ЛЕПСІНІҢ БАЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ БЫЛАЙ ҚОЙЫП, БҮКІЛ АЗИЯ НАРЫҒЫНА ШЫҚТЫ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ОН САУСАҚ

Лепсі ауылында тасы өрге домалап, елге пайдасын тигізіп отырған бал шаруашылығын ерекше атап өтуге болады. Аталған елді мекен тұрғындары мен алыс-жақын ауылдардың омарта ұстайтын шаруалары түгелдей өз өнімдерін Лепсі бал цехына өткізіп, табысқа кенелуде. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Тәтті тағамның айналымсыз тұрып қалуы деген әңгіме мүлде жоқ. Жыл он екі ай жұмысын тоқтатпайтын цехта іс те қызу. Төрт мезгілде де тоқтау көрмейтін мекемеде республика аумағынан бөлек шегара асып, шетелдерге экспортталатын түрлі бал өнімдері мен дәмі тіл үйіретін тосаптар дайындалады.

Өткен жылды толайым табыспен тамамдаған цехтың жетістігі де мол. Қазақстандық брендті әлемдік деңгейге шығарып жүрген «Лепсі өнімі» мекемесі 2016 жылдан бері талай биікті бағындырғанын көзіміз көріп-ақ жүр. Төрт жылдың ішінде тұғырын тіктеп, сапалы өнімнің арқасында тұрақты тұтынушыларын да тапқан.

Ең маңыздысы, екі жылдық тексеріс пен жіті қадағалаудың қорытындысы бойынша «Лепсі табиғи балы» дүниежүзілік деңгейде мойындалатын «Organic Standart» сертификатын да иеленген. Лепсі ауылына бірнеше мәрте сапарлай келген еуропалық эксперттер сапа мен қауіпсіздікке жүргізілген сынамаларды, цехта қолданылатын технологиялар мен жұмыс үлгісін, омарталардың стандарттарға сай келуі мен ауылдың табиғи-экологиялық ахуалын сараптай келе осындай шешімге келген болатын. Аталған сертификат цех өнімінің әлемдік нарықтағы беделін көтеріп, бәсекелестікке бейімділігін арттыра түспек. Сондай-ақ, мекеменің имиджін еселеп, Еуропаға жаңа есік ашып отыр.

Ауылдың саф ауасы, фауна мен флораға бай ну орманы мен шүйгінді жайлауы, ең маңыздысы, экологиялық таза аймақта орналасуы және Жоңғар Алатауы табиғи қорығының осы жермен өтетіндігі сапалы әрі таза өнім жинауға мол мүмкіндік беріп отыр. Таулы аймақтың нәрлі гүлді өсімдіктерінің пайдасы балдың әр тамшысынан татып тұратыны рас. 

Табиғат тартуынан бөлек мұнда қызметкерлердің кәсібилігі мен табандылығы, жергілікті омарташылардың өз ісіне деген  сүйіспеншілігі ерекше орын алып отырғаны жасырын емес. Адал еңбек пен жұмысшылардың өз ісіне деген шексіз құштарлығының нәтижесінде Лепсінің бал өнімдеріне әлем халқы сұраныс танытуда. Табиғи ара шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерінің молаюына биыл сатып алынған балауыз өндіретін жаңа құрылғы да өз әсерін бермек. Осы арқылы жергілікті ара өсірушілерді улы қоспаларсыз экологиялық таза балауызбен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Айта кетерлігі, биыл Біріккен Араб Әмірлігіне Лепсінің бал өнімдерінің 10 тоннасы экспортталды. Ал биылға Сингапур елімен өнім жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп, Жапонияға жөнелтілетін заттардың құжаттары реттелуде.

Цехтың алдағы жоспары – өнім көлемі мен түрін арттыру, сапаға баса назар аударып, экспорт үлесін ұлғайту. Бұл бағытта ілкімді істер атқарылып, жобалар мен жоспарлар да бекітілген.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алматы облысы