Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚҰРАҚ ҚҰРАЙТЫН ЖАС АНА: "ҚАЗАҚТЫҢ ОЮ-ӨРНЕГІ ТҰНҒАН ФИЛОСОФИЯ"

Уақыты: 12.01.2021
Оқылды: 613

Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасаған. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсысы да құрақтан құралып жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан түстердің бір-бірімен жарасым тауып, бірден әдемілік әлеміне тартып кетері анық. Қиыстырып құралған құрақтан халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисыз. Бүгінгі таңда ұлт өнерін насихаттап, ұлттық құндылықты жоғары бағалап, көркем кәсіпті дамытып жүрген жандар қаншама?! Соның бірі – кербұлақтық Динара Сайлаубек.

– Құрақ – қызық әрі құнды өнер. Ол ұзақ ізденісті, сабырлықты, қол еңбегін қажет етеді. Қолөнерге оның ішінде құрақ құрауға деген қызығушылығымды жеңгем оятты. Ол кісі нағыз ісмер адам. Ұсақ қиынды маталардан үлкен көрпе жасап шыққанда таңғалатынмын. Уақыт өте келе мен де кішкентай бөстектер жасаумен айналыстым. Оқуымды бітіріп, тұрмысқа шығып, балалы болып үйде отырған соң бір іспен айналысу керектігін түсіндім. Алғашында менде тігін машинасы болған жоқ. Бірде жолдасыма осы істі жандандырсам деген ойымды айтып едім бірден қолдады. Бір күні жұмысынан сұранып Талдықорғанға кеткен. Кешке тігін машинасын алып келгенде қатты қуандым. Сол тұста қаражат болмағандықтан менің көңілім үшін ең қажет болған дүниені несиеге рәсімдеп алып берді. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Алғашында өзіме көрпе құрадым. Уақыт өте келе тапсырыс ала бастадым. Қазір мүмкіндік көп қой. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдаймын. Талдықорған, Алматы қалаларынан тапсырыс береді. Қонақ бөлмедегі үстел мен орындықтарға арналған арнайы жапқыш та тігуді қолға алдым. Осы кәсіптен нәсіпті болып жатқанымыз жолдасымның арқасы, – дейді қолөнер шебері.

Құрақ құраудағы, оюлы көрпе тігудегі басты мақсат – түстер гаммасының үйлесімділігіне баса назар аудару дейді мамандар. Ал біздің кейіпкер түстерді таңдау жағынан келгенде өте тәжірибелі. Жылы және суық түстерді үйлестіріп құраудың техникасын жетік меңгерген. Ол өнімдеріне көбіне аспан түстес көгілдір түсті пайдаланады. Ақшыл түсті негізгі фон ретінде пайдалану композицияны нәзік етіп көрсететінін басты назарға алады. Қолөнершінің айтуынша, құрақ құраудың, көрпе тігудің өзіне тән қиыншылығын тек қолөнершілер ғана түсінеді.

– Оюлы көрпелерге оюдың он шақты түрін қолданамын. Алдағы уақытта оюдың басқа түрін де пайдалануды жоспарлап жүрмін. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі, қол-өнері жайлы жан-жақты зерттеп жүрмін. Білмейтін дүниелеріміз көп екен. Біздің халықтың өнері тұнып тұрған философия екеніне көз жеткізудемін. Осы дүниелерді бүгінгі жастар білсе деймін. Қазақтың әр шаңырағында ұлттық құндылықтар жайнап тұрса бақыт емес пе?! Осы жолда еңбек етемін. Бұйырса, екі қызғалдағымның төсек-орнын өз қолыммен жасаймын, – дейді Динара Бейбітқызы.

Қолөнер шебері төр көрпенің тысын 7 мың теңгеге бағалаған. Ал ішіне мақта салынған дайын түрін 13 мың теңгеге тігеді. Егер тапсырыс беруші төрт көрпеден көп берсе, жеңілдік жасалады. Динара құрақ құрауға қажетті заттарды Алматы қаласынан алдырады. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шебердің ендігі мақсаты – шағын тігін тігетін цех ашу.

Абай Құнанбайұлы айтқан бес дұшпанның бірі ысырапшылдық болса, қолөнердің дәл осы саласы сол ысырапшылдыққа жол бермейді. Себебі, сұлулыққа жаны құмар нәзік жандар керемет дүниелерді қарапайым тәсілмен-ақ жасауға болатынын о баста-ақ жұртшылыққа дәлелдеп берген. Бұл біздің ұлттық өнерге деген құрметімізді аңғартады.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы