ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЕУРОПАЛЫҚ ЖАҢҒАҚ АҒАШТАРЫ ЖАЙҚАЛЫП ТҰР

Уақыты: 20.09.2020
Оқылды: 1566
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбекшіқазақ ауданының тұмса табиғатына тамсана қарайсыз. Мұнда не өспейді дейсіз, бәрі де өседі. Құнарлы топырағы, жайлы климаты өсімдіктер дүниесіне өте қолайлы. Түгін тартсаң майы шығатын жердің нақ өзі. Тіпті, шетелден әкелінген жеміс ағашының көшеті де тамырын тереңге жайып жатыр. Оған Түрген ауылына барған кезде көзіңіз анық жетеді.

«Интеграция-Түрген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты алқапта жаңғақ ағаштары жайқалып тұр. Бұл – жай жаңғақ емес, әлемдік нарықта сұранысқа ие жеміс ағаштары.

Осыдан үш жыл бұрын, яғни, 2017 жылы Қазақстандағы Жүзім, жаңғақ және жеміс-жидек өсірушілер қауымдастығы Еуропада өсетін жаңғақ ағаштарының көшеттерін осында жерсіндіріп, болашақта еліміздегі жаңғақ шаруашылығын дамытып, оны әлемдік нарыққа шығару үшін үлкен істі бастап кеткен болатын. Тәжірибелік бақ ретінде «Интеграция-Түргеннің» егіс алқабы таңдалып алынды.

Сол жылы жаңғақ өсіруден атағы шыққан әйгілі итальяндық «Besana» компаниясының өкілдері Жетісу жеріне алғаш рет арнайы келген болатын. Тәжірибелі мамандар өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, жергілікті бағбандарды жаңа технологияға баулыды. Нәтижесінде шаруашылықтың 20 гектар жері жаңғақ өсірушілер үшін нағыз тәлімбаққа айналды.

Аталған тәлімбақта жыл сайын семинар-кеңес өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ауылшаруашылық еңбеккерлері мұнда жаңғақ өсірудің қыры мен сырына қанығады. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, олар мамандардың сөзін тыңдап қана қоймай, еуропалық көшеттердің қалай жерсініп жатқанын көздерімен көріп, қолдарымен ұстайды. Ең бастысы, отандық фермерлер озық технологияны шетел асып көріп әуре болмайды. Осындай мүмкіндік туғызып, жаңғақ шаруашылығының дамуына зор үлес қосып отырған Жүзім, жаңғақ және жеміс-жидек өсірушілер қауымдастығына және «Интеграция-Түрген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барлығы дән риза.

Сол дәстүрлі семинар-кеңес биыл да өз жалғасын тапты. Әлемді дендеген індет ауылшаруашылығына да оңай тимеді. Барыс-келіс, алыс-беріс тоқтады. Сондықтан биылғы жиынға итальяндық мамандар қатыса алмады. Әйтпесе, олар мұндай басқосудан ешқашан қалыс қалмайтын.

Семинар-кеңес ашық аспан астында өтті. Келушілер сақтық шараларын қатаң сақтады. Ең алдымен мінбеге аталған қауымдастықтың жауапты хатшысы Елена Курганова көтеріліп, ауылшаруашылығы саласы ел экономикасының драйвері екендігін пандемияның тағы бір дәлелдеп, көрсеткенін тілге тиек етті.

– Пандемияға қарамастан ауылшаруашылығы саласы жұмысын бір сәт те тоқтатқан емес. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі – басты мәселе. Біздің қауымдастықтың құрамына ғылыми-зерттеу институттары, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен фермерлер кіреді. Негізгі мақсатымыз – бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығу, сол арқылы ел экономикасын көтеру болып табылады. Соның бір мысалы, көз алдарыңыздағы жаңғақ плантациялары. Бұл жерге әлемдік нарықта сұранысқа ие жаңғақ көшеттері отырғызылды. Отандық ғалымдармен, шетелдік мамандармен бірлескен іс-тәжірибе өз жемісін береді деп сенеміз. Семинар-кеңесте осы жұмыстар жан-жақты әңгіме болады, – деді Елена Курганова.

Бұдан кейін сөз алған «Интеграция-Түрген» ЖШС директоры Мәншүк Жексембекова жаңғақ өсірудің тиімділігі туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, дүниежүзінде жаңғақ өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Жеміс ағаштарын өсіруде Италия, Түркия елдері көш бастап тұр. Соңғы жылдары Әзірбайжан мен Грузия алдыңғы орындарға шығыпты. Сондай-ақ, маман жиналғандарға еуропалық көшеттерді жерсіндіру жұмыстарының жайын бүге-шігесіне дейін айтып берді.

– 10 гектар жерге фундуктың 17 түрін, ал қалған 10 гектарына грек жаңғағының 21 сортын отырғыздық. Бұл жердегі мақсат – осы көшеттердің қайсысы біздің климатқа сай келетінін анықтау. Нәтижесінде солардың ішіндегі 4 сорты ғана жерсінді. Енді біз осы көшеттерді өз жерімізге сенімді түрде өсіре алатын жағдайға жеттік, – деді Мәншүк Абыханқызы.

Мәншүк Жексембекова «Интеграция-Түрген» ЖШС директоры ғана емес, сонымен қатар, еліміздегі Жүзім, жаңғақ және жеміс-жидек өсірушілер қауымдастығының жаңғақ саласы бойынша вице-президенті. Білікті фермер. Ұтқыр ұйымдастырушы. Бойындағы осындай қабілеттің арқасында шаруашылық жұмысын өрге сүйреп келеді. Қол астындағы жұмысшыларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Сондай шәкірттерінің бірі «Интеграция-Түрген» ЖШС директорының орынбасары Дәуір Момбаев. Қарапайым жұмысшыдан бастап шаруашылықтың басшысына дейін көтерілген ол Мәншүк Абыханқызын өзінің ұстазы санайды.

Дәуір семинар-кеңеске келушілерге жаңғақ плантацияларын аралатып көрсетті. Ондағы жұмыс процесімен таныстырды.

Маманның айтуынша, жаңғақ ағаштарын жер астымен тамшылатып суару әдісі өте тиімді. Бұл технологияны «Асуд» атты испан фирмасынан арнайы алдырған. Соның арқасында су да үнемделеді, жеміс ағаштары да жеткілікті нәр алады.

Жаңғақ өсірудің тағы бір тиімділігі – оның ұзақ уақыт сақталуында. Оған белгілі бір температурада арнайы қойма жасаудың да қажеті шамалы. Бір ағаш 40 жылға дейін жеміс береді. Сондай-ақ, олар ауруға өте төзімді.

Мәншүк Жексембекованың ендігі мақсаты – лаборатория жасақтау. Егер бұл іс жүзеге асатын болса, онда шетелдерден көшет тасудың керегі болмай қалады. Бұл  еліміздегі жаңғақ шаруашылығының өріс алуына үлкен септігін тигізеді.

Жиналғандар семинар-кеңестен жаңғақ өсірудің тиімділігі жайлы толыққанды ақпарат алып қайтты. Ең бастысы, отандық фермерлердің бұл салаға қызығушылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Жайқалып келе жатқан жеміс ағаштарына қарап, алдағы уақытта қазақстандық жаңғақтардың әлемдік нарықта өзіндік брэнд қалыптастыратына күмәніміз қалмады. Ол күндер де алыс емес.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы