ОБЛЫС ЖУРНАЛИСТЕРІ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 01.10.2020
Оқылды: 951
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы өкілдерінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өткізілді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып, бизнестерін жандандырып отырған кәсіпкерлердің бүгінгі тыныс-тіршіліктерімен танысу. Осы ретте тілшілер Талдықорған қаласында орналасқан бірнеше кәсіпорынды аралап, жұмыстарын көріп қайтты.

Алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалының директоры Тимур Екеев журналистерге сұхбат берді.

Тимур Жақсылықұлының айтуынша, «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биылдың бірінші қыркүйегіне аймақтағы кәсіпорындарға 250,7 млрд.теңгеге 960 жоба бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай қолдау көрсеткен. 540 жоба 22,8 млрд.теңге сомасында несиелік кепілдеме алған, кепілдіктердің жалпы сомасы – 8,3 млрд.теңге. Сондай-ақ, биыл жалпы несие сомасы 16 млрд.теңге болатын 104 жобаға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Несиелерді кепілдендіруге 5,7 млрд.теңге сомасында 81 жоба қол жеткізген, кепілдіктердің жалпы сомасы –1,5 млрд.теңге. Шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту мүмкіндігі ұсынылған субсидиялау шарттары бойынша кәсіпорындарына өнім өндірісі мен қызмет көрсету шоғырын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жабдықтар мен ғимараттар сатып алған және айналым қаражаттарын толықтырған.

Айта кетейік, 2010–2019 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде қолдауға ие болған облыстағы кәсіпорындар 1 841 533 млн.теңгеге өнім шығарып, 21 015 жұмыс орнын сақтаған және жаңадан 5 451 жұмыс орнын ашқан, сондай-ақ, жалпы 119 070 млн.теңгеге салықтар төлеген.

Ағымдағы жылдың 30 шілдесінен бастап «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында сыйақы мөлшерлемесін портфельдік субсидиялау және банктердің кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша кепілдік беру түрінде қаржылай қолдау көрсетілген. Енді банктер мен микроқаржы ұйымы портфельдік субсидиялау және кредитке кепілдік беру туралы шешімді өздері қабылдайды, «Даму» қорының келісімі қажет емес.

«Даму» қорының облыс бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Гүлназ Нұғманова бастаған журналистер тобы аталған қордың қолдауына ие болған компаниялар қатарындағы қазақстандық қазандық зауыты «ТeploStandart» ЖШС-не бас сұқты. Өндіріс орнындағы жұмыстармен аталмыш серіктестіктің директоры Дмитрий Страхов таныстырды. Байқағанымыздай, атшаптырым аумақтан орын тепкен зауытта бірқалыпты тіршілік.

Кәсіпорын 17 жылдан бері үйлер мен өндірістік ғимараттар үшін пештер мен қазандықтар шығарады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы 20 мың үй осы өндіріс орнында шығарылған қазандықтармен жылытылады. Сондай-ақ, ұйымның монтаждау жұмыстары бойынша 18 жылдық тәжірибесі бар, осы уақытқа дейін 1,5 мың нысанда монтаждау жүргізген.

Мұнда қазір 40 адам еңбек етеді. Өндіріс алаңындағы жұмысшылар өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқаруда. Олар шығарған дайын бұйымдар еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Жылына мың дана қазандық шығарылады. Дайын бұйымдарын саудалайтын дүкендері де бар.

Биыл «Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламаларының шеңберінде табақ ию білдектері мен лазерлік кескіштер сияқты жаңа құрал-жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттік қолдауға ие болған. Екінші деңгейлі банктен компанияға 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 55 млн. теңге сомасына несие берілген. Сондай-ақ, «Даму» қоры кәсіпорынға 27,5 млн.теңге сомасына несиеге кепілдендіруді ұсынған.

Қосымша білім беретін «Толқын» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын да көріп қайттық. Бұл орталық қаланың үшінші шағын ауданындағы бес қабатты үйлердің бірінің бірінші қабатында орналасыпты. Бізді қарсы алған аталмыш кәсіпкерліктің иесі Толқын Абуғалиева өздерінің бүгінгі беталыстары жайында айтып берді. Қосымша білім беру саласы бойынша қызмет көрсетіп отырған жас компанияда балалар ментальды арифметика, жылдам оқу, ағылшын тілін меңгеру сынды бағыттар бойынша білім алады.

Кәсіпкерге осы орталықты ашу үшін ғимарат қажет болып, 2018 жылы «Даму» қорының көмегіне жүгінген. Сөйтіп, компания облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлеме бойынша 16,2 млн. теңге сомасына жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. «Даму» қоры ұйымға 8 млн.теңге сомасына кепілдік ұсынған.

– Физика-математика мамандығы бойынша білім алдым. Қазір мұнда 5 адам қызмет етеді. Балаларға арналған бес кабинет бар. Карантин басталғанға дейін 160 бала оқыды, қазір олар біршама азайды. Десе де, ата-аналардың балаларын қосымша оқытуға деген талпынысы жоғары. Сол себепті, жұмысымызды одан әрі жандандырамыз деп отырмыз. Бизнесті дамыту үшін Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмектерге рахмет. Кәсіпкерлікті өрге сүйрейтін осындай игілікті істер жалғаса берсе деймін, – дейді Толқын Сарқытбекқызы.

Қалалық кафе-пиццерия «Сәттісі» ЖШС-не де барып, екіқабатты нысанға бас сұқтық. Заманауи үлгімен жабдықталған ғимараттың іші кең әрі жарық, жинақы да таза. Қызметкерлердің басым бөлігі жастар. Бас директоры Ирина Чен тілшілерге жұмыс үрдісін көрсетіп, сұхбат берді.

Аталған пиццериялар желісі қоғамдық тамақтану саласында 13 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Компания «Сала көшбасшысы – 2015», «KAZ FRANCH – 2014» марапаттарын иеленген.

Серіктестік алғашқы кезде ғимаратқа мұқтаж болып, «Даму» қорына қолдау алу үшін жүгінеді. Аталған серіктестік облыстық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктен 7 пайыз жылдық мөлшерлемемен 87 млн. теңге сомасына жеңілдікпен несие алыпты. «Даму» қоры 32,4 млн. теңге сомасына ұйымға кепілдік ұсынған.

Ирина Чен: «Біз жыл өткен сайын дамып келеміз. Компанияда 140 адам жұмыс істейді. Талдықорған қаласынан бөлек Қапшағайда да желілеріміз бар. Таяуда Алматыдан да осындай орындар ашпақпыз. Мұндай жақсы нәтижелерге ұжымымыздың ауызбірлігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жеңілдетілген несиеге іске қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан жеңілдіктерге алғыс айтамын. «Даму» қоры да барынша қол ұшын созуда. Осындай істер көбейсін деймін!», – деді.

Жеке кәсіпкер Динара Сағантайқызының «Di Art Stuio» атты сұлулық студиясы мен оқыту орталығын да көрдік. Шағын ғимаратта қыз-келіншектердің бет-әлпеті сұлуландырылып, тырнақ, қолдары ретке келтіріледі, түрлі шаш үлгілері жасалып, тұтынушының талабына сай қиылады. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған.

Бұл жердегі қыз-жігіттер келушілерге аталған қызмет түрлерін ұсынады. Сол жерде шеберлер тәжірибелерімен де бөлісіп, оқытады. Одан әрі компания жұмысқа орналастыруға көмектеседі.

Динара Сағантайқызы бізге өзінің дөңгелентіп отырған кәсібі жайлы қысқаша айтып берді. Оның мұндай кәсіп түрімен айналысқанына 17 жыл болыпты. Кәсіпкер келіншек «Даму» қорының ұсыныстарын қабылдай отырып, сұлулық салоны үшін ғимарат сатып алған. Сондай-ақ, оны жөндеуден өткізіп, іс жүргізуге керекті құрылғылар сатып алған.

Жалпы, бұл жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 9 млн.теңге сомасына несие ресімделген.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы