ФЕРМЕР ӘЙЕЛ: "ЖАЗҒЫ УАҚЫТТА 3,5-4 ТОННА ҚЫМЫЗ ДАЙЫНДАДЫҚ"

Уақыты: 06.10.2020
Оқылды: 1355
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кезекті сапарымызда Райымбек ауданындағы Төтенің өңірінде еңбекқор отбасын кездестірдік. Өмірлік несібелерін қарапайым еңбектерімен тауып жүрген жандар екен. Тамаша табиғатқа толы өңірде өмірлерін өткізіп келе жатқандарына бірсыпыра жыл болыпты. 

Отағасы Әкпар Ғымынқожа осы бір құтты да берекелі жерде төрт түлік малын өсіріп келеді. Отар қойы бар. Өздеріне жетерлік жылқы, сиырлары да жылда төлсіз емес. Отанасы Нұрбүбі Әнжебектің айналысатын шаруалары бізді қызықтырмай қойған жоқ. Қымыз өндірумен тұрақты айналысады. Мамыр айының соңғы күндерінен-ақ он шақты бие байлатып, қымыз өндірумен, оны ысталған күбіде дайындаумен әр күнін өткізеді. Тұрақты сұраныс бар. Әсіресе, қаладан келе жатқан жандар алдын ала қаражатын төлеп, кетерлерінде ала кетеді.

Әлемді алаңдатқан биылғыдай қауіпті індет кезінде қымызының дәмі де, бағасы да артты. Биыл әр литрін 500 теңгеден өткізіпті. Уақытылы бие сауып, қымыз дайындаудың қиындығы жетіп-артылады. Нұрбүбінің күнделікті жұмысы онымен бітпейді. Таң бозымен тұрып, он сиырын сауады. Одан маңызын, сары майын, құртын, ірімшігін әзірлейді. Сиыр сүтінен жасалған дәмді тағамдары жылдам өтеді. Осылайша, Нұрбүбі шаңырақтарының ырысын кіргізіп, берекесін арттыруда. Күніне 40 литрге дейін қымыз дайындайтын Нұрбүбі жаз маусымындағы 3 айда ұлттық сусын көлемін 3,5-4 тоннаға дейін арттырған. Бұл қауіпті індет өршіген уақытпен тұспа-тұс келеді.

Әкпар мен Нұрбүбідей қарапайым еңбек иелерінің «Аңсар» атты шаруа қожалығының да жағдайы жақсы. Төте деп аталар өңір малға аса жайлы жер. Мұндағы мал қысы-жазы өріске жайылады. Сиыр мен ұсақ мал үшін қосымша мал азығы дайындалады. Әкпардай шаруашылықтың басшысы малға арнап жайлы қора тұрғызған. Шаңырақтарында 3 ұл мен 2 қыз өсіп-өніп отыр. Әсемгүл мен Динарадай қыздарын ұзатып, өрістерін кеңейткен. Ерлан, Айдар, Аңсар атты ұлдары бар. Олар отау көтеріп, келін түсіріп, немере сүйсек деген асыл армандары да жоқ емес. Ол күн де алыс емес. Біз Төте асуындағы Әкпар мен Нұрбүбінің шаңырағынан жақсы көңілмен аттандық.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы