ТАЛДЫҚОРҒАНДА "СҰЛУ БОЛ" ӘЛЕУМЕТТІК СӘН САЛОНЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.10.2020
Оқылды: 1656
Бөлім: ОН САУСАҚ

Елімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда. Соның бірі – жастарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған ел тұрғындарын қолдауға бағытталған «Zhas Project» жобасы. Жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай-сай болғанымен қаржы қолбайлау болса, бизнес әлеміне еркін еніп кету мүмкін емес. Ал «Zhas Project» жобасы идеясы мол жастарға қаржылай демеушілік жасап, жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Осы жоба аясында кәсібін бастап, бүгінде үлкен кәсіпкер атанып жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар қаншама?!

Аталған байқаудың биылғы жеңімпазы Эльмира Балтықова Талдықорған төрінен «Сұлу бол» сән салонын ашып, тағдырлас жандарға қуаныш сыйлап қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, кедергісіз келешек есігінің айқара ашылуына біркісідей атсалысуда.

Өмірге құштар Эльмираның арманы – өз кәсібін ашу болатын. Арман жолында тынбай еңбек еткен нәзік жан мақсатына жетті. Бастаған ісіне қолдау көрсетіп, өмір жолында кездескен қиындықты бірге жеңіп келе жатқан өмірлік жары Нұрболатқа айтар алғысы көп. 
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға көп қолдау бар. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Біздің мүмкіндігіміз шектеулі емес. Керісінше, шексіз. Соны тиімді қолдана алсақ, біз алмайтын асу жоқ. Өткен жылы осы жобаға жолдасым қатысқан. Биыл мен бақ сынап, жеңіске қол жеткіздім. Бағыт-бағдарымды айқындап, барынша қолдау білдірген азаматыма ризамын. Осы істің алға басуына сіңірген еңбегі үшін рахмет айтқым келеді. Өзім секілді есту қабілетінен айырылған  қыздарға көмектесу мақсатында сұлулық салонын ашуыма себеп болған жақындарымның қолдауы бәрінен қымбат болды. Қазір біз ұжым болып еңбек етіп жатырмыз. 1, 2, 3 топ мүгедектігі бар нәзік жандарға бес ай көлемінде тегін тырнақ, шаш үлгісін, бетті әрлеу жұмыстарын  жасаймыз. «Сұлу бол» әлеуметтік сән салонында менімен қоса алғанда бес қыз жұмыс істейді. Төрт қыз есту мүмкіндігінен айырылған 3-топ мүгедегі. Осы күнге дейін 15 қыз-келіншекке тегін қызмет көрсеттік, – дейді салон иесі.

Эльмира адам ақшаға емес, ақша адамға жұмыс жасау керек деген ұстанымды ұстанады. Ең бірінші, өзімен тағдырлас жандарды қоғамға бейімдеу мақсатында осы іспен айналысуды жөн деп тапқан. Жұмыссыздық мехнатын ұзақ тартып, бірақ кейін еңбекке араласқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлап жүрген қазақтың қаршадай қызы алдағы уақытта да осы жолда тынбай еңбек ететіндігін айтты.

Адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектік кедергі бола алмайтынын айтқан шебер қыздар қоғамға пайда тигізіп жатқандарына дән риза.

- Адам алдына мақсат қоя білуі керек. Менің ақыл-есімнің дұрыстығынан асқан бақыт жоқ. Көшеде қайыр сұрап жүргендердің арасынан мүгедекті де, дені сау адамды да кездестіруге болады. Ондай адамдардың өздерінде ынта-жігер жоқ. Бос уақытта кітап оқып, түрлі кино көремін. Осының өзі маған көп жаңа дүние ойлауыма себеп болады. Қазір біз Эльмираның жеңісінің арқасында ай сайын айлық алып, жұмыс істеп жатырмыз. Бізге келген кісілердің риза болған жүздерін көруден асқан қуаныш жоқ. Осындай сәтте қоғамда алар орнымыздың бар екенін сезініп, қуанып қаламыз. Осындай қамқорлықты сезінуге себеп болған мемлекетте өмір сүріп жатқаныма ризамын, – дейді шаш үлгісін жасайтын маман Дана Сағатбекова.

«Zhas Project» жобасының негізгі шарты бойынша Эльмира Бақытжанқызының командасы 5 айда 50 адамға тегін қызмет көрсетуі керек. Олар бұл жоспарды асқан жауапкершілікпен орындауға дайын. «Тіпті, күніне қанша адам келсе де барлығына қуаныш сыйлап, көңілдерінен шығатындай жұмыс көрсету – негізгі мақсатымыз. Бір адамға болсын қуаныш сыйлау арқылы өмір сүруге деген құлшынысымыз артады», – дейді нәзік жандылар.

Сұлулыққа жаны құмар нәзік жандар 5 ай бойы тұрақты жалақы алып отырады. Олардың жоғары білімді мамандары 60 мың теңге қаражат алса, орта білімділері 40 мың теңгені қанағат тұтуда.

Қыздардың айтуынша, адал еңбекпен, маңдай термен тапқан ақшаның азы не көбі маңызды емес. Олар үшін тағдырлас жандарға қуаныш сыйлаудан артық бақыт жоқ. Осынау жауапты істі бір өзі арқалап, қаншама нәзік жанға қуаныш сыйлап жүрген Эльмира Балтықованың ісіне береке тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы