндегі кез келген нарыққа шығу үшін үлкен мүмкіндік беретінін айтады. Жыл басынан ашқан интернет-дүкенінде Түркия елінен арнайы тапсырыспен алдыртатын әйел адамдардың киімдерін сатады.

– Уақыт өз мүмкіндігін жібермейді. Күнде бір жаңа зат шығатын технология ғасырында өмір сүріп жатқандықтан бәрі ғаламтормен тікелей байланысты болып кетті. Ол да дұрыс шығар, бәлкім? Ең алғаш онлайн-сауда шығып жатқан кезде өзіме қажетті киімді тапсырыспен алып көргенмін. Суреттен көргенім басқа, алған тауарым мүлде басқа болып шыққанда қатты ренжігенмін. Сатушыға хабарласқанымда бар кінәні өзіме артып қойды. Осындай кемшілікке бой алдырмас үшін бұл сауда жайлы көп оқыдым. Декреттік демалыста отырғандықтан қосымша жұмыспен айналысу үшін интернет-дүкен аштым. Бірақ бұл жұмыстың да өз қиыншылығы бар. Күн-түн демей интернет-дүкеннің есігі әрдайым ашық тұруы керек. Тұтынушылардың сұрағына бірден жауап жазып, тауарды басқа қалаға жеткізу жұмысының барлығы өзіме артылғандықтан біраз қиналып қаламын. Бірақ жақындарымның қолдауының арқасында қиындықтармен күресіп келемін. Мен алатын Түркия тауарларының өлшемдерін нақты білу үшін тұтынушыларға сантиметрмен жазылған кесте жіберемін. Олар қажетті өлшемді өздері таңдайды. Тауар сапалы әрі қолжетімді бағада болғандықтан тауардың көбісі бірден өтіп кетеді. Саудадағы баға тұтынушылардың да көңілінен шығуы керек. Әсіресе, қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Сол үшін тауар үстінен көп қоспауға тырысамын. Бір айдың ішінде сатылмай қалған киімдерді жеңілдікпен болмаса көпбалалы отбасыларға, қыздарға сыйлық ретінде ұсынамын. Ең бастысы – әр істің берекесін берсін, – деген жас ана интернет-дүкен иелеріне саудадағы адалдықты, әділеттілікті, тазалықты ұмытпауға кеңес береді. 

Онлайн-саудада көп сатылатын тауар – киім. Қай кезде де бұл өнімді тұтынатындардың саны азаймаған. Әсіресе, балалар киіміне сұраныс көп түседі. Талай жылдан бері балалар киімін арнайы дүкенде сатып жүрген талдықорғандық Әсел Тоқтарқызы карантин кезінде де саудасын бір күн де тоқтатпаған. Дүкендегі киімдерін «Инстаграм» желісіндегі парақшасына жүктеп, оқырмандарының назарына ұсынып жүрсе де бұған аса мән бере қоймаған. Алайда індетке байланысты үлкен сауда үйлері өз жұмысын тоқтатқан соң сауданы үйде отырып жасауға тура келген.

Енді ол онлайн-сауданың көзін тауып, дүкен сөрелеріндегі сапалы тауарларын республиканың кез келген бұрышына жеткізудің көзін тапқан. Талдықорғандық тұтынушыларға карантиндік талапты сақтай отырып, тапсырыс берген дүниесін есігінің алдына дейін жеткізіп береді. Қала ішіне жеткізу тегін. Оның айтуынша, егер тауар сапалы әрі қолжетімді болса, тұтынушымен дұрыс жұмыс істей алсаңыз онлайн-сауда жақсы.

– Дүкен ашып, балалар киімін сатып жатқаныма шамамен бес жыл болды. Ара-тұра «Инстаграм» парақшама киімдерді салып қоятынмын. Тұтынушылар парақшадан көріп, дүкенге келетін. Қазір бұл жүйені ауыстырдым. Тікелей парақша арқылы сауда жасап жатырмын. Онлайн-сауда әлдеқайда тиімді екеніне көзім жетті. Мысалы, дүкенді жалға аламыз, коммуналдық төлемі бар дегендей. Оның барлығы ақша. Ал интернет-дүкен бұл жағынан келгенде өте тиімді екен. Мұндағы басты қағида – адалдық. Егер тұтынушының алған тауары баласына тар не үлкен болса, кері қайтарып, басқасын алуына болады. Карантин кезінде де саудам тоқтаған жоқ. Дүкеннен үйге алып келген тауардың басым көпшілігі өтіп кетті. Болашақта дүкенімді жауып, отбасымның қасында отырып-ақ интернет-дүкен ашып, сауда жасай беремін деген ойға келдім. Интернет-дүкендер көп болғандықтан бәсеке болатыны анық. Ол үшін тауар мен бағаға қатты көңіл бөлу керек, – дейді Әсел Тоқтарқызы.

Соңғы уақытта тағамға тапсырыс беру үшін де қажетті тетікті басып, үйіңізде күтіп отыра бересіз. Дәмді тағам санаулы уақытта-ақ дастарқаныңызға жеткізіледі. Тағам өнімдеріне әсіресе, жастар жағы көп тапсырыс береді. Олар дәмді әрі тез жасалатын фаст-фудтық тағамдарды көп тұтынатындықтан, тағамның онлайн-саудасы қызып тұр десек те болады. Қысқасы, қазіргі таңда базар араламай, дүкен табалдырығын тоздырмай, дәмханаға кезекке тұрмай қажет дүниеңізге үйіңізде отырып-ақ тапсырыс бере аласыз.

Иә, қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Тек көзін тапса болғаны. Әсіресе, технологияның дамып, ғаламтордың дәуірі жүріп тұрған кезде кәсіп көзін ашатындарға еш кедергі жоқ. Ең бастысы, онлайн-сауда жасауда интернет-дүкенді жан-жақты зерттеп, кері байланыс орнатып барып, тапсырыс бергеніңіз жөн. Сақтықта қорлық жоғын ұмытпаңыз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан