"ҚОЙ БАҒУДЫҢ ҚЫЗЫҒЫНАН ГӨРІ ҚИЫНДЫҒЫ КӨП": ШОПАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 2607
Бөлім: ОН САУСАҚ

Атамыз қазақтың негізгі кәсібі шопандық бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие. Себебі, мал басының өсуіне байланысты жарнамамен қойшы, малшы іздейтіндер көп. Бірақ олардың талабы бойынша талапкер малдың жай-күйін жақсы біліп, тұяқты малды жаюдың қыр-сырын жетік меңгеруі шарт.

Бір қарағанда оңай көрінетін ондай талаптарға жетік адам аз. Сондай тәжірибелі шопандардың қатарында Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің малшысы Ыдырыс Дәуітов бар.

Еліміз тәуелсіздігін жаңа алып жатқан тұста әкесі Сәрсембайдың ақ таяғын ата дәстүрмен қолына алып, мал бағуға шығады. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Алғашында көрген ауыртпалық жайында айтқысы келмейді. Бірақ қаршадайынан әкесінің жанында жүріп үйренгені әжетке жарап, баққан қойының күйлі болуына барын салды. Облысқа белгілі коммандиттік серіктестіктің қойын жаз шыға Шажа өзенінің басындағы Ойсаз жайлауына жеткізіп, үш ай құнарлы көкке тойдырып қайтады. Жаз бойы қалың қарағай, жақпар жартас қоршаған жердің сонысын жеген мыңға жуық қой түлігі шөп сарғая бастағанда Қаратал өзенінің бойындағы күздеуге көшеді. Оған дейін 200 километрге тең қашықтық жатыр.

– Ойсаз жайлауына биыл екінші рет шығып отырмыз. Кіші Шажа өзенінің аңғарын алып жатқан жайлауға жыл сайын шамамен сексенге жуық малшы шығады. Олардың қатарында қой отары, жылқы мен сиыр табыны, түйе келесі бар. Соның басым бөлігі сиыр мен жылқы. – деген Ыдырыс Сәрсембайұлы әйелі Эльвира Ибраимова өзіне көмекші ретінде айлық алатынын айтады. – Мал бағудың өзіндік жақсылығы бар. Әлгі ертеректе айтылатын: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мәтелдегідей екендігі рас. Бір отардың малшысы ретінде әйеліміз екеумізге жалақы төлейді. Осы қойшылық жолға түскеніме 25 жыл болыпты. Әкемнің ақ таяғын алып, кәсібін жалғастырдым. Алғашында ауылдың кезегінен бастап баққан қой шаруашылығының қиындығы мен ауыртпалығына төзіп келеміз. Оның қызығынан гөрі қиындығы көп. Қыстың қақаған аязында, көктем мен күздегі ақ жаңбырдың ызғарында кәдімгідей қиналып қаламыз. Ондайда тіпті: «Қойда нем бар еді?!» деген ой да көкейге келіп қалады. Әр нәрсенің қиындығы болады, соған төзе білу керек. Ай сайын еңбекақымыз бар, қосымша азық-түлік беріледі. Басшымызға, ұжымымызға ризамыз. Біздің коммандиттік серіктестікте 12-13 отар қой бар. Біздің бағып отырғанымыз тұсақ қой, биыл күйекке түседі. Енді аз күнде күздеуге көшеміз. Айналамыздағылар түгелге жуық көшіп кетті.

Күнгейін қойтасты беткей, теріскейін қарағайлы тоғай қоршаған Ойсаз жайлауына әупірімдеп жеткен бізді шұбырған жылқы мен сиыр табыны, қой отары қарсы алды. Күркіреген тау өзенін жағалай түскен қара жолдың шаңын шығарған төрт түлік туған жердің көркі екендігін еске түсірді. Оны бағу, өсіру, күтіп-баптау үлкен еңбекті, қажырлы қайратты талап етеді.

Табиғаттың тұмса сұлулығына күнделікті көз суарып, жаз жайлаудың қызылды-жасылды қызығын көрген Ыдырыс шопанның ақшаңқан киіз үйі сонадайдан көрінеді. Үлкен ұлы Төрегелді күздеуге бет түзер көшке қолқабыс ету үшін қаладағы жұмысын тастап, ата-анасына көмекке келіпті. Киіз үйдің батысындағы ойпатта жатқан қойды қайырып, ас қамдауға демеу көрсеткен ұлдың келін түсіруін күтіп жүргенін анасы айтып қалды. Дәстүр сабақтастығы деген осы болса керек.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Бас сурет ғаламтордан алынды