АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 18-20-ДАҒЫ МИЛЛИОНЕР ҚЫЗДАР ТӘТТІ ПІСІРІП САТЫП ЖҮР

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1320
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ақсу ауданы Алтынарық ауылының тұрғындары Динара Талапқызы, Назерке Жетпісбай, Әдемі Алмасовалар шетінен миллионер ханым атанды. Олар қомақты соммаға «Zhas Рroject» жобасы арқылы қол жеткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

18-20 жастағы бойжеткендер І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгерлері. Олар «Тәтті-TIME» кондитерлер мектебін ашу жобасын ұсынады. Жобаның басты мақсаты – жұмыссыз қыз-келіншектерге түрлі кондитер өнімін пісіріп қана қоймай жаңа рецептерді ойлап табуға, пісіру және әрлеу өнерін жетік меңгеруге мүмкіндік береді.

«Zhas Рroject» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобаларын назарға алатын гранттық конкурс жеңімпаздарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік береді. Әр жобаға 1 миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға 5 ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы тағайындалады. Топ мүшелері 5 ай ішінде өз жобаларын жүзеге асыра алады. Ал жоба аяқталған соң, дайын өнімдерді сатып, кәсіпкерлікпен айналысуларына мүмкіндік болады.

Қыздар бүгінгі күні жобаны сәтті іске асыруда. Тәтті дайындауға ынталы 50 қыз-келіншектің тізімін де реттеп қойған. Олардың басым көпшілігі көпбалалы, жұмыссыз, аз қамтылған отбасы мүшелерінің нәзік жандары. Қазіргі таңда санитарлық талапқа сәйкес, 5 адамнан топтасып, курс жұмысы жүйелі түрде өткізілуде. Дайындалған өнімді өзара бөлісіп алады. Ал тәтті өнімнің бірі аз қамтылған, көпбалалы отбасыға қайырымдылық ретінде ұсынылады.

Қыздарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруші, жобаның алдыңғы қатысушысы - Қуаныш Мұхаметжанов. Топ мүшелері ай сайын ментормен кездесіп, ақыл-кеңес алуды негізгі міндетке айналдырған. Қыздардың ендігі арманы, алға қойған мақсаты – өз кәсіптерін ашып, өздеріне де, өзгеге де пайдасын тигізу. Біз тек сәттілік тілейміз.

Дина ӘБІЛМӘЖІНОВА

Алтынарық ауылы

Ақсу ауданы

Алматы облысы