ҮШ ЖЫЛДАН БЕРІ ТАҢҚУРАЙ ӨСІРЕТІН ОТБАСЫ: "ӨНІМ ЖАМАН БОЛҒАН ЖОҚ"

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1280
Бөлім: ОН САУСАҚ

Берекелі күз айында ауданның дала еңбеккерлері жыл бойы төккен терінің жемісін теруде. Олардың еңбегіне куә болу үшін Ұзынағаш пен Ынтымақ ауылдарының аралығындағы егістік алқабына арнайы ат басын бұрдық.

Бізге алдымен осындағы жұмысқа бас-көз болып жүрген Орынбай Айнақұлов ұшырасты. Бұл – «Сабрина» шаруа қожалығының еңбекшісі екен. Осындағы үш гектар алқаптың қызанағын Райгүл Жолдасбаева, Паруаз Жұмамұратова сияқты тағы басқа да бірнеше жұмысшы теру үстінде. Жиналған өнім бір жерге жеткізіліп, қорапталып, жүк көлігіне тиелмек. Сол аралықта шағын жүк көлігі де келе қалды. Көлік рөлінде осы шаруа қожалығының төрағасы Салтанат Тәңірбергенованың өзі отыр.

Біздің облыстық басылымнан екенімізді білген ол шаруа жайын ашыла әңгімеледі. Оның сөзін отағасы Орынбай Яқыпбайұлы толықтырды.

– Қызанақтан бөлек мына алқаптың біраз бөлігіне таңқурай өсірдік. Піскен жемісін жақында ғана теріп алған едік. Оны мына шағын жәшіктерге мыжылмайтындай етіп мұқият салып қойдық. Шетінен өткізіп жатырмыз. Өнім жаман болған жоқ. Таңқурайды 2017 жылдың күзінде ектік. Сонда көшетінің әрбір талын 350 теңгеден сатып алғанбыз. Шаруа қожалығымыз да сол жылы құрылған. Бау-бақша өсірумен айналысамыз. Осында 30 түптен аса өрік ағашын да отырғызғанбыз, бұйыртса, келесі жылы жемісін бере бастайды. Сонымен қатар, құлпынай да ектік. Құлпынайдан биыл орта есеппен әр гектардан 15 центнерден өнім алдық, – дейді Салтанат Тұрғанбайқызы.

Орынбай мен Салтанат қожалық жұмысын өз күшімен, жеке қаржыларына ұйымдастырып, жүргізіп келеді. Оған дейін олар жеміс-жидекті алып сатумен айналысыпты. Алыпсатарлықтың ғұмыры ұзаққа бармасын сезген олар тікелей өздері өнім өндірмекке бел байлайды. Жастайынан өз отбасыларында еңбекқор болып өскен екеуі осылайша жеке шаруаларын дөңгелентіп отыр. Қазіргі уақытта қожалықта 15 шақты адам жұмысқа тартылған.

Еңбекқор жандар алға қойған жоспарларымен де бүкпесіз бөлісті. Тағы да жер алып, алма бағын жайқалтқылары келеді. Болашақта бау-бақша өсірумен қатар мал шаруашылығымен де шұғылданбаққа ниетті.

Қарғалы ауылында тұратын бұл жарасымды жұптың төрт баласы бар. Оның екеуі мектеп бітіріп, үлкені қалада жоғары оқу орнының бірінде оқиды, ал екіншісі жуырда Отан алдындағы әскери борышын атқарып келіпті. Орынбай мен Салтанаттың сөзінен олар ұл-қыздарын да өздері сияқты еңбекті сүюге тәрбиелейтіні анық сезіліп тұрды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы